Home Ұстаз үні Шыныбекұлы Өмір. Бағдарлама өзгерді, бағыт өзгерді. Ал, ұстаз, енді сен де өзгер…

Шыныбекұлы Өмір. Бағдарлама өзгерді, бағыт өзгерді. Ал, ұстаз, енді сен де өзгер…

0

Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған 2013 жылғы тарихи жолдауы ―«Қазақстан-2050» бағдарламасында, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігімізді баянды етудің басты шарттарының бірі өскелең ұрпаққа берілетін білім беру сапасын көтеру екенін баса айтып, білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту мен білім беру әдістемелерін жаңғырту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ол үшін әлем елдерінің білім беру салаларындағы озық тәжірибелерді зерттеп, терең талдап, біздің жағдайымызға тура келетін ыңғайлысын өзімізге енгізу қажеттігін баса көрсетті. Дүниежүзілік білім беру кеңістігі сапасын ауызға алмағанның өзінде, пәлсапалық және мәдени дәстүрлері, мақсаты мен міндеттері, оқыту түрі мен деңгейі, жағынан бір бірінен ерекшеленетін ұлттық білім беру жүйелерінен тұрады. Озық білім беру жүйесі ауызға алынғанда, назарымыз алдымен Жапония, Ұлыбритания, Сингапур және т.б. елдерде болатыны сөзсіз.
Елбасының тікелей тапсырмасымен, еліміздің тиісті сала бойынша жетекші ғалымдары көптеген дамыған елдердің білім беру саласындағы озық тәжірибелерін зерттеді. Нәтижесінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары өздерінің стратегиялық әріптесі Кембридж (Ұлыбритания) университетінің Білім беру факультетінің әлемдік білім беру жүйесінің ең озық әдіс-тәсілдерін меңгерген ғалымдарымен бірлесе отырып, педагогтердің білімін жетілдірудің үш деңгейлі бағдарламасын жасап шығарды. ҚР Үкіметінің Қаулысымен, бірінші деңгей бойынша курсты тәмамдап, сертификат алған ұстаздардың жалақысына -100 %, (2-деңгей — 70%, 3-деңгей -30%) үстеме қосу көзделген. Ұстаздардың білімін жетілдірудің 2 (негізгі) және 3 (базалық) деңгейлерінің бағдарламасы 2012 ж. бастап «ӨРЛЕУ» БАҰО Акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылып келеді. Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деген ұстанымды негізге ала отырып, жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын және өз білімдері мен дағдыларын күнделікті өмірде де қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау!
Ал, басты мақсаты – мектептегі еңбек тәжірибесі әртүрлі мұғалімдерді қатыстыру арқылы мұғалімдерге мектеп жүйесін жан-жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылатын біліктілігін арттыру курстарының бірінші деңгей бағдарламасы арқылы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығына жүктелген. Осы орталықтың Әдістемелік кеңесі ұсынған «Мұғалімге арналған нұсқаулықта» «Бірінші деңгей бағдарламасы Үшінші және Екінші деңгей бағдарламаларының түйінді идеяларын біріктіретін ауқымды бағдарлама болып табылады. Бірінші деңгей бағдарламасын игерген мұғалімдердің негізгі функциясы – оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізу мақсатында өз мектептерін дамыту бағдарламасын әзірлеу болып табылады. Өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай жүзеге асыру үшін Бірінші деңгей бағдарламасын игерген мұғалімдерге бір немесе екі әріптесіне тәлімгер болу қажет болады. Кейіннен осы тәлім алушылар коучинг әдісін қолдана отырып, мектептегі басқа мұғалімдерді дамытуға ықпал ете алады. Бірінші деңгей бағдарламасын игерген мұғалімдер алға ілгерілеу бар ма екендігін қадағалап отыру үшін, өзгеріс енгізу бағдарламасын іске асыру барысында туындаған кедергілерді жою мақсатында қолдау көрсетуге және бағдарламаның ықпал ету дәрежесін бағалауға жауап береді…
Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және де екіншісі – ол да маңызы жағынан біріншіден еш кем емес: «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?». Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасының мазмұны осы екінші мәселені шешуге бағытталған» делінген.
Бұл «Қазақстан-2050» бағдарламасында Елбасы атап өткен «Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таң қалдырады. Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады» деген сөздермен үндесіп жатыр. Білім беру мен оқытудағы жаңа тәсілдер, сыни ойлауға оқыту, оқыту үшін бағалау және оқытуды бағалау, білім беруде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшеліктері қарай білім беру және оқыту, оқытудағы жетекшілік пен көшбасшылық секілді 7 модуль бағдарламаның өзегі болып табылады. Бағдарламаны іске асыру барысында, тыңдаушылардың өзiндiк iс-тәжiрибелерiн өзектi ету, олардың iс-әрекетi мен мiнез-құлығы кәсiби нормаларының келелi мәселелерiн шешу, өзара ынтымақтастық пен қарым-қатынас жағдайында қарқынды тұлғааралық байланысты ұйымдастыру, Назарбаев Зияткерлiк мектептерiнiң тұжырымды идеяларын барлық жалпы білім беру мекемелеріне ендiру секiлдi жұмыстар атқарылады. Бағдарламаның мұғалімдердің өз ара ынтымақтастығына негізделген «Коучинг – ((ағылш. coaching) сөзбе-сөз аудармасы – тәлім ету, дайындау, жаттықтыру) және тәлімгерлік», «Іс-әрекеттегі зерттеу» (Lesson study) секілді әдістері, білім сапасын көтерумен қатар, ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға ұлкен септігін тигізеді. Бірінші деңгей бағдарламасымен білім алған мұғалімнің ең басты функционалдық міндеттері, мектепте оқытуды басқару мен желілік қоғамдастық құрып, сол арқылы әріптестер және шәкірттерімен ынтымақтаса отырып, жұмыс жүргізу. Яғни, білім беру саласының жаңа заманға сай дағдылар мен технологиямен жарақтанған көшбасшыларды қалыптастыруға бағытталған. Екінші жағынан қарасақ, бүгінге дейін айтыла-айтыла жауыр болған қоғамдағы проблемалар ― мұғалімнің әлеуметтік статусы мен ғаламторды тиімді пайдалана білу мәселелерін шешудің бірден бір жолы, осы.
Бұл өз кезегінде, оқу сапасын арттыру және қолдау көрсету арқылы оқу үлгерімін арттыру; мектептің өзін өзі бағалау үдерісіне көмек көрсету; оқушылардың білімдегі жеке қажеттіліктерін түсіну және шешу арқылы оқуды алға жылжыту; жастардан олардың білім алу мәселелері бойынша кеңес алу және оларды ғылыми зерттеулерге тарту; рөлі мен мәртебесіне қарамастан мектептің барлық қызметкерлері тартылған мектеп реформаларына атсалысу; мектеп проблемаларын шешу үшін өзінің әлеуетін дамыту секілді аспектілерді қамти отырып, мектепті зерттеуші мектепке айналдырады. Біздің қоғамда қалыптасқан үлкен адасушылықтардың бірі: «жақсы ақын», немесе «жақсы журналист» т.с.с. ұғымдар, «жақсы азамат» деген ұғыммен синоним еместігін ұғынбауында жатыр. Мәселен, Бағдарламаға жымдастыра кіріктірілген Стэнфорд университетінің құрметті профессоры, білім саласындағы бірнеше сыйлықтың лауреаты, педагогика, психология, медицина және математика саласындағы оқыту мен оқуды бағалауды зерделеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ғалым Л. Шульманның ілімі бойынша, мұғалімге «ұстаз» атану үшін 3 көмекші керек. «Бас», «қол» және «жүрек». «Бас» білімділікке жауап берсе, «қол» шеберлікті меңзейді, ал «жүрек» маманның бойындағы адамгершілік, мейірімділік секілді құндылықтармен сипатталады. Егер, маманның бойында осы үшеуінің бірі кемшін түсіп жатса, оның шын мағынасындағы «маман» деп аталуы үлкен күмән тудырса керек?! Яғни, ендігі жерде мұғалімнің білімі, білігі мен тәжірибесіне ғана емес, оның жан дүниесінің тазалығы мен рухани байлығының сай болуына назар аударылатын болады.
Жасыратыны жоқ, қалыптасқан, дәстүрлі білім беру жүйесі бойынша алынған білімді күнделікті өмірде пайдалану қиын болатын. Мағынасы терең меңгерілмей, тек механикалық есте сақтау арқылы алынған мәліметтер тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтиханнан кейін тез ұмытылатын. Ендігі жерде, ұстаздың жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынып, сондай-ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсіне, ортамен ынтымақтаса отырып, игерілген білімді ― бала алдағы өмірінің кез келген сәтінде пайдалана алады деп күтілуде. Бағдарламада, оқуды бағалау мен оқытуды бағалаудың бірнеше өлшемдері қарастырылған. Өз кезегінде бұл, мұғалімнің де, оқушының да өзін өзі реттеуіне үлкен түрткі болары сөзсіз.
Сөз соңында баса көрсететін нәрсе, жаңа білім беру Бағдарламасының басты ерекшелігі — баланы өзгелердің пікірін тыңдай білуге дағдыландырып, адамдарға деген құрмет сезімін сіңіреді. Тұлғаның топта жұмыс жасай алуына және топ тарапынан мойындалуына жағдай жасайды. Яғни, креативті ойларды ұжым мүшелерінің талауына салып, шектеп отыратын, ұжымнан өзгеше ойлайтындарды топ талқысына салып, «тәрбиелеуді» уағыздайтын орыс педагогы А.С.Макаренконың «Ұжымдық тәрбие» ілімінен өзгешелігі де осында. Ал, Макаренконың аталған ілімі түрмелер мен колониялардағы балаларды зерттеу барысында жасалғанын көзі қарақты оқырман білсе керек…(Өз басым, отарсыздану үдерісі қарқындап келе жатқан елімізде, ендігі жерде А.С.Макаренконың есімі мектеп қана емес, өзге де нысандардан алынып тасталуы керек деп есептеймін). Сонымен, еліміз тәуелсіздік алғалы бері күткен білім саласындағы ең ауқымды да, мәнді өзгерістер басталды.
Бағдарлама өзгерді, бағыт өзгерді. Ал, ұстаз енді сенде өзгер…

Шыныбекұлы Өмір.

Шымкент қаласы №41 мектептің тарих пәнінің жоғары санатты мұғалімі

kazbilim.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version