Ректорлар студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңестің отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды QAZBILIM ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әскери мамандар даярлау үшін басқа да жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңінен пайдалану керектігін атап өтті.
«Ректорлар студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болуға тиіс. Әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға сүйенуі керек. Яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық беру қажет.
Әскери оқу орындары қорғаныс саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы керек. Қазіргі қақтығыстардың сипаты мүлде бөлек. Әлемде гибридті соғыс жүріп жатыр. Сондықтан Қарулы Күштердің зияткерлік қабілетін арттыру – өте маңызды міндет. Білім мен тәрбие әрдайым бірін-бірі толықтырып отыруы қажет», — деді Президент.