Қазір жаһандану, әлемдік бәсекелестік нарығы. Бізге ең бастысы сапалы білім керек. Сапалы білім алу үшін — үлкен ізденіс керек. Қазақта жақсы сөз бар ғой «ұшам деген қанатқа дүние кең» деген сияқты, үйренемін деген адамға мүмкіндік жеткілікті.
«Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды», — деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты конференциясында.
Ізденген оқушы да, студент те, жұмыс істеп жүрген қызметкерлер де өз біліктілігін арттыра алады. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалған. Сондай мүмкіндікті қалт жібермей, өз бағын сынап көрген алматылық жігіт Ізтөре Қарғабаев қазіргі таңда АҚШ-тың Бостон қаласындағы әлемнің үздік университеттері қатарындағы Boston University-де Software (Бағдарламалық қамтамасыз ету) мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатыр. Осы орайда, Америкадағы қазақ баласынан қалай оқуға түскені жайында сұрап білдік.
«Бала кезде шетелде тек байдың балалары ғана оқи алады деген сенімде болатынмын. Қарапайым отбасынан шыққан мен үшін мұхит асып, әсіресе Америкада білім аламын деген ертегідей болып көрінетін. Есейе келе, білімінің арқасында көптеген жетістіктерге жетіп жатқан жастарды көп кездестірдім. Бәрі де өзім сияқты қарапайым балалар болды. Содан, «менің де қолымнан келеді» деген ой келді», — дейді студент Ізтөре Қарғабаев.
Оның айтуынша, бастапқыда ол шетелде білім алып келген және Америкада оқып жатқан студенттермен араласып неден бастағандары туралы сұрастырған. Ол студенттердің айтуынша, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан студенттері үшін керемет жағдай жасалған. Біздің елде басқа елдерде тіпті аналогы жоқ бағдарламалар бар деп мотивация берген. Дегенмен аталған мүмкіндіктерді пайдаланып, шетелде білім алу үшін сол елдің тілін білу керек.
«Мен арманыма жету үшін ағылшын тілін меңгеремін деп алдыма мақсат қойдым. Мектеп кезінен ағылшын оқысам да ол жеткіліксіз екенін түсіндім. Ағылшын тілін оқытатын түрлі курстарға бардым. Бұған дейін ағылшын тілін қанша бастап соңына дейін жеткізбегенмін. Себебін, сол кезде ғана түсіндім. Менде нақты мақсат, өзіме деген сенім болмапты. Содан ағылшын тілін 1 жылдың ішінде күнделікті оқып, жеке репетиторлармен дайындалып жақсы нәтижеге жеттім», -дейді студент.
Шетелдің университеттердің басты талаптарының бірі ағылшын тілін академиялық деңгейде білу. Оны халықаралық емтихан тапсыру арқылы дәлелдеу. Ондай тесттердің бірі IELTS. IELTS (ағылш. International English Language Testing System ағылшын тілінің халықаралық тестілеу жүйесі).
IELTS тестінің сертификаты Ұлыбритания, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия мемлекеттеріне көшу үшін құжаттарын тапсырғалы жүрген адамдарға, және канадалық, австралиялық, британиялық және ирландиялық университеттерінде жоғарғы білім алғысы келген студенттерге қажет болады. Сонымен қатар, АҚШ-тың 3000-нан астам білім институттары да қабылдайды. Қазақстан университеттеріне магистр дәрежесін алуға емтиханда IELTS нәтижелері қабылданады.
«Мен ағылшын тілін оқыған соң, бірден IELTS тапсыруға дайындалдым. Бұл емтихан сенің ағылшын тілінде түсініп оқуыңды, тыңдауыңды және жазу, сөйлеу қабілетің арқылы анықтайды. Максималды 9.0 балл. Мен 7.0 жинадым. Бұл жақсы көрсеткіш. Көптеген шетелдік университеттер осы баллмен қабылдайды», — дейді магистрант.
Сонымен қатар, тілдік естиханнан бөлек. Болашақта оқығың келетін университеттің ішкі талаптарымен танысып алған дұрыс. Мемлекет оқуыңды толық төлеп, ай сайын стипендия беріп, барлық қаржылай қажеттіліктеріңді өтейді. Тек қолыңда шетелдік университеттен шақыртуың болу керек.
«Болашақтың басты талабы- қолыңда шақырту болу керек. Ол шақыртуды алу үшін мен мотивациялық хат, екі рекомендациялық хат. Мен рекомендациялық хатты өзім оқыған университеттен және жұмыс орнымнан алдым. Диплом, төлқұжат сияқты құжаттарды жинадым. Барлығын дайындап болған соң, сол таңдаған оқу орнының ресми сайтына кіріп құжатарыңызды қабылдау комиссиясына тапсырасыз. Содан кейін барлығы дұрыс болып, талаптарға сай келсеңіз сізге 2 апта мен 1 ай ішінде хат келу керек», — деп түсіндіріп берді Boston University студенті.
Оның айтуынша, басында барлығы қиын болып көрінгенмен, процесс тез жүреді. Ең бастысы бастаған істі соңына дейін жеткізу. Бұл мемлекет жасап жатқан мүмкіндіктердің біреуі ғана.
«Мен мемлекеттің маған жасап отырған қолдауын бағалаймын. Басқа елдің студенттері өз қалтасынан төлеп жатса, бізде мемлекет төлеп береді. Осы туралы айтсақ, таңқалғандарын байқаймын. Қазақстанға қызығады. Енді оқуымды аяқтаған соң, бірден Қазақстанға келіп өз міндетімді атқарып елімізде қызмет еткім келеді», — деп жоспарымен бөлісті Болашақ стипендиаты.
Жастар үшін жасалып жатқан жағдайдалардың барлығы еліміздің жарқын болашағы үшін. Ізденген адам керегін табады. Ең бастысы алған білімді, жинаған тәжирибені елімізге келіп бөлісу, дамуына үлес қосу.
Айдарбаева МАРЬЯ