9 жыл бұрын «QazBilim» жобасын бастауға, қолға алуға не себеп болды?
Көрген кемшіліктерім көңіліме кірбең ұялата бастады
Менің білім саласына келуім 2011 жылы басталды. Сол жылы қаңтар айында мектепте мұғалім болып жұмысқа кірістім. Мұғалім ретінде осы саладағы кемшіліктерді көріп, байқай бастадым. Мен мектепті басқа мемлекетте бітіріп, Қазақстанға оралған қандас ретінде елдегі мектептердің жағдайымен және оқулықтарымын таныса бастадым. Көрген кемшіліктерім көңіліме кірбең ұялата бастады.
2012 жыл болса керек, мен «Оқулық олқы болса… оқушы қайдан оңады?» деген мақала жаздым. Сол уақыттан бүгінгі дейін білім саласының әртүрлі мәселелеріне арналған 100-ден аса сараптамалық мақала жаздым. Әртүрлі мәселелерді қолға алып, әлеуметтік желіде жазып жүрдім. 2014 жылы жүйелі түрде тек білім саласының мәселелеріне арналған, мұғалімдерге әдістемелік көмек және ата-аналарға кеңес болатын сайт ашсақ деп ойладым. Ол жылдары сайт ашу өзекті болды, осылайша ақпаратты сайт пайда болды. «KazMedia», «KazSport» бар, неге «KazBilim» жоқ деп осы атауды таңдадық. Алғашында «K» әрпібімен еді, кейін «QazBilim» болды. Ақпараттық сайтты 2 жылдан астам уақыт жүргіздік, әртүрлі мәселелерді қолға алып, бұрынғыдан да жиірек жазып қоғамға жеткіздік. Сайтты жаңа деңгейге шығарып, қомақты дүниелер жазып жүрдік десем болады. Кейін, ақпараттық сайт ақпаратттық агенттік ретінде Ақпарат министрлігіне тіркелді (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі).
Ал 2015 жылы, ашығын айту керек, көтеріп жүрген мәселелеріме байланысты сол кездегі білім департаментінің басшыларының қудалауымен, ұйымдастыруымен қараша айында жұмыстан кеттім. Нәпақа табу керек. Үйлерді аралап жүріп сабақ бердім. Мен ол кезде мұғалім ретінде біраз деңгейге көтеріліп, оқушыларды республикалық, халықаралық олимпиадаларға шығарып жүрген кезім еді. Сондықтан, жас мұғалім ретінде сұраныста болдым. Бірақ, үйлерді аралап сабақ беру қиынға соқты. 2016 жылы ақпан айында «QazBilim» білім беру орталығын аштық. Қалалық білім басқармасының қысымынан республикалық деген деңгейге шығуға мәжбүр болдық. Осылай, Республикалық «QazBilim» білім беру орталығын аштық.
«QazBilim» жобалары дегеніміз не?
Бүгінгі күні «QazBilim» жобалары үлкен бес бағытта жұмыс істейді
Біріншісі, ең алғаш дүниеге келгені «QazBilim» ақпараттық агенттігі – білім саласында ұрпақ тәрбиесіне байланысты жаңалықтар, сараптамалық мақалалар жарияланады. Одан бөлек, білім саласында өзекті мәселелерді қозғайтын түрлі подкасттар, басқа да жобалары бар. Ақпараттық агенттік бүгінде тек «QazBilim» сайты ғана емес, YouTube каналын және әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізіп, ауқымды жұмыс атқарып жатыр.
Екіншісі, «QazBilim» орталығы – Қазақстанның 10 қаласында ашылған. Ол ҰБТ, НЗМ, БИЛ, пәндік олимпиадалар және басқа да қосымша білім беру бағында қызмет көрсетеді.
Үшіншісі – «QazBilim» ұлттық лицейі. Ол өткен жылы өмірге келді. Ақтау, Атырау және Қостанай қаласында ашылды. 5-11 сынып арасындағы 600-ге жуық оқушы білім алып жатыр.
Төртіншісі, біздің негізгі бағытымыздың бірі — «QazBilim» баспасы. Мен білім саласына алғаш келгенде, пәндік олимпиадамен айналысып жүрген кезде қазақтілді оқу-әдістемелік құралдарының өте тапшы екеніне көзім жетті. Содан осы бағытты толықтырсам, қазақтілді оқу-әдістемелік құралдары көп болса деген арман болып, осы жобаны қолға алдық. Қазір 160-тан астам оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді.
Соңғысы, «QazBilim» Ұлттық білім беру қоры. Бұл қор білім саласын қолдау, әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасыларға білім алуға мүмкіндік беру мақсатында ашқанбыз. Жылына 2 мың балаға гранттар, жеңілдіктер беріледі.
«QazBilim» деген сіз үшін не? Негізгі мақсаты, миссиясы қандай?
Қазақтың білім саласына төңкеріс әкелетіндей дүние жасағым келеді
«QazBilim» мен үшін – ұлтқа және білім саласына қызмет ету. Негізгі миссиясы – қазақтілді білім кеңістігін кеңейті, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу. Бүгінде «QazBilim» – бренд. Өзінің ұстанымы, бағыты бар және республикалық деңгейде қалыптасқан жүйелі жоба. Әрине, қаржылық қиыншылықтарға байланысты әлі де кем-кетік жерлер бар. Дегенмен, мақсатымыз айқын. Басты мақсат – білім саласында ұлттық бағытта білім беретін, тіреу беретін ауқымды жоба жасау. Қазақтың білім саласына төңкеріс әкелетіндей дүние жасағым келеді. Арман көп. Уақыт көрсетеді.
9 жылда қандай нәтиже көрсете алдыңыздар?
«QazBilim» 9 жылдағы нәтижесі – мемлекет қаражатынсыз осындай деңгейге жетуі
Түлектеріміздің әр жылғы көрсеткіші 96-97% мемлекеттік грант иегері атанады. «QazBilim» ұстаздарының біліктілігінін арқасында біздегі әрбір оқушының білімге деген шынайы талпынысы қалыптасады. Біз тоғыз жылда 10 мыңнан астам балаға білім бердік, сол балалардың жұлдызын жақтық деп айта аламын. Сондықтан, бұл көрсеткіштер біз үшін – мақтаныш. Біз тек ақылы негізде емес, қаншама тегін дүниелер жасап келе жатырмыз.
«QazBilim» YouTube каналының өзінде 600-ден астам сабақ бар.
Сіз үшін еліміздің білім саласындағы 3 кемшілік? Нені өзгерткіңіз келеді?
Білім саласында қолдан сапа жасау басым
Ең біріншісі, ұлттық білім беру кеңістігі жоқ. Екіншіден, бізде өзгеге еліктеу басым, жүйесіздік көп. Үшіншіден, сапаны емес санды көбірек қуамыз. Білім саласында қолдан сапа жасау басым. Қазақстанда жылына 10 мыңнан астам оқушы «Алтын белгі» иегері атанады. Бұл он мыңнан аса дарынды бала бітіреді деген сөз. Олар бүгін қайда? Жалпы мектептердің сапасы 75% айналасында. Бұл көрсеткіш білім сапасы жоғары дегенді көрсету керек. Бірақ, әлеуметтік зерттеулерді әртүрлі халықаралық стандарттармен қарасақ, бізде білім сапасы төмен. Бізде еліктеу көп болып, Қазақстандық құндылық қалыптаспай жатыр.
Білім нарығында жасағыңыз келетін жаңашылдығыңыз, арманыңыз қандай?
Ұлттық мектептердің брендін жасау
Білім нарығында жасағым келетін дүние өте көп. Біріншіден, ресми түрде ұлттық мектептердің желісін және концепциясын құру. Ұлттық мектептердің брендін жасау. Бұл әрине, ұзақ уақыттық үлкен арман. Осы мақсат жолында еңбек етеміз. Арман көп.
«QazBilim»-нің басқа орталықтардан айырмашылығы неде?
«QazBilim»-ді басқа орталықтармен салыстырғым келмейді
«QazBilim» білім беру орталығы ғана емес, үлкен жоба. «QazBilim» — ұлттық тәрбие, академиялық деңгейдегі әдістемелік, ғылыми-пракатикалық орталық. Ол елдің түпкір-түпкірінде қазақ баласына білім беріп жатқан, мұғалімдермен тәжірибесін бөлісіп жатқан бірден-бір мекеме. «QazBilim»-ді басқа орталықтармен салыстырғым келмейді. Біз тек қосымша білім берумен немесе ақша табумен айналыспаймыз.
Білімге құштар баланы қалай тәрбиелейміз? Кім жауапты?
«Мектеп-Отбасы-Қоғам» үш жақ та жауапты
Білімге құштар баланы – білімге құштар орта тәрбиелейді. Қоғам білімге қаншалықты акцент қойса, сондай қоғам қалыптасады. Өкінішке қарай, біз білімге баса назар аудара алмай жатырмыз. Біз баламыздың мектепке баратынын 1 және 11 сыныпта еске алатын қауымбыз. Сондықтан, балалардың білімге құштарлығы төмен. Мен «оқушының үш жұрты» дегенді көп айтамын. «Мектеп-Отбасы-Қоғам» үш жақ та жауапты. Үш жақ тізе қосса ғана нәтиже болады.
Қазіргі өскелең ұрпаққа, жастарға ұстаз ретінде айтатын басты өсиетіңіз?
Сапалы білім алу үшін — үлкен ізденіс керек
Біз салғырт, алаңсыз жүретін уақыттан өттік. Қазір жаһандану, әлемдік бәсекелестік нарығы. Бізге ең бастысы сапалы білім керек. Сапалы білім алу үшін — үлкен ізденіс керек. Қазақта жақсы сөз бар ғой «ұшам деген қанатқа дүние кең» деген сияқты, үйренемін деген адамға мүмкіндік жеткілікті. Үйде отырып-ақ әлемдік деңгейдегі білім алуға болады. Бүгінде бір ғана мамандықты игеріп жұмыс істеу деген жоқ. Адамдарға ізденіс, жан-жақтылық керек.
Айдарбаева МАРЬЯ
Дұрыс айтасың Аятжан,сапаны қолдан жа ап отыр көрсеткіштер.саған сәттілік тілеймін! Елге жетіп, жанкешті еңбек етіп, ұлтқа жанашыр жүрегіңді көрсеттің! Сырттан келсең де сырттан екенсің!талай сырттан тау асып кетіп еді қызыл иттердің талауынан шаршап, ұлтыңды ұмытпапсың.қазақ түзде жүрсе де сүйегін сатпайтын текті халықпыз ғой.бүгін іштен іри бастадық, енді жау дегеніміз өзіміздің арамыздан шыққан арамза жемқорлар! Соларды құртып,төңкеріс жасау керек! Біріксек қана күш боламыз!Сенен басқа бір директор айтпады сайлаудың қылмысына қатыспайық деп! Тексіздерде ардың соты қайдан болсын!олай болса сенен басқа үндемей бұғып отырған директорларды түгел ұстаз құқвғынан айыру керек!
Өте жақсы сұхбат болыпты. «Білімсіз бірді жығады, білімді мыңды жығады», дегендей, білімді ұлт, білімді ұрпақ тәрбиелейтін кез келді.