Астанада «Public Library» атты қоғамдық кітапхана ашылды.
Public Library қорының сыйымдылығы 13 мың кітапқа дейін жетеді. Мінбердегі бірінші залда қазақ тіліндегі әдебиеттер, қазақ авторлары, әлемдік бестселлерлердің қазақ тіліне аудармалары, сондай-ақ Қазақстан туралы шет тілдеріндегі әдебиеттер орналасқан.
«Жалпы кітап адамның ішкі дүниесінің, ой-өрісінің білімін кеңейтіп, мұқтажын қанағаттандыратын рухани азығы болып қала бермек. Ал қоғамның әл-ауқаты, даму деңгейі білімге тікелей байланысты. Қазіргі саяси-экономикалық жарыста көш бастап, әлемдік аренада жетекші орын алу үшін қоғамға рухани дамуға, білім мен ғылымға жетелейтін қолайлы орта ұсыну керек», — деді Maqsyt Narikbayev University басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Жалпы ЖОО-дағы қоғамдық кітапхана – таңсық ұғым емес. Мәселен, New York University, Harvard, Stanford сияқты әлемнің жетекші университеттерінде қоғамның қолдануына ұсынылған кітапханалар бар.
Maqsyt Narikbayev University-де ашылған Public Library кітапханасына Астана қаласының кез келген тұрғыны мен қонақтары бара алады.