Биыл елордада жайлы мектептерді салуды бастайды. Бұл туралы қала әкімінінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев мәлім етті.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектептің құрылысы басталады. Келесі жылы да осынша мектеп салынбақ. Осылайша екі жылдың көлемінде 40-тан астам жайлы мектеп тұрғызылады. Бұл — елорда үшін ауқымды жоба», — деді Ерлан Бекмырзаев елордалық кәсіпкерлермен кездесу барысында.
Оның айтуынша, қалада жыл санап оқушылар саны артып келеді.
«Оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысым мәселесі бәрімізге таныс. Одан бөлек, елордада көші-қон деңгейі жоғары. Өткен жылы қала шамамен 100 мың адаммен толыға түсті. Бала туу көрсеткіші де артып жатыр. Астанада жылына 5-7 мың түлек мектеппен қоштасса, жаңа оқу жылында 25 мыңдай бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Айырмашылық айтарлықтай», — дейді ол.