2023 жылғы ҰБТ-дағы өзгерістер туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында айтып берді.
2023 жылғы ҰБТ форматында өзгеріс жоқ. 5 пән (3 міндетті, 2 бейінді пән) талапкердің таңдауына қарай таңдалады. Алайда Қазақстан тарихы мен Оқу сауаттылығына байланысты тест тапсырмаларының санында өзгерістер бар.
Қазақстан тарихы 2023 жылға дейін 15 сұрақ, 15 балл болса, биылдан бастап 20 сұрақ 20 балл болып отыр. Оқу сауаттылығы осыған дейін 20 сұрақ 20 балл болса, биылдан бастап керісінше 15 сұрақ 15 балға азайтылып отыр. Оның ең басты себептерінің бірі талапкерлер тарапынан Оқу сауаттылығынан 4 мәтіннің көлемді көп болуы, 4-мәтінде 500-ге жуық сөз қамтылатын. Осының барлығын ескере отырып, биыл Оқу сауаттылығын 3 мәтінге қысқартып, әр мәтінде сөздер санын 350-ден асырмай, 5 сұрақтан әзірлеп, белгілі бір стандартқа келтіріп отырмыз. Математикалық сауаттылық 15 сұрақ болып отыр. 2 бейінді пәннен – 35 сұрақтан. Жалпы сұрақтарының саны ҰБТ-да 120, максималды балл – 140. Жалпы уақыт – 4 сағат. Тағы бір айта кетерлік жайт – ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт қосылып отыр, — деді Руслан Емелбаев.
Ол сондай-ақ дұрыс жауап нұсқаларына қатысты өзгерістер туралы да айтып өтті.
Биыл сұрақтардың сапасын жақсарту мақсатында жауап нұсқаларын азайттық. Дұрыс жауаптары бар нұсқалар санын 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларын, әсіресе бейіндік пәндерде 8-ден 6-ға азайтып отырмыз.
Биылғы жыл ҰБТ-сының басты жаңалығы – жаңадан математика-информатика комбинациясының қосылуы. Ақпараттық технология, ақпараттық қауіпсіздік, информатика пәні мұғалімін даярлау бағыты бойынша талапкерлер 2023 жылдан бастап математика-информатика комбинациясын тапсырады. Бұған дейін олар математика-физика комбинациясын тапсырған болатын. Осыған байланысты оқу жылының басында информатикаға қатысты 84 терминді үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ҰТО сайтында жарияладық, — деді ҰТО директоры.