-18 C
Нур-Султан
09.02.2023

Абай мектебі желісін дамытуға не кедергі?

Алматыда Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интер­наты бар. Орналасқан жері де керемет. Қаланың жоғары бөлігі Ұлттық қа­уіп­сіздік әскери институтына қарама-қарсы, Ішкі істер қызметкерлеріне ар­налған «Қазақстан» санаториясына жақын. Бұрынғы орны тіптен керемет еді.

Елге белгілі бір олигарх білім орнына тиесілі 10 гектар жерді осыдан 16 жыл бұрын 2006 жылы Алматы қаласы әкім­дігі шығарған қаулының күші­мен тартып алды. Ол жерге «Достық Ре­зи­денс» (Достық даңғылы) деп аталатын қымбат тұрғын үй кешенін салу үшін оқу ғимаратын, ұлдар мен қыздар жатақханаларын, клуб, екі үлкен стадион, саябақ, кір жуу кешені, екі асхананы жермен жексен етті. Мектеп ұжымын көр­шілес орналасқан Республикалық мұға­лімдердің білімін жетілдіру инсти­ту­тының шағын екі корпусына көшірді. Міне, содан бері оқушылар санитарлық әрі өзге де талаптарға сай келмейтін тар ғимараттарда білім алып жатыр. Бірақ мектеп ұжымы осыған да тәуба деп күн кешіп, ұрпақ тәрбиелеп келеді.

Бұл оқу орнынан бүгін елге танымал талай азаматтар шыққан. Композитор Кеңес Дүйсекеев мектептің алғашқы түлектерінің бірі еді. ҰҚК басқарған Әділ Шаяхметов, қоғам қайраткері Талғат Мамашев, әскери қол­басшы Мәлік Сапаров, бүгінгі қайраткерлер Мәулен Әшімбаев, Дархан Қыдырәлі, Айдос Үкібай  т.б.

Ел таныған журналистер – Бекен Нұрахметов, Сәкен Битай (марқұм), Нұрлан Окаұлы, Серік Қалиев, Ақтолқын Құлсариева, Айнаш Есали, Зәуре Захан­қызы, Саламат Омаш, Ғалмұрат Жүкел, Дәулеткерей Кәпұлы, Айбын Шағалақов, Мұрат Есжан, Нұрділда Ораз, Рауан Оқас, Гүлмира Әбіқай, Гүлмира Нәлібай, Манас Қайыртайұлы, Данияр Меңілбеков, Мейрамгүл Мәдәлі, Танагөз Толқын­қызы, Марлан Жиенбай, Ардагер Уайдин.

Кәсіпкерлер Дулат Тастекей, Нұржан Өкімбаев, Аманжол Рысмендиев, БАӘ-дегі елші Мадияр Меңілбеков, желтоқсаншы Құр­манғазы Рахметов – осы мек­теп­тің түлек­тері. Әншілер Тамара Асар, Тоқтар Серіков, Ақбота Керім­бекова, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, Мақсат Рахмет және т.б. Ал ұзақ жылдар бойы осы мек­тепте оқушыларды білім нәрімен сусын­датқан Орынша апайды ғылыми-педа­го­гика мамандары түгелге дерлік біледі.

Мектеп алдымен 1957 жылы республика көлеміндегі ауыл балаларына арналған мектеп-интернат ретінде ашылды. 1960 жылы Ы.Алтынсарин атындағы ПҒЗ инс­титутының (қазіргі Ы.Алтынсарин атын­дағы Білім академиясы) базалық экс­перименттік мектебі болды. 1987 жылы қалалық білім беру басқармасының қарамағына кірді. 1988 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 18 шілде күнгі №164 Жарлығымен Респуб­ли­калық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқы­та­тын мектеп-интернат мәртебесіне ие болды. 1999 жылы Үкіметтің №1754 қаулысымен мемлекеттік білім меке­ме­сі болып қайта құрылған. 2003 жылы Үкі­меттің №774 қау­лысымен Респуб­ли­калық ма­ман­дандырылған дарынды ба­лаларға арналған қазақ тілі мен әде­бие­тін тереңдете оқытатын орта мектеп-ин­тернаты болып аталды. 2006 жылы мек­тепке Абайдың аты берілді.

2019 жылғы 12 қыркүйекте Премьер-ми­­нистрдің орынбасары Бердібек Са­пар­­баевтың тө­ра­­ғалық етуімен сол кездегі Елбасы қо­­рының «Ел үміті» және «Қам­қор­­лық» бастамаларын жүзеге асыру жө­ніндегі селекторлық ке­ңесте вице-премьер кезінде «Нақты ғылымдарға бейімі бар балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Енді қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытып, Абай атындағы Респуб­ли­калық мектебі желісін неге аш­пас­қа?» деп пәрмен беріп, со­ңы­нан өңірлерде осындай мектептер ашыла бастады.

Бүгінгі таңда республика бо­йынша 12 мектеп (10 облыс­та, 2 қалада) жұ­мыс істеп тұр: Астана қаласында Абай Құнан­бай­­ұлы атындағы №87 мектеп-гим­назиясы, Шымкент қаласында №90 ДБАМ мектеп-гимназиясы, Абай облысында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты, Алматы облы­сында Абай атындағы Алматы об­лыстық мамандандырылған гимназия-интернаты, Ақмола облысы Көк­шетау қаласында Абай атындағы (қазақ тілінде оқы­­ты­латын) дарынды бала­ларға ар­налған №3 облыстық маман­дандырылған мектеп-интернаты, Атырау облысында Абай атындағы маман­дан­ды­рылған мектеп-гимназия-интернаты, Батыс Қазақстан облысында да­рынды балаларға арналған Абай атын­дағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты, Жамбыл облысында Абай атындағы маман­дандырылған да­рынды балаларға арнал­ған қазақ тілі мен әдебиетін терең­дете оқытатын мек­теп-интер­наты, Ұлытау облысы Жез­қазған қаласында Абай атындағы ма­ман­­дандырылған мектеп-интернаты, Қы­зылорда қаласына Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған маман­дандырылған сыныптары бар мектеп, Солтүстік Қазақстан облысында Абай атындағы маман­дан­дырылған қазақ мектеп-гимназиясы және Павлодар облысында Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиясы.

Иә, бәрі жап-жақсы басталған еді. Абай мектебі желісі де жара­ты­лыстану-мате­матикалық ба­­ғыт­­­тағы Назарбаев зият­керлік мек­тептері сияқты немесе қазір Білім-инновация лицейлері деп ата­латын кешегі қазақ-түрік ли­цей­лері сияқты жеке ұйым болып, қазақ руханиятына қаныққан жандарды тәрбиелейтін бір іргелі білім ошағына айналады деген үміт пайда болған еді. Қуанып едік, көмектесуге даяр едік, көмектесе бастап едік.

Абай мектептері желісінің оқу­шы­лары қазақ тілін жетік білу­мен қатар, әдеби сөйлеп, сауат­ты жазып, шешендік қырын, ақын­дық, журналистік қырларын да шыңдауға тиіс. Осыған орай «Қазақ тілі» пәні 5-11-сыныптарда аптасына – 4 сағат, «Қазақ әдебиеті» пәні 5-9-сыныптарда аптасына – 5 сағат, 10-11-сыныптарда аптасына – 6 сағат, «Абайтану» пәні 5-7- сыныптар аралығында аптасына – 1 сағат, 8-11-сыныптар аралығында аптасына 2 сағаттан оқытылады. Оқушы­лар­дың гуманитарлық, лингвис­ти­калық білімдерін толықтырып, терең­дете түсу мақ­­сатында та­ным­дық-теория­лық бағыт­тағы («Сөз мәдениеті», «Мәтін талдау», «Медиасауаттылық», «Жур­на­лис­тика негіздері», «Әде­биет­тануға кіріспе», «Ұлы дала даналығы», «Когнитивті линг­вистика», «Ака­де­миялық жазылым», «Әлем әде­биеті») тарих және дипломатия ба­ғы­тын­дағы («Мәде­ни мұра» курсы, «Әлемдік мәдениет», «Дип­ломатия негіздері»), шығар­ма­шы­­лық бағыттағы («Шешендік сөз өнері», «Айтыс өнері», «Поэзия әлемі», «Дом­быра», «Дебат», «Вокал», «Сәндік қол­­данбалы өнер») бейіндік пәндер ва­риа­тив­тік компоненттегі таңдау бойынша жүргізіледі. Алайда дәл қазір осы істің бастамашысы Б.Сапарбаев зейнетке кетісімен бұл мектеп қараусыз, қамқор­шы­сыз қалды. Оқу-ағарту министр­лігін­де­гі­лер­ге мұндай мектептер желісінің керегі де жоқ сияқты, бейқам.

Біріншіден, міне екі жыл болды, бұл мектеп қазақ тілі, әдебиет және абай­тану пәндерін оқулықсыз оқытып келеді. Аталған негізгі пәндердің болсын, таңдау пән­дердің болсын бірде-біреуінің оқулықтары жоқ, екі жыл бойы тек бағдарламамен ғана оқып жатыр. Назарбаев зияткерлік мектептері екі жыл тұрмақ екі күн оқулықсыз оқып жатыр дегенді елестете алмайсыз, мүмкін емес. Оқулықтары сай, бағдарламалары бүтін, ғима­рат­тары заманауи. Мықтының арты диірмен тартады. Бұл мектептер желісінің мамандары өздерінің мәселесін бітіріп қойып, қазір жалпы мектептерге ақыл айтып жүр. Бүгінгі қолданыстағы жаңартылған бағдарламаның қамқоршысы, жетекшісі – осылар. Өздерінің басты бағыты жаратылыстану пәндерін қойып, орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеттің бағдарламасын осылар түзген. Республика бойынша қазақ тілі мен әдебиетінің басында тұрған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан, Ш.Шаяхметов атындағы Респуб­ликалық Тіл орталығынан, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институ­тынан ақыл да сұрамайды. Тіпті Ы.Алтынсарин атындағы білім ака­де­миясының үстінен қарайды. Кеше ғана құ­­­рылған, білімі бойынша артық­шылықтары әлі көрінбеген, дәлел­ден­беген, айналдырған 20 шақты ғана мектебі бар бұл ұйымға сонша би­лікті неге беріп қойғанымызды кім тү­сін­діріп берер екен?

Назарбаев зияткерлік мектеп­терінің негізгі миссиясы – орта білім беру сала­сын­дағы ұлттық, халықаралық озық тә­жірибелер мен практикалық бағыт­тағы елеу­­лі ғылыми жетістіктерді кі­рік­­­­тіру арқылы Қазақстанның зият­­кер­лік әлеуетін нығайтуға үлес қосу екен. Үлес қоса берсін, қо­сып көрсін өзінің мек­теп­те­рі же­лі­сі шеңберінде. Бірақ о­ларға Қазақстанның барлық орта мек­теп­те­ріне жаппай эксперимент жасау­ға неге рұқсат берген?

Кеңес кезінің өзінде оқулықтар Мәс­кеу­ден жазылып, осында келіп аудары­латын, тек қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқу­лықтарын өзіміздің мамандар жазатын еді. Бүгін барлығына Назарбаев зият­кер­лік мектебі қожа болып отыр. Солар біледі, солар шешеді.

2006 жылы Абай аты бері­ліп, қазақ тілі мен әдебиетін терең­де­тіп оқытады дегені болмаса, осы уақытқа дейін мек­теп­тегі бағдарлама да, оқулықтар да жалпы мектептен айырмасы болмады. 2016 жылы орта мектепке жаппай жаңар­тылған бағдарлама мен оқулықтар кіргенде бұл мектеп жалпы орта мектепке арналған жаңар­тылған бағдарламаны сол қалпы қолдана бастады. Тіпті, тіл әдебиетін тереңдетіп оқыды дегеннен бергі 12 жыл мектеп-интернат жалпы орта мек­тептің қоғамдық гуманитарлық бағыт­тағы бағдарламасымен оқып келді. Сол кезде мектепке директор болып келген Роза Сексе­но­ваның басшылығымен бұл олқылық жөнделіп, 2018 жылы Ы.Алтынсарин Ұлттық білім академиясымен бірігіп, 8-11-сы­нып­тарға арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен жа­ңар­­тылған мазмұндағы және терең­де­тілген үлгілік оқу бағдарламасы әзір­леніп, бекітіліп, 2018 жылы оқу үрдісіне енгізілді. Ал 2019 жылы Б.Сапар­баевтың пәрменімен Абай мектебі желісі ашылған соң қазақ тілі мен әдебиетінен және абайтанудан тереңдетілген автономды бағдарлама жасау ісіне кірістік. Оған мектеп директоры Роза Ербозымқызы көп еңбек сіңірді, өзі мұрындық болды. Ғалымдарды, әдіскерлерді жинады, бағдарламаны жасатты, қорғатты. Істің бас-аяғында өзі жүріп, нәтижеге жеткізді. ҚР БҒМ 2020 жылғы 27 қарашадағы №496 бұйрығымен негізгі және жалпы орта білім беру деңгейінің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын гуманитарлық бағыт­тағы мамандандырылған желілік «Абай мектептерінің» 5-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы тереңдетілген үлгілік оқу бағ­дар­­ламасы бекітілді. «Қазақ тілі» пәні бағдарламасының жұ­мыс тобының жетекшісі Абай атын­да­ғы Республикалық маман­дан­ды­рылған дарынды балаларға ар­налған қазақ тілі мен әдебиетін те­реңдете оқытатын орта мек­теп-интер­натының директо­ры Роза Ербозымқызы Сек­се­но­ва өзі болды. Авторлары – осы ма­қа­ланың иесі филология ғы­лым­­дарының кандидаты, доцент Бижомарт Қапалбек, филология ғылым­да­рының докторы,  профессор Тыныштық Ермекова, филология ғы­лымдарының докторы Айман Жаңабекова, магистрлер Гүлназ Закиряева, Аягүл Омарова, пән мұға­лім­­дері Жанат Абитова, Динара Орын­баева, Динаш Оспан, Гүлбану Махамбетова.

Әдебиет пәні де, Абайтану пәні де осы бұйрықпен бекіп, ондағы әріптестеріміз де дәл осылай топтасып, олардың да бағдарламаларын дәл осылай тегін жасап шықты, қазір қолданып келеді. Бірақ екі жыл болды оқулығы әлі жоқ. Оған министрліктегілердің ешқай­сы­сы­ның басы ауырмайды. Басты жұ­мысы мектептің басшыларын ауыс­тырып, үлкен тарихы бар, өзіндік дәстүрі бар білім орда­сы­ның, енді құ­рылған Абай мектептер же­лі­сі­нің берекесін кетіріп тұр.

Қазақ тілі пәнінің бекітілген бағдар­ламасының авторы болған­дықтан жақын­да мектеп дирек­то­рының мінде­тін атқарушы Ержан Нұр­ланұлы Өмірханов деген жас жігітке «Мән-жайды білейін, қа­шан­ғы оқулықсыз оқисыздар?» деп кіріп шықтым. Ол жігіт: «Ағыл­­шын тілінің маманымын, бізде ағылшын тілін үйретуде мынадай-мынадай жа­ңа­шылдықтар бар, осы жаңа­шыл­­дықты мектепке ен­гізуім керек» деген жоспарымен бөлісті…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде абайтанушылармен кездесіп, Абай мектептері туралы былай деген еді: «… Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қа­сие­тін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интер­нат­тың мүмкіндіктерін толық пай­даланған жөн. Қазақ тілі мен әде­биетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үз­дік білім ордасына айналдыру қа­жет».

Мемлекет басшысының осы айтқаны орындалып жатыр ма? Абай мектебі желісі құрылды, енді оны әрі қарай дамыту керек емес пе? Істің жөнін білетіндер мен көп тіл білетіндер бір категория деп санайтын қасаң түсінік терістелу керек қой. Бұл мектеп қазақтың руханиятына қандай тұл­ғалар бергенін жоғарыда айттық. Енді бұл білім ордасын шын мә­нінде мектептер желісіне айналдырып, бағдарламасын кү­шейтіп, оқулықтарын шығарып, білім жүйесінде бәсекеге қабілетті ұжымға айналдыруға күш салу керек. Ал министрліктегілер оны ағылшын тілін тереңдетіп оқы­та­тын мектепке айналдырмақ па? Түсінбей отырмыз…

 

Бижомарт ҚАПАЛБЕК,

тілші-ғалым

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

7 мыңға жуық мектеп пен колледжге буллингтің алдын алу бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіледі

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлағандай, еліміздің бірнеше өңірінде балаларды жәбірлеудің (буллинг) алдын алу және білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмыс принциптері...

«Өліммен бетпе-бет келдік»: қазақстандық студент Түркиядағы жағдай туралы айтып берді

Нұрболат Кәрібай – қазір Түркияның Кайсері қаласында білім алып жүрген студенттің бірі. Анадолы жерінде отбасымен тұрып жатыр. Ол қаладағы жағдайды түсіндіріп өтті. «Түркияның Кайсері қаласында...

Атырау университетінде онлайн курс және вебинарлар жазу студиясы ашылды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жаппай ашық онлайн курсы (MOOC) оқыту әдістемесі аясында онлайн курстар мен вебинарларды жазу бейнестудиясы мен IT сыныптары ашылды. «Бұл кабинет, біріншіден,...

«Сауатым жоқ»: 42 жастағы әріп танымайтын келіншек «Әліппені» оқып жүр

Алматы облысында пәтер жалдар тұратын Талғат Кәстекбаев пен Жаңакүл Көшербаеваның үш баласы бар. Олар күн салқында киетін аяқ киім таба алмай, мектепке бара алмай...

Қазақстандық ЖОО-лар Түркиядағы студенттерді қабылдауға дайын – министрлік

Қазақстандық жоғары оқу орындары Түркияда оқып жатқан ел азаматтарын және қандастарды қабылдауға дайын. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. «ҚР Түркиядағы елшілігінің...