17 C
Нур-Султан
26.09.2022

Нарсеитова Фатима. «Азамат» атты абыройлы сөзді аяқ асты етпейік, ағайын!

Жұмыстан шаршап — шалдығып келіп, теледидарды қосып, соңғы жаңалықтарды тыңдайын десең, ойпырым-ай, ар-намысыңа тиетін сөздерден тілің байланып қалардай. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» — дегендей алғашында аса мән бере қоймағаным рас. Елінің елеулі ер-азаматы болсын деп өсіріп отырған үш ұлымнан қарап отырып ұялып кетемін. Ойпырым-ай! Заман өзгергені рас, шынайы шындық! Телеарна тілшілері қоғамдағы болып жатқан жаңалықтарды қарапайым қара халыққа бұқаралық ақпараттарды лек-легімен емес кесек-кесегімен лақтырып, қалай өзгертіп жариялайды десеңізші! Мүмкін кейбіреулер келіспес, ол да мүмкін, бірақ көрерменнің көкейінде жүрген, көпшілікке күтпеген көлденең ой тастауды жөн көрдім. Сөзді көп созбай тікелей айтайын деген өзекті мәселеге тоқталайын.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының, «31» телеарнаның, «КТК» телеарналарының кешкі жаңалықтарын күнделікті үзбей көремін. Көріп отырып таңдайымның қалай тақ ете қалғанын да байқамай қаламын. Сұмдық! Ойпырым-ай, құдайдың құтты күні өлім-жітім, бейбіт күнде перзентінен айырылған ананың ащы зары, жанын баққан жатақханадан еріксіз қуылған қазақтар, алты айлап айлық алмаған ағайындар, кең байтақ сар даласынан құйрық басар жер бұйырмаған бауырластар, дәрігердің салғырттығынан өлім құшқан нәресте, күнәдан пәк періште қызбалаларды зорлау-қорлау мемлекетіміздің бір жетістігіндей жеткізілетін болды. Ал сол іске қатысты ер кісіні «47 жастағы азамат 9 жастағы мектеп оқушысын зорлаған» — дейді. Қандай азамат, «азамат» деген сөзден садаға кетсін! «Азамат!» деген абыройлы, рухы биік сөзді апарып қыз зорлаған қылмыскерге тегін бере салатын тілшілерге неге ойланбасқа…!? – деп терең ойға қалдым. Тілшілердің айтайын дегені: «Қазақстан азаматы», яғни, «гражданин Казахстана» жақсы, солай-ақ делік, бірақ сөздің ретіне, сөздің төркініне, сөз саптауына қарай ол «азамат» болмайды. Қыз зорлаған кісіні – азғын (мүскін), педофиль дейді. Ал, жеке құжаты бойынша айтпаса да түсінікті қазақ елінің азаматы.
Қазақ халқы қызының жазылмас дертке ұшырамауы үшін, жаза қадам баспауы үшін қыздарына мынадай он түрлі басты талаптар қойған:
1. Әдепті, инаббатты;
2. Ар — ожданы пәк;
3. Кеңпейіл, кешірімді;
4. Ақылды, парасатты;
5. Сабырлы — салмақты;
6. Адал, ақ жарқын;
7. Моралды, мұратты;
8. Өжет, батыл;
9. Ұятты, намысты.
10.Иманды қыздан жақсы жар шығады, көрген өмірдің мәнін ұғады, – деген.
Жан-жағымыздағы жандардың жан дүниесінің сылбыр, салғырттылығы, ой-сана, сезімдеріміздің, рухани-адамгершілік тәрбиеміздің таяздығы тамырын жайып келеді. Педофильдер – 1-14 жас аралығындағы періштедей пәк балиғат жасына жетпеген жасөспірімдердің өмір шырағына өз көлеңкелерін түсіргендер саны күннен күнге артып келеді. Дәлірек айтсақ, «Кеш емес» бағдарламасында айтылған деректер бойынша:
2011 жылы – 148,
2012 жылы – 252,
2013 жылы (соңғы 5 ай ішінде) – 181 қызбала зорланған. Сонда 581 келешек ұрпақты дүниеге әкелетін от ана отауының ойраны шықты дей беріңіз. Ал енді 112 мыңға жуық тастанды балалар тағдыры не болмақ? Кім болмақ? Мүмкіндігі шектеулі балалар және оларды бағып отырған ата-аналар жайы ше?
«Қайдан, қалай келді қоғамға бұл әзәзіл, неге балапаныма қорған болмадым?» деген ананың ашынған ащы ашуы, әкенің Әзірейілдей зілді зарына кім жауап береді, кім кінәлі?
Педофильдерді емдеуге жібереді. Не үшін? Жаны жаралы, жер тоқпақтаған анаға, құсадан қан жұтқан әкеге кім көмектеседі? Олардың жан жарасын кім емдеп жазады? Жан жарасын жазу, әрине, тек Жаратқанның қолында. Сонда да азғындарды емдеуге жіберген қаражатты жаны жаралы жандарға берсе, сыр берген сырқатын, жұқарған жүйкесін емдетер ме еді…
«Су түбіндегі жылқы басындай тас, үстінен аққан судың толқынын да өзгертеді» деген ел даналығында өмір толқыны өзгерген өспірім қыздың тағдыры да өзгереді. Әрине, басынан сипап, алдау мүмкін болмас, бал балалығынан айырылған қызды сезіммен сипап, жанұяда жанына рухани қуат берілуі тиіс. Адамды адамдық қасиетін бағалай отырып танып біл! Осындай жаны жәбірленген жаралы жандарда қандай адамдық қасиет болмақ?! Санамды саққа бөлген сауалдарға, сұрақтарға кім жауап береді?
Сол қыздың болашағын болжасақ, ар – ожданы аяққа тапталған, пәктігінен айырылған қыздың қызықты да қылықты ғұмыры бір сәтке қызғалдақ гүлдің ғұмырындай солып, солғын тартады. Санасынан сабырлы-салмақтылық, өжеттілік, батылдық, ақ жарқындылық, адалдық ауылы алшақтайды. Келешегі көмескі, болашағы бұлыңғыр болады. Ары былғанған қызбалада кеңпейілділік, кешірімді болу жайына қалады. Ер кісілерге сенімсіздік, тұрақты отбасын құруы да ыстық құшақты ана болуы да екіталай… Одан арғы тағдыры кәмелет жасына жеткенше берген анасының бағыт-бағдарына, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады. Намысын таптаса намыссыздық, ұятын таптаса ұятсыздық ұялаған жерде қандай әдептілік, инабаттылық болсын?!
Педофильдер (мүскіндер) «Адамзат – дүние есігін ашқанда «адам» болып келеді де, о дүниеге кеткенде «зат» болып қалатындығын» бір сәт ойланады ма екен? Әй, әсте ойланбас, Алланың алдында, ар алдында, ана алдында жауап беретіндігін де ұмытқан сияқты.
Сөздің реті келгенде айта кетейін өзге ұлттың өкілдері де қазақ елінде еркін тайраңдап жүргені де шынайы шындық. Кім қайдан, қашан келгені де белгісіз оралмандарды қоспағанда, бір айға деп келіп, бір жылға дейін жүретіндері қаншама! Бір жылға берілетін жатақханадан шықпай, сұс көрсетеді. Өз еріктерімен бос тұрған үйлерді басып алады. Астанадағы «Бейбітшілік сарайын» жаруға арнайы дайындалады. Жаққан жарығына төлемақы төлегілері келмейді. «Жаман үйдің қонағы билейді» деген ата-бабамыз. Қашанғы билетеміз? Басымызға саңқыт еткенде ме? Сосын қазақтың қара көз қызына үйленіп үй болғанда ғана, бас бармағын шайнап, елден қумақшы болады. Одан не пайда балалы-шағалы болған кезде кеш болады. Тағы да телеарна тілшісі былай дейді: «200-ге жуық өзге елден келген (қырғыз, өзбек) азаматтары алып қала Алматыда ай сайын балмұздақты заңсыз шығарып отырған. Олар сол цехта жұмыс істеп, сол жерде жатып-тұрған, жұмыс орны санитарлық нормаға сай емес. Полиция қызметкерлері келгенде олар жан-жаққа қашып кеткен. Қолға түскені 7-8 кісі». Сұмдық-ай! Балмұздақ бал татымайтын болды, жиіркенішті!
Тіл сүрінетін (сынатын), жақ жаңылатын заманға келдік пе, білмеймін, тыңдаған құлағымнан ұялатын болдым. Мысалы, былай дейді тілші: «сүт өндіретін заводта пәлен сүт өнімдері жарамсыз болып қалды» дейді. Сүтті сауады. «Биыл жіп-жүн өндіретін өндірісте пәлен жіп-жүн өндірілді» дейді. О заманда, бұл заман жіп-жүн өндірілмейді, шикізат өндіріледі, жүнді түтеді, жіпті иреді. «Жол апаты нәтижесінде үш азамат апат болып, екі азамат жарақат алды» Ондай нәтижені кім күтіп отыр екен? Дұрысы: «Жол апаты салдарынан үш кісі, оның ішінде бір әйел, екі ер кісі қайтыс болды, екі ер кісі түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алды» Табиғат апатымен тағы да шатастырады. «Осымен сөзімізді тәмамдаймыз, осыған келіп саяды». Көнерген сөздерді дәріптемей-ақ, заманымызға сай сөз сөйлейікші, арнамызда жүрген арыстай азаматтар! Айта берсек, орысшадан тікелей аудара сала, иін қандырмай, сараптамай, сөздің мағынасын сараламай, сөз тіркестерін бей-берекет қолдана беретін тілшілеріміздің құлағына алтын сырға.
Тақырыптан ауытқымай «Азамат» сөзіне қайта оралайық. Жаңалықтарда былай дейді: «Тараз қаласында 29 жастағы азаматтан 600 гр есірткі заты табылып, ұсталды. Ол азамат қазіргі уақытта тергеу бөлімінде» -дейді.
Ең сорақысы сол, «Бүгін 42 жастағы жүйкесі сыр берген азамат көрші-қолаң, полиция қызметкерлерінің көз алдында өз туған анасын балтамен балталап тастады. Ол азамат дәл қазір ақыл-есі кем, жүйке ауруын емдейтін орталықта ем қабылдауда» Асыраған, ақ сүт берген анасынан садаға кетсін, қайдағы азамат ол – ауру, қанішер! Полиция қызметкерлерінің қолында қару болмады ма, жоқ әлде үйінде ұмытып кетті ме? Ондай қанішерді көпшілік алдында атып тастау керек. Неге ондай қанішерді емдеу қажет? Таң қалғаным, ауру болса емделу орталығынан кім шығарды, қалай шықты?
Арқанкерген әскери заставасындағы қанды оқиғаның басты кейіпкері -В.Челах бір тарих. Сегізінші сыныптағы ұлым «анашым, Челах бір күннің ішінде атақты болып, әлемге әйгілі болды» деп қызыққанын көргенде, не айтарымды білмедім. Оның құдайдың құтты күні мың құбылып, өз сөзінен өзі сезіктеніп секем алғанын, алдағанын, халықты мазақ еткеніне қаның қараяды. 15 адамның қанын қанжығасына байлаған қанішерді күнде көрсетпей, істің нақты шешімі шыққанда ғана көрсетпейді ме? Неге тергеу жұмысы бір жылға созылады? Бұл істің бір шикілігі бары шындық. Әлі де сенімде сезік бары рас.
Сонымен, қазақ еліндегі есірткі пайдаланатын, алып-сатар саудагер де, тіпті сәбиді зорлаған қылмыскерді де «Азамат!» десек, санамыздың тегіс тақтай, сөзіміздің сабан болғаны да!? Солай емес пе, ағайын! Елімізде ұрлық-қарлықпен, зорлау мен қорлауда нағыз ерлік жасаған ер-азаматтарымыз қандай көп. Сотталып бара жатса да «азамат» сөзіне лайық болып кетеді бейбақтар.
Қаншама отбасы дүниеге келген сәбиін «Отанының нағыз азаматы болсын!» деген ниетпен АЗАМАТ деп азан шақырып есімін елге жариялап қояды.
Сонымен, азамат сөзін кез келген күтпеген келеңсіз жағдайда қолдана бермей, тек ресми түрде тұлғаны «мақтау-мадақтау кезінде, бейбіт күннің батырларын атағанда, жаны жаралы жандарға жан жылуын сыйлаған тұлғаларға, спорт шеберлеріне, әлем чемпиондарына, еліне, жеріне еңбек еткен азаматтарға» ғана «Нағыз азамат екен! Ер-азаматсың! Жарайсың, азамат! Еліңнің елеулі, халқыңның қалаулы азаматы бол! деп қазақ елінің рухын, көк туын желбірететін жандарға айтуымыз қажет деп ойлаймын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндей келе, күнделікті жаңалықтан есітіп-көріп жүрген азаматтарымызды өз атымен, атауымен атасақ екен демекпін! Адам өлтірген кісіні – қылмыскер, қанішер, балиғат жасына толмаған қызбаланы зорлағанды – азғын(мүскін), педофиль, ал есірткі қолданғанды – наркоман, сауда саттықпен айналысқанды – алыпсатар, саудагер, ел қаражатын ұрлағанды – ұры, ағайынды алдағанды – алаяқ, жесірді — жесір, жетімді — жетім, елін сатқанды – сатқын деп атын атап, түсін түстеп айтсақ өскелең ұрпаққа түсінікті болар еді. Елін, жерін сатқан сатқындарды елге қайта кіргізбеу керек! Сатқын, ертең де елін, жерін сатады! Дәл қазір осы мәселені қолға алмасақ, «азамат сөзінің мән-мағынасы жоғалатыны сөзсіз! Абыройлы, атақты, қазақ халқының рухын көтеретін «Азамат» сөзін аяқ асты етпейік ағайын!

Нарсеитова Фатима Серикбайқызы. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының «Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Мектепте оқушылардың ұялы телефон қолдануына тыйым салуға бола ма – министр жауабы

Мектепте оқушылардың ұялы телефонды қолдану немесе оған тыйым салу шешімін білім ордасының қамқоршылық кеңесі шешеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде оқушылардың сабақ кезінде гаджеттерді ұстауына...

10-11 сынып оқушылары үшін ағылшын тілі пәнінің сағаты көбейеді

10-11 сынып оқушылары үшін ағылшын тілі пәнінің сағатын көбейту жоспарланып отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осылай мәлімдеді. «Математика, физика, химия,...

Министрлік «Өзін-өзі тану» пәнін ресми түрде алып тастауды ұсынды

Оқу-ағарту министрлігі «Өзін-өзі тану адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының күшін жою туралы» бұйрықты ашық талқыға шығарды. «Өзін-өзі тану адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын бекіту туралы туралы» ҚР...

Шымкентте АИТВ жұқтырған балалардың жоғары білім алуына көмектесеміз – Ғылым министрі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2006 жылы Шымкентте абайсызда Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған балаларды кездесуге шақырды. «2006 жылы Шымкентте 80-ге...

«Үздік педагог» байқауына өтінім қабылдау 25 қыркүйекке дейін ұзарды

«Үздік педагог-2022» байқауының бірінші кезеңіне қатысу үшін құжаттарды қабылдау тағы 3 күнге ұзартылды. Яғни қазақстандық мұғалімдер 2022 жылғы 25 қыркүйекке дейін құжат тапсыра алады....