-18 C
Нур-Султан
09.02.2023

«Мамания» мектебі жайлы сіз не білесіз?

Тарих қалай тіл қатса, біз де солай сөйлейміз. Қайран, Мамания мектебі! Қазақ баласына алғаш әліппе үйреткен әулие шаңырақ. Алаштың алыптарына ақуыз білім беріп, ақтолқын жылдардың азабын көтерген топырақтың бүгінде шаңы шығып жатыр. Қасиетіне қазақ бойлай алмады, әй бойлай да алмас… Тек есті естелік қана Маман байдың мәртебесін менмұндалайды. Сондай бір өнегелі деректер «Ақсудың Алтынсарині» атанған Бұғытай Айсеркеновтің күнделігінде қатталған екен. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаланы біз де өз оқырмандарымызбен бөлісуді жөн санадық.

Ақсу ауданына қарасты Қарағаш елді мекенінде Маман-Тұрысбек әулеті салған «Мамания» мектебі хақында аңызға парапар әсерлі әңгімелер байырғы жұрттың жадында. Кейінгі буынның бәріне бірдей түсінікті бола бермесе де, қазақтың Құлагер ақыны атанған Ілияс Жансүгіров қанаттанған қарашаңырақтың қадірі қазақ үшін қашанда биікте емес пе?! Сол қатарлы талай ұлы тұлғаның өміріне өнеге сепкен білім ордасының қараусыз қалғаны жанға батады. Жә, әңгіме ол жайында емес. Біз бүгін Мамания мектебі жайлы деректерді маржандай етіп күнделігіне жазып отырған Бұғытай Айсеркеновтің рухани мұрасына үңілмекпіз. Атасының күнделігін көзінің қарашығындай сақтаған ұрпақтары мұнаралы мектеп жайлы мол мұрағат бар екенін жақсы түйсінсе керек. Бізге құнды жазба ойлы оқырманмен қауышсын деген ниетін білдірді.

Сөз басында Бұғытай Айсеркенов жайлы бірауыз сөз қаузап кетсек. Қарағаш ауылында дүниеге келген ол 1936 жылдан 1940 жылға дейін Алматы мұғалімдер институтында оқып, математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Қолына дипломын алған соң, Ақсу аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1942 жылы Отан соғысына аттанған Бұғытай елге аман-есен оралып, 1948 жылдан Ақсу аудандық білім бөлімінің меңгерушілігіне қайта тағайындалады. 1961 жылдан Ақсудағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің директоры болып қызмет етеді. Ұрпақтарының айтуынша, соғыста әжептәуір командир болған.

Иә, оған дәлел соғыс ардагері Хасен Құдай­бергеновтің сыршертпесі. «Польшаның Висла өзенінің бойындағы Познань қаласында бірнеше елді мекенді жаудан азат еткеннен кейін дамылдап жатқанбыз. Жауынгерлер киім ауыстырып, кезекте тұрған едік. Үлкен ғимаратқа 3 адам кіріп келді. Үшеуінің де жоғары әскери қолбасшы екені мундирінен бірден байқалады. Біреуі ұзын бойлы, тіп-тік, ерекше. Бурят па, әлде корей ме, ал екеуі орыс еді. Әлгі бурят деп тұрған кісі бәрімізді жағалай қарап шығып, маған келгенде тоқтап қалды да: «Сен қай жақтансың?» деп сұрады. Мен Қазақстаннан екенімді айттым. «Сен Құдайбергенов Хасенсің бе?», деді қазақша. Сол сәттегі қуанышымды жеткізе ­алмаспын. Сөйтсем, ол – Бұғытай Айсеркенов болып шықты. Мені өзі тұрған үйге алып келді. Соғыс туралы, ел жайлы, танитын майдан­герлер туралы сөйлестік. Кейін білдім, ол кісі сол Познан қаласының коменданты екен», деп еске алады майдандас досы.

Міне, сол «батыр ұстаз» атанған Бұғытай Айсеркеновтің ұрпақтары атаның сандық түбінде сақтаған жәдігерлерін газетке шығаруымызды өтінді. Шынайы шежірелі дүниені қадірлі орқырманмен қауышуына біз де қарсы болмадық.

«Ел ішіндегі басылымдарда жарық көрген тарихи-танымдық материалдарды үзбей оқимыз. Мына көне жазбаларды атамыз сақтаған еді. Көп жыл кебеженің түбінде ақ шүберекке ораулы жатты. Өзі де заманының алғыр, зерек, білікті, жүректі, елжанды азаматы еді. Қазақтың сауатын ашуға бір адамдай еңбек етті. Көшеде атамыз келе жатқанда көнекөз қария, ақ жаулықты ана, үлкен-кіші, бала-шаға ол кісінің жолын кеспей, өтіп кеткенше күтіп тұрып, жол беретін. Мейлі арба, мейлі ат, қандай көлікпен келе жатса да жол беріп, аса құрмет тұтатын. Әкем үлгі-өнегесін алсын деді ме, сол үйге тұрғызды. Бұл отбасындағы қонақжайлылық, ізеттілік, сыйластық қалың елге үлгі еді. Ақсу ауылында атамыз тұрған көшеге «Б.Айсеркенов» аты берілді. Дәл кеше сол көшеге мешіт тұрғызылыпты. Қуанышымда шек жоқ», дейді қамқорлығын көрген қарындасы Фаруза Шөңкенова.

Оның айтуынша, әкесі Шөңке Мейренбаев соғыстан екі аяғынан айырылып, зембілмен елге оралады. Сонда Бұғытай тоңып қалма деп үстіне жылы киім әкеліп береді. «Сен соғыстан жарымжан болып оралдың. Отан қорғау үшін денсаулығыңды бердің. Сені құрметтеу біздің парызымыз», деп отырады екен үлкен жүрек­ті ұстаз. Оның Маман-Тұрысбек әулетінің іс-шара­сын ары қарай жалғастыруын даналық­тың жалғасы десек болатын шығар.

Бұғытай ағаның күнделігі тарихты түгендеуге қажет болып қалар Майда әріптермен әдіптеліп жазылған дерек пен дәйек тайға таңба басқандай анық көрінеді. Шағын ғана қойындәптердің ішінде арнайы «Мамания» мектебі жайлы анықтама берілген. Бұл құжат бұрын еш жерде жарияланбаған мәліметтерге толы. Ендеше күнделіктегі жазуды қаз-қалпында берелік.

«Қарағаш мектебі 1909 жылдан бас­тап салынып, сол жылы біткен. Басқарып, сал­дыртқан ісмер Абдрахман деген кісі. Ақсу – Сар­қаннан 30 шамалы орыс ісмерлері мен 30 қазақ жұмысшысы қатынасқан. Мектептің жобасын сызған: Сырттанов Барлыбек пен Байд­рахман Зиһандаров. Мектепті салдырғандар: Сейітбатқал, Есенқұл, Тәңірберген, Айтмұхамет, Қожахмет, Сейдахмет. Мешіт салуға 16 мың сом жұмсалған. Мектепке бұл сомадан 2 есе артық ақша жұмсалған деп бағалайды. Сонда 30 мың сом болса керек. Сол күнде бір қой 3 сом екен. Сонда 10 мың шамасы қой жұмсалған. Мұғалімдер Байдрахман Зиһандаров, Жақый Айманов, Ахметкерей Ғабитов, Нажар Абдосов, Нұрмұхамет Ислямов, Құнанбай Басшабаев (орыс тілінен сабақ берген). Уфаға жіберіп оқытып мұғалім етіп шығарған, кейін Қарағашта мұғалім болғандар: Біләл Сүлеев (дуаннан), Мейірман Ермектасов, Аубакир Мамбетбаев, Бейсембай Кәдесов (Смайылов), Берікбол Қилыбаев, Мұстахан Малдыбаев пен әнші Майра да сабақ берген. Майраның гармонмен өлең айтқаны жайлы да жазылған. Николай Назаров деген атаманның баласы Сарқаннан келіп, 1911-1915 жылдары орысша оқытқан. Мұхаметқали Есенгелдинов әйелі Фатима екеуі мұғалім болған. Фатима оқытумен қатар 40-50 қызға қол өнерін үйреткен. Бұлар Семейден шақырылған. Барлық шығынды Мамановтар төлеген. 7-8 мұғалім ұстау үшін бір жылға 400-500 сом ақша төлеп тұрған. Сонда тек, мұғалімдерді ұстауға жылына 4 900-5 000 сом тұрған немесе 1 600-1 700 қой. Қарағашта 1918 жылы өлтірілген­дер: Бейсембай Кедесов, Омар Кереев, Әріпжан Бегімбаев. Одан ары қарай «Қарағашта 1918-1920 жылдары оқу болған жоқ. Оқу 1921 жылы басталды. 1925-1928 жылы коммуна болды. 1928-1936 ШКМ, 1935 жылы ІХ айда орта мектеп болды. 1937 жылы Ақсуға көшіп келді. Нұрсейіт Жақыпов 1930-1944,1948-1958 жылдар аралығында мұғалім болды», деп жазылған.

Бұғытай Айсеркенов Ақсудағы Ыбырай Алтынсарин мектебінде директорлық қызмет атқарғанда өзі математика пәнінің мұғалімі болса да, «Мамания» мектебі жайлы да арнайы сабақ берген секілді. Себебі күнделікте «Мамания» мектебі жайлы сабақ өткізудің жоспарын құрыпты. Сабақтың кіріспесіне «Қарағаштағы Мамания мектебінің ашылуы, оқыту жайы» деп жазылған. Қарап отырсақ, І бөлімде – «Көне мектептен 1917 жылға дейін кеңес өкіметі тұсында даму жолы», ІІ бөлімде – «Ақсу қазақ орта мектебі, онан ұшқан қарлығаштар шартарапта», ІІІ бөлімде – «Мектепті ұйымдастырушылар, күрескерлер», ІV бөлімде – «Мектеп соғыс жылдарында. Мектептен шыққан ерлер Отанын қорғады», V бөлімде – «Мектептің даму жолдары» оқытылған.

Шыны керек, Бұғытай Айсеркеновтің қа­зақ мектебі жайлы жазып, жинаған дүниелері руханиятымызға қосылған тағы бір қазына. Ұла­ғат­тың басында тұрған ұстаздың бұл қаре­кеті мақ­тауға тұрарлық дүние. Маман-Тұрысбек әуле­тінің тағылымды ісін оқытып, дәріптеп, ке­йін­гіге мұра етіп қалдырған асыл жанның ша­ғын ақпараты үлкен мәдениеттің бастауы бол­ғай. Бүгінде қабырғасы қаусап, қарағашы қура­ған Мамания мектебінің алдында белгітас қана тұр. Өткен ғасырда қазақ даласындағы ең үлкен бі­лім ордасы осы болғанына ешкім сенбейді. Ен­дігі күйі ел азаматтарының еншісінде.

 

Мұхтар КҮМІСБЕК
Жетісу облысы

-ЖАРНАМА-

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Өте құнды деректер келтірілген шын мәнінде мұғалімнің қоғамда алатын орны бөлек әсіресе сол кездегі қиын қыстауда соншама мал(ақы) төлегенін көз алдыма еселестете алмаймын.Ал оның шын мәнінде алға қарай жылжып жүруіне, өсуіне,келер ұрпақтың еншісінде.Мынадай қалтасын, ләззатын,байлық қуған қу заманда оны бағалай алатын адам бар ма екен.Еңсесі биік,отан үшін отқа түсіп біраз қаражат кетіретін Ақсу ауылында отырған әкімге ұсыныс ретінде…….. Өтініш халықтан көмек сұрамау керек деп ойлаймын.

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

7 мыңға жуық мектеп пен колледжге буллингтің алдын алу бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіледі

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлағандай, еліміздің бірнеше өңірінде балаларды жәбірлеудің (буллинг) алдын алу және білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмыс принциптері...

«Өліммен бетпе-бет келдік»: қазақстандық студент Түркиядағы жағдай туралы айтып берді

Нұрболат Кәрібай – қазір Түркияның Кайсері қаласында білім алып жүрген студенттің бірі. Анадолы жерінде отбасымен тұрып жатыр. Ол қаладағы жағдайды түсіндіріп өтті. «Түркияның Кайсері қаласында...

Атырау университетінде онлайн курс және вебинарлар жазу студиясы ашылды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жаппай ашық онлайн курсы (MOOC) оқыту әдістемесі аясында онлайн курстар мен вебинарларды жазу бейнестудиясы мен IT сыныптары ашылды. «Бұл кабинет, біріншіден,...

«Сауатым жоқ»: 42 жастағы әріп танымайтын келіншек «Әліппені» оқып жүр

Алматы облысында пәтер жалдар тұратын Талғат Кәстекбаев пен Жаңакүл Көшербаеваның үш баласы бар. Олар күн салқында киетін аяқ киім таба алмай, мектепке бара алмай...

Қазақстандық ЖОО-лар Түркиядағы студенттерді қабылдауға дайын – министрлік

Қазақстандық жоғары оқу орындары Түркияда оқып жатқан ел азаматтарын және қандастарды қабылдауға дайын. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. «ҚР Түркиядағы елшілігінің...