-18 C
Нур-Султан
09.02.2023

Аймағанбетов білім саласына ненің нүктесін қойып, ненің нүктесін қоя алмай кетті?

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Білім және ғылым министрі болған 15 министрдің ішіндегі елдің ең үлкен қошеметіне бөленген жалғыз министр Асхат Қанатұлы Аймағанбетов болған шығар.
Иә, Сәрінжіпов пен Сағандиевтің шуынан кейін, қаншама былықтан кейін бұл орынға келуді біреулер Авгидің ат қорасын тазалаумен теңеп жатты. Не де болса, 3,5 жыл министрліктің тізгінін абыроймен ұстап, абыроймен қоштасты деп ойлаймын.
Білім және ғылым саласында бұрын-соңды болмаған оң өзгерістерді енгізді, төңкеріс жасады деп айтуға болады. Кейбірінің нәтижесін халық қазір көріп отыр. Кейбірінің нәтижесін енді 5-10 жылдан кейін көретіні анық.

Сонымен Аймағанбетов дәуіріне қысқаша шолу жасап көрелік, нелерді жасай алды, нелерді жасай алмады? Ненің нүктесі қойылып, ненің нүктесі қойылмай қалды деген де дұрыс шығар.

1. «Педагог мәртебесі туралы» заң бекітілді. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Сағадиев заманында басталған заңның Аймағанбетов нүктесін қойып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітті. Бұл заңның жемісін бүгінде елдегі барша ұстаздар көріп, үстеме ақы алып, басқа да игіліктерін көріп отыр.

2. 10 жылдан астам ұсыныс жасап, шеше алмай келе жатқан түрлі деңгейдегі пәндік олимпиада, спорттық жарыстардың жеңімпаздарына ақшалай сыйақы беру енгізілді. Халықаралық пәндік олимпиадада алтын, күміс, қола алған шәкірттерге және олардың жетекшілеріне ақшалай сыйлық беруді заңдық тұрғыда бекітті. Алғашқы шәкірттер 4,5 миллионға дейін ақшалай марапатталды.

3. Әйгілі шу болған бірінші сыныптан үш тілде оқыту бағдарламасын шегеріп, орыс тілін 2-сыныпқа, ағылшын тілін 3-сыныпта бастау шешімін шығарды. Бірінші сыныпта үш тілді оқыту ешқандай педагогикалық нормаға да, ақылға да сыймайтынын қоғам неше жыл айтты. Ғалымдар дәлелдеді, бірақ тек осы жылдан ғана реттелді. Енгізгендердің қателігін түзетті және қателік болғанын мойындады.

4. Әліппе оралды. Ұлт ұстазы Ахаңнан бастау алған қазақ баласының қасиетті кітабы әліппе оралды. Жаңартылған бағдарламамен бірге кірген сауат ашу кітабы қайтарылып, әліппе қазақ баласына қайта оралды. (P.S. кеше біреу әліппе оралды дейсіңдер, сырты әліппе бірақ іші сауат ашу депті. Бұлай екі оқулықты көрмей пікір білдіруге болмайды. Екеуінің аты да, заты да, іші де, сырты да екі басқа.).

5. ҰБТ-ға тазалық енгізілді және электрондық форматқа ауысты. Бұл енді өте үлкен еңбек болды. ҰБТ-ның таза өтуі қаншама білімді шәкіртке жол ашып, академиялық адалдыққа деген үлкен жұмыс болды. Оның сыртында жүйесі де жетілдірілді. Бұл тазалықтың нәтижесін, маманның сапалану игілігін қоғам болашақта көреді деп ойлаймын.

6. Мұғалімдік мамандық ең танымал мамандыққа айналды. “Педагог мәртебесі” заңының қабылдануы, мұғалімдер жалақысының 4 жылда 100 пайыз өсуі, педагог мәртебесінің шын көтерілуі т.б. білім саласындағы оң өзгерістердің әсерінен педагогикалық мамандық жұрт амалсыз баратын мамандықтар қатарынан шығып, ең үздіктер таласып баратын мамандыққа айналды. Үздіктер ұстаз болса, бұл — білім сапасының артуына келіп соғатын ең маңызды фактор. Үздіктер ұстаз болып мектепке келе бастады, соған сәйкес педагогикалық қосын да алдағы 10 жылда жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын.

7. “Жайлы мектеп” жобасы қабылданды. Бұл — енді ең үлкен және ерекше жаңалық. “Жайлы мектеп” жобасымен еліміздің 20 өңірінен мыңнан астам жаңа тұрпаттағы, заманауи мектеп салынады. Ол мектептер бүгінгі трендте жүрген жеке меншік мектептерден де мықты материалдық шарт жағдайда болады. Бұл қазақ баласының білім көкжиегін кеңейтуіне әкеп соғар ең үлкен жаңалық болар еді. Алғашқы жайлы мектеп 2024 жылы қыркүйекте ашылады.

8. Сапасыз жоғары оқу орындары жабылды. Лицензиясы толық немесе жартылай қайтарылып алынды. Педагог мамандарды бұрын 85-тен астам университет дайындап келсе, бүгін саны 30-ға дейін қысқарды. Сапасыз жоғары оқу орнына қырғидай тиді. Бұл диплом сатушыларға қатты ұнамады, неше түрлі шабуыл ұйымдастыруға себеп болды. Бірақ министрлік екіге бөлінгенше барын салып, университеттердің де сапасын арттыруға бар күш-жігерін салды. Бұның да нәтижесін халық көріп отыр.

9. Министрліктегі ашықтық үрдісі қалыптасты. Жалпы Асхат Қанатұлы ең көп тікелей эфирде және былай да сұхбат беріп, журналистерден қашпайтын министр шығар. Тек журналистерге ғана емес, білім саласындағы барлық мамандарға, оқушы мен студенттерге де ашық болды. Сынды да, ұсынысты да естіді, соған қарай дұрыс деп тапқан өзгерістерін жасады. Мүмкін сондықтан да, халық өте жақсы қабылдаған шығар.

10. Педагогтардың аттестациясы өзгерді. Ынталандыру төлемдері артты. Тесті тазарды. Ұстаздарға қойылатын талап күшейді, пәндік курстар басталды. Бұл білім сапасына, ұстаздар қосынының артуына өте көп пайдасы тиетін шаруа болады деп ойлаймын.

11. Ең маңызды тірлік білім беру бағдарламасы мен оқулық сапасы еді. Білім беру бағдарламасын қайта жасауға мектептегі барлық пәнді қоса алғанда 350-ден аса адамнан жұмыс тобын құрып, әр пәннің бағдарламасы қайта жасалып жатыр еді. Бірақ жұмыс енді қызып басталды, бұл шаруаның нүктесі қойылмады. Бағдарлама қайта жасалса, одан кейін оқулық қайтадан, жазылса деп үміттеніп отырғамыз. Ол үмітке жете алмадық.

Аймағанбетовтың 3,5 жылының 2 жылға жуығы пандемияда, онлайн білім беру өмірге келді, заңдастырылды. Бұл сынақтан да, жаман жақсылы алып шықты.

Жалпы өз басым биыл парламент сайлауынан кейін үкімет отставкаға кетеді. Сол кезде министр ауысатын шығар деп күткенмін. Кешегі жаңалық мен үшін күтпеген жаңалық болды.
Министрлік маусым айында екіге бөлінді. Бұның қателік болғанын, артықшылық болғанын уақыт көрсетеді, біз пікірімізді сол кезде айтқан болатынбыз.

Мен өз пайымымда нәтижелі жұмыс жасаған министр бір кезегінде 5 жыл толық отыруы керек деп ойлаймын. Сондықтан министр өз тірлігін толық аяқтап кетуге 1,5 жыл тағы беру керек еді деп ойлаймын. Әрине, біз шешпейміз ғой, біздікі сарапшылық деңгейдегі ой-пайым. Он тірлік істеді, он біріншісін де аяқтап кетуі керек еді деген ой ғой. Әттең…

Енді, Асхат Қанатұлын алдағы уақытта үкімет, парламент төрағалығынан көрсек, халық қуанар еді. Ол жасқта да үлкен тірлік атқарар еді деп ойлаймын.

Ал келген министрден не күтесіз, қандай баға бересіз деп сұрап жатқан оқырмандарыма, оған арнайы ертең шолу жасап көрелік. Қазірге бүгінгі қорытынды осы болсын!

 

Аятжан Ахметжанұлы

Астана қаласы «Қайым Мұхамедханов атындағы №90 ұлттық гимназия директоры 

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

7 мыңға жуық мектеп пен колледжге буллингтің алдын алу бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіледі

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлағандай, еліміздің бірнеше өңірінде балаларды жәбірлеудің (буллинг) алдын алу және білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмыс принциптері...

«Өліммен бетпе-бет келдік»: қазақстандық студент Түркиядағы жағдай туралы айтып берді

Нұрболат Кәрібай – қазір Түркияның Кайсері қаласында білім алып жүрген студенттің бірі. Анадолы жерінде отбасымен тұрып жатыр. Ол қаладағы жағдайды түсіндіріп өтті. «Түркияның Кайсері қаласында...

Атырау университетінде онлайн курс және вебинарлар жазу студиясы ашылды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жаппай ашық онлайн курсы (MOOC) оқыту әдістемесі аясында онлайн курстар мен вебинарларды жазу бейнестудиясы мен IT сыныптары ашылды. «Бұл кабинет, біріншіден,...

«Сауатым жоқ»: 42 жастағы әріп танымайтын келіншек «Әліппені» оқып жүр

Алматы облысында пәтер жалдар тұратын Талғат Кәстекбаев пен Жаңакүл Көшербаеваның үш баласы бар. Олар күн салқында киетін аяқ киім таба алмай, мектепке бара алмай...

Қазақстандық ЖОО-лар Түркиядағы студенттерді қабылдауға дайын – министрлік

Қазақстандық жоғары оқу орындары Түркияда оқып жатқан ел азаматтарын және қандастарды қабылдауға дайын. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. «ҚР Түркиядағы елшілігінің...