ШҚО Білім басқармасының хабарлауынша, 2023 жылы бірқатар мектеп салынып, кейбір қала, аудандарда білім нысандарының құрылысы басталады.
«Атап айтқанда, Өскемен қаласы «Нұрлы жол» шағын ауданындағы 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Зайсан қаласы «Сауыр» шағын ауданындағы 300 орындық мектептің құрылысы аяқталады. Тарбағатай ауданы Шеңгелді ауылында 100 орындық мектеп салынады. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Өскемен қаласы 19-тұрғын ауданында 600 орындық мектептің құрылысы басталмақ. Білім ордасы 2024 жылға қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланған», — делінген мәліметте.
Бұдан бөлек, аталған жоба аясында Өскемен қаласы 19-тұрғын ауданындағы Увалиев көшесінде 600 орындық мектептің, Тимофеев көшесінде 300 орындық мектептің, Риддер қаласы Киров көшесінде 600 орындық мектептің, Шемонаиха қаласында 300 орындық мектептің, Глубокое ауданы Белоусовка кентінде 300 орындық мектептің, Опытное поле ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталады. Барлық мектептердің құрылысы 2024 жылы аяқталады деп көзделуде.
Көптілді білім беруді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы жылы орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға басымдық берілген. 400 мұғалім курстық дайындықтан өтті. Енді ауызекі қазақ тілінің деңгейін арттыру үшін тілдік ортаға толық еніп, ана тілінде сөйлейтіндердің отбасыларында тұратын жазғы тақырыптық лагерьлер ұйымдастыру жоспарлануда.
«Талапкерлер үшін облыстың жоғары оқу орындары мен колледждеріне түсу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Жыл сайын гранттар саны облыстық бюджет есебінен 10%-ға артады. Қала сыртындағы студенттердің өмір сүру жағдайлары жақсарып, жатақханалар салынуда.
Қосымша білім беру-балаларды дамытудың кең құралы. Оқушылар облыстың спорттық және мәдени іс-шараларына белсенді қатысады. Бүгінде 4000-ға жуық бала тегін спорт секцияларына қатысады. Осы жылдың сәуір айында аймақта үстел теннисі орталығы іске қосылды», — делінген хабарламада.