Жақсы мұғалімдердің екі ерекшелігі

Ыбырайдың «Мұғалім – мектептің алтын жүрегі. Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ» деген сөздері баршамызға аян. Бұған қоса, «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген аталы сөздерді де жиі қайталаймыз да, мойындаймыз да. Бұған қоса 2009 жылы ағылшын зерттеушілері Майкл Барбер мен Мона Муршед ауқымды зерттеу жасап, Ыбырайдың сөздерін тағы да дәлелдеп берді. Олар білім беру жүйесінің мынандай заңдылығын айқындады: «Мектептің деңгейі онда жұмыс жасайтын мұғалімдердің деңгейінен жоғары болмайды». Дәп осылай! Қай жақтан алмасаңыз да, білім сапасы мұғалімнің деңгейіне барып тіреледі: тек жақсы мұғалім ғана білімді шәкірттерді даярлай алады! Білім беруде бәрі де мұғалімнің шеберлігіне байланысты!

Ғылыми журналист және білім беру саласындағы зерттеуші Ульрих Бозер (Ulrich Boser) «Үйренуге қалай үйренуге болады» атты кітабында (кітаптың орысша нұсқасы мынау: Бозер У. Как научиться учиться. – М.: Альпина Паблишер, 2021. – 368 с.) үйренуде (оқуда) тәлімгерліктің аса маңыздылығы туралы сөз қозғайды. «Дағдылар мен білім игеру үшін бізге жетекшілік пен қолдау қажет. Оқытушылар, жаттықтырушылар, нұсқаушы-инструкторлар зор рөл ойнайды» деп жазады ол кітабында (76 б.).
Сонымен бірге У.Бозер мынандай мәселені де көтереді: «Бір қызығы осы уақытқа дейін мұғалімдердің оқытудағы рөлі мен олардың нақты түрде оқушылардың үйренуіне қалайша көмектесетіндігін жүйелі түрде ешкім де зерттемеген». Әрине, сонау Сократтың кезінен бастап (2500 жыл бұрын), адамзат «Қалай үйрету керек?» (әдістеме мәселесі) деген сұраққа жауап табуға ұмтылған-ды. Алайда бір де бір терең зерттеуші аса мықты және ортанқолды мұғалімдердің айырмашылығын нақты дәлелдермен келтіре алмаған, деп есептейді У.Бозер.

Шындығында да, жақсы ұстаздардың жағымды қасиеттері қандай? Олардың өзге мұғалімдерден айырмашылықтары қандай? Бұл сұрақтарға берген жауаптарымыз нақты болмай, жалпылама түрде келтіріле ме деп ойлаймын, өйткені бізде де бұл мәселе жан-жақты қарастырылмаған секілді.
У.Бозер өз кітабында бұл мәселенің осыдан біршама жыл бұрын Microsoft фирмасының негізін салған Билл Гейтстің назарына ілінгенін жазады. Билл Гейтс мұғалімдердің шеберлігі туралы жазылған бір ғылыми мақаланы оқи отырып, оның парақтарын өз ойлары жазылған жазбалармен шимайлап тастаған екен. Гейтс білім беру жүйесінің ең басты сұрағына («Жақсы және ортанқолды мұғалімдердің айырмашылығы қандай?») әлі күнге дейін тіпті ең соңғы, заманауи зерттеу әдістерінің көмегімен де жауап табылмағандығына қайран қалыпты. У.Бозер оның «Мен бұл тақырыптың қаншалықты аз мөлшерде зерттелгеніне таң қалдым» деген сөздерін келтіреді.

Осы мәселені анықтау үшін Әлемнің сол кездегі ең бай адамы 40 млн доллар бөледі. Бұл зерттеуге ондаған ғалымдар, жүздеген мектептер, мыңдаған мұғалімдер мен 100 000 жуық оқушылар қатысады. «Оқытудың тиімділігін зерттеу»деп аталған бұл зерттеу екі жылға созылады.

Бұл зерттеуге қатысқан Гарвард университетінің ғалымы Рон Фергюсон оқушылардың оқудағы жоғары нәтижелерге қол жеткізуді ынталандыратын оқытудың екі ерекшеліктерін атаған. Олардың біріншісін ғалым «Академиялық қысым» деп атаған: бұл – мұғалімнің өз оқушыларын тынбай еңбектенуге, оқу материалын белсенді түрде игеруге бағыттаған ұмтылысы. Демек, жақсы мұғалімдер ең алдымен талапшыл болып, оқушылардың алдына биік мақсаттар қойып, соларға жету жолында аянбай тер төгуге дағдыландырады екен. Олар оқушыларына жеңіл-желпі тапсырмалар ұсынбайды, олардың сабақта берген тапсырмалары күрделі болып, оқушыларды қиын жұмыс жасауға шақырады. Жақсы мұғалімдер өздері ұсынған тапсырмалардың орындалуын қатаң қадағалап, барлық оқушылардың белсенді әрекеттерге араласуын қамтамасыз етеді екен.
Екінші факторды ғалым «Академиялық қолдау» деп атаған. Бұл жәйт оқушылардың мұғалім тұрғысынан өздерін қаншалықты ынталандыратындығын сезінетіндігін көрсетеді. Мұндағы мәселе оқушылар мен мұғалімдердің арасындағы жеке қарым-қатынастың сапасында: оқушылардың бұл қарым-қатынасты қалай түсініп, қабылдайтындығында. Демек, жақсы мұғалім әр оқушымен жағымды қарым-қатынас орнатып, оларға керек болған кезде көмек көрсетіп, қажетті түрде қолдау көрсетеді екен. Осы арқылы барлық оқушылар мұғалімнің қамқорлығында болатындығын және де кез келген уақытта одан жәрдем алатындығына сенімді болып, оларда «Жалғыз қалып қаламын!», «Артта қаламын!» немесе «Тапсырманы орындай алмаймын!» деген қобалжу мен қорқыныштар болмайды.
Сонымен «Оқытудың тиімділігін зерттеу» жобасы жақсы мұғалімдердің оқушыларды белсенді оқуға итермелейтіндігін, олардан тынбай еңбектену мен оқу материалдарының маңыздылығын түсінуді талап ететіндігін анықтаған. «Олар өз оқушыларын «үйрену — ойлау әрекеті» деп қабылдауды мәжбүрлейді, — деп жазады У.Бозер. – Сонымен бірге тамаша педагогтер оқушылардың ынтасын арттырып, оларға қолдау көрсетеді, шәкірттеріне оқудан мағына табуға көмектесіп, оларға өздігімен әрекеттеніп, өз әрекеттерінің маңыздылығын сезіну мүмкіндігін береді».

«Әрине, бұл тұжырымдарды жаңалық деп айтуға болмас», — деп жазады әрі қарай У.Бозер (78 б.). Өйткені бұл зерттеуге дейін Нобель сыйлығының физикадан 2001 жылғы лауреаты Карл Виман мұғалімдерді «танымдық жаттықтырушы» («когнитивтік тренер») деп қабылдау керектігі туралы жазған. «Мұғалімді жай ғана ақпаратпен бөлісуші адам деп түсінбеген жөн»,- деп есептейді К.Виман. Әрине, бұл ойдың жаңсақ ұғым екендігі анық.
К.Виман мұғалімдер спорт түрлерінің жаттықтырушыларына ұқсас болуы керек деп есептейді, яғни олар оқушыларға «пәнді меңгеруде қажетті ойлау процесін негізгі құрамдас бөліктерге жіктеп, осыдан кейін олардан белсенді түрде ойлану жұмысына қатысуды талап етеді». Бұған қоса, мұғалім оқушыларды бұл ауыр жұмысты орындауға мейлінше ынталандыруы керек.
Мұғалімнің осындай қызықтыруы мен эмоционалдық қолдау көрсетуі әр оқушыға қажет-ақ. Өйткені «бізге жанкүйерлер керек», дейді К.Виман. Шындығында да жанашырлар болмаса, біздің ынтамыз да төмендеп, жұмыс жасау қарқынымыздың да баяу болуы ғажап емес. Пандемия кезінде стадиондарға көрермендердің келуіне тыйым салынып, футбол ойындарының сапасы күрт төмендеді емес пе?

Ал егерде сыныптағы әр оқушы «Біздің мұғалім — менің басты жанкүйерім! Ол менің биік-биік жетістіктерге жетуіме мүдделі! Оған қоса ол әр уақытта мені қолдауға да, маған көмектесуге де дайын!» деген ойда болса, онда олардың оқуға деген, сабақта қарастыратын материалдарды игеру үшін атқарылатын ауыр жұмысқа деген ынтасы ылғи да жоғары деңгейде болатындығы анық. Бұған қоса оқушылар өркендеу үшін тәлімгердің қажет екендігін де жіті түсінеді: біз тек біреудің көмегімен ғана үйренеміз, үйрену мен оқуда бізді қолдайтын, біздің дамуымызды қуаттайтын адамдар керек.

«Оқытудың тиімділігін зерттеу» жобасы тағы да мынандай мәселені айқындаған: оқушылар жақсы мұғалімнің қандай болу керектігін өздері де жақсы біледі екен. Әр мұғалімнің болашақта табысқа жететіндігін не жетпейтіндігін оқушылар арасында сұрастыру жүргізу арқылы айқындауға болады екен, деп есептейді Рон Фергюсон. Басқаша сөзбен айтқанда, егерде сіз жақсы мұғалімді тапқыңыз келсе, оның дипломына не еңбек өтіліне қарамаңыз. Оданша бұл мұғалімнің қалайша жұмыс жасайтындығын оның оқушыларынан сұраңыз. «Ол оқушыларына күрделі мәселелерді шешуді ұсына ма? Ол жақсы түсіндіре ала ма? Оның сабақтарында көп нәрсені білуге бола ма? Ол оқушыларға қандай қолдау көрсетеді? Оқушылардың білімі терең болуына мұғалім мүдделі ме? Ол өз пәнінің маңызын оқушыларына жеткізе ала ма? Оқуында қиындық туындаған оқушыларға қалайша көмектеседі?» деп жазады У.Бозер.
Демек, әр мұғалім оқушыларынан не жасау керектігін сұрауы қажет шығар? Өзінің қалай сабақ өткізетіндігін және өткізу керектігін, сабақтарына қандай өзгерістер енгізу керектігін. Сол баяғы бәрімізге де аян «оқушы үнін» ескеру ғой. Мәселе бұл әрекетті қаншалықты тұрақты және шынайы түрде қолданатындығымызда.
«Тұрақты» дегеніміз үзбей, әр сабақта оқушылармен ақылдасып, оларды сабақ жүргізуге (өткізуге) қатыстырып, олардың сабақты жоспарлау туралы пікірлерін сұрау арқылы.

Әр тапсырма мен сабақтың соңында рефлексия жүргізу арқылы: «Тапсырманы қалай орындадық? Тапсырманы орындау не берді? Қалай орындадық? Не үйрендік? Не білдік? Сабақ мақсатына жеттік пе? Оның дәлелі қандай? Табысты жерлеріміз қандай болды? Қай жерде қиналдық? Енді не істеу керек? Әрекеттерімізді қалай жақсарту керек? Олардың не беруі мүмкін? Қандай қорытынды жасаймыз?» деген секілді 2-3 сұрақты алдымен жұпта не топта 1-2 минут, ал содан кейін қайтадан 1-3 минут сыныппен талқылау арқылы.

Сабақтан кейін де 1-2 оқушыны 3-4 минутқа алып қалып, олармен сабақты талдап, оны қалайша жақсартуға болатындығын талқылау арқылы.
«Шынайы» дегеніміз оқушылардың пікірін өз тәжірибемізді жақсарту үшін білу. Сондықтан да олардың әр пікіріне құлақ салып, оларды сабақтарға өзгерістер енгізу үшін қолдану.
Сонымен, ғалымдардың пайымдауы бойынша, жақсы ұстаздардың өзге мұғалімдерден айырмашылығы мынандай екен:
1. Жақсы мұғалімдер оқушыларға биік талап қойып, өз айтқандарын орындатуда қаталдық көрсетеді, тапсырмаларды орындау мақсатында оқушыларын белсенді әрекеттерге ынталандырады.
2. Жақсы мұғалімдер әр оқушымен жағымды қарым-қатынас құрып, барлық оқушыны назарында ұстап, оның жанкүйеріне айналып, әр кезде қолдап, одан өзінің көмегін аямайды, дер кезінде сындарлы кері байланыс беру арқылы оның оқуын жақсартуға ұмтылады.

 

Ахат Алимов

-ЖАРНАМА-

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version