Home Жаңалық «Зерде» қатарынын 3 жыл елорда мектептерінің ең үздігі атанды

«Зерде» қатарынын 3 жыл елорда мектептерінің ең үздігі атанды

0

Жыл сайын осы уақытта білім саласында түрлі жаңалықтар мен жағдайлар болып жатады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, мектептер мен оқушылардың деңгейі сарапқа салынатын мезгіл бұл. Міне, сол ҰБТ-да өтті. Нәтиже шықты. Астана қаласы бойынша атағы алатаудай мектептерден көштің басын кім бастап тұрғанын анықтап, келесі жаңа оқу жылында ата-аналардың баласына мектеп таңдауына септігі тиер деген ниетпен төмендегі мәліметтерді ұсынып отырмыз.
Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Астана қаласында дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебі 1- орынды тағы сақтап қалды. 3 жылдан бері осы биіктен түспеген “Зерденің” нәтижесі мынадай:
тестілеуге қатысқан жалпы оқушы 28, оның ішінде «алтын белгіге» үміткер саны15, үздік оқушылар саны 5.
Ал, ҰБТ қорытындысы бойынша мектептің орташа балы: 116,9. Ең жоғары балл 122, Ең төменгі балл 108. «Алтын белгіге» үміткер 15 оқушының бәрі «алтын белгі» атағын қорғап қалды. 5 үздік оқушының 4-еуі «үздікке» қажетті балл жинаған. Тек, 2 оқушы ғана 2 сабақтан 4-ке тапсырып, қалғандары барлық сабақты 5 ке қорғаған.
Осы нәтижені басқа мектептермен салыстырып қарағанымызда «Зердеден» кейін екінші орында тұрған Қазақ-түрік лицейінің ең төменгі балы 68 екен. Баптаған түлектері басқадан оқ бойы озып, бәйгеден келген «Зердеге» ат басын бұрып, қуаныштарымен бөліскен едік.

Мектеп директоры Байтажикова Құралай Амангелдіқызы:

Мен жетістікке жеттім деп мақтанудан аулақпын. Бұл жетістік мектеп, ата-ана және оқушы сынды үштіктің бір-бірін түсініп, қолдап, сәйкесіп жұмыс жасауының арқасында жеткен ортақ нәтиже. Шынымен де, бізде оқитындар дарынды балалар екені рас. Дегенмен, бәрі дарынды деп оларды ары қарай жетелемесек немесе онсыз да «Зерде» деген атымыз бар ғой деп немқұрайлыққа салынсақ дарынды баланың бағын байлаған болар едік, керісінше, талантты балаға қабілетті ұстаздар арқылы білім беріп, оларды биіктен-биікке шығаруға талпыныс жасаймыз. Айналып келгенде, біздің ұстаздардың оқушыға білім берсем деген адал ниеті мен соған сай қажырлықпен жұмыс жасауының, өз ісіне адалдығының арқасы, осының бәрі. Өйтпегенде, мен мың жерден мықты болсам да «жалғыздың үні шықпас» дегендей, бір өзім ештеңе тындыра алмас едім.
Бұл нәтиже нені көрсетті? Бұл бұрыннан қалыптасып қалған қазақ мектептері дұрыс білім бере алмайды деген жаңсақ ойды өзгертті. Міне, қатарынан 3 жыл бойы Астана қаласы бойынша алда келеміз. Демек, әр ата-ана баласын бізге сеніп тапсыра алады деген сөз. Біз де ата-ананың үмітін абыроймен ақтаймыз деп сөз бере аламыз.

Математика пәні мұғалімі Соңғыбай Типан:

Мен «Зерде» мектебі ашылғалы алтыншы мәрте 11-сынып оқушыларымен жұмыс істеп келемін. Бұл дарынды балаларға арналған мектеп, қарапайым оқушылармен де көп жұмыс істедім, менің түйгенім: Біріншіден, оқушымен жұмыс жасағандағы ең маңызды нәрсе ол ұйымдастыра білу. Егер бір жылдық жұмыс барысында әр сағат жүйелі ұйымдастырылса 11-сыныптың өзінде математиканың бар ұғымын толық қайталап шығуға болады. Екіншіден: Талап ете алуда. Ұстаз берген білімін әркез оқушысынан талап етіп отыру керек. Қанша дегенмен, баланың аты бала, әдетте, үлкендерге сенген тірліктің өзі қузамаса бітпейді. Сондықтан, күн сайын барынша талап етіп тұрғанда ғана оқушы ҰБТ майданына нық сеніммен барады. ҰБТ математикасынан алаңдауға болмайды, ол бәзбіреулер асыра сілтеп жүргендей адам миы жетпейтін дүние емес. Ол – нақты ғылым. Осы ұйымдастыру мен талап етудің нәтижесі болса керек: кешегі ҰБТ-да барлық түлек беске тапсырып шықты.

11-сынып оқушысы Әбсаттарова Айдана:

Ең алдымен, жапалы еңбектің тәтті дәмін татып, Астана мектептерінің арасында ең жоғары нәтиже көрсеткен мектебімді жеңісімен құттықтаймын. Және өзімнің осы жетістігім үшін мектебіме мың мәрте алғыс айтамын. Себебі, осы күнге дейін маған қажетті білімді өз деңгейінде берді. Әрине, бәрі оңай болған жоқ. Мектеп пен мұғалімнің талабы ауыр. Егер сол талап пен тәртіп болмай, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүре берген болсақ, ҰБТ тапсырып болғанда мынадай қуану былай тұрсын, көзінен сора-сора жас ағып тұрғандардың қатарында тұрар ма едім, кім білсін? Біз бір мектептен 15 оқушы «алтын белгі» иегеріне үміткер едік. Бәріміз де қорғап шықтық. Мен осы алтын ұям болған мектебімді мақтан етемін.
P.S Міне, атамыз қазақ «еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болар»- деп осындайдан айтса керек. Бауыр еті баласын кім жаман болсын дейді? Әрине, әр адам перзентін білім мен парасаттың биігінен көргісі келетіні даусыз. сол шыңға жетелейтін, баулитын орта ол- мектеп. Ендеше, ата-ана балаңызға лайықты мектеп пен ұстаз талдау барысында осындай білім ордасының жетістігімен санасқаныңыз абзал. Ал, қазақ тілді мектептердің сапалы білім беретінін дәлелдеп, еліміздің білім беру ісіне орасан үлес қосып жатқан «Зердеге» алда тағы да алар асуларыңыз мол болсын демекпіз.

Жақсылық Орынбасар

kazbilim.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version