Home Ұлт діңі Ұлт болудың азабы…

Ұлт болудың азабы…

0

Осы тақырыпта біраз этюд жазбақпыз, бұл қазіргі қазақ қоғамы үшін өте маңызды мәселелерді көтеретін өзекті серия болмақ.
Қазіргі қазақты ұлт деп айтуға болады ма? Болмайды ! Менің ойымша біз этнос пен ұлт арасында талтайып тұрмыз, яғни өтпелі кезеңдеміз. Бұл Кенесары бастаған ұлт-азаттық қоғалыс жеңіліс тапқаннан кейін әлі күнге созылып келе жатқан жағдай. ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлері кезінде қазақ қоғамы бір серпілді, бірақ тоталитарлы озбыр орыстық жүйе ол қозғалысты тұншықтырып тастады.
***
Ғылымда ұлт аграрлық мәдениеттен индустриалды мәдениетке өту нәтижесінде қалыптастады деген тұжырым үстем. Бұл менің ойымша қоғамтанушы ғалымдардың тарихты және этнографиялық материалдарды игермеуіне байланысты пайда болған қате пікір.
Саяси антропологияда, әсіресе оның негізін салған Эванс Причард еңбектерінде, ХХ ғасыр басындағы саяси дербес африкандық тайпалар да ұлт атанады. Мәселе, ұлт деген ұғымның мемлекетпен тікелей байланыстылығында, ұлт- азаматтық сәйкестікпен басы біріккен дербес мемлекеттің халқы. Ұлт тек бір ғана этностан құралады деген пікір ұлт мәселесіндегі түсінбеушіліктің негізгі көзі.
***
Ұлт пен этностың арасын айыра алмау біздің қоғамдық ғылымдардың үлкен ауруы. Біз советтік анықтамалармен әлі де «ғылым жасап» келе жатқан елміз. Мәселен, Сталин «Марксизм и национальный вопрос» еңбегінде «Нация есть исторически сложившаяся устойчивая общность людей, возникшая на базе общности языка, территории, экономической жизни и психологического склада, проявляющаяся в общности культуры» дейді. Шын мәнінде бұл этностың анықтамасы, яғни мәдениеттен көрініс табатын тіл бірлігі, ортақ қонысы, шаруашылығы, мінез-құлқы- этносты өзгелерден оқшаулайтын белгілер.
***
Ұлт – этностан бірнеше есе күрделі құрылым ! Ұлт болу оңай емес ! Қазақ хандығы шеңберінде қазақ ұлтының қалыптасуы бірнеше ғасырдың жемісі ! Бірнеше жүздеген жылдар бойы Қазақ хандығы қазанында ондаған – жүздеген этникалық және әлеуметтік топтар қайнады. Қазақ құрамына кірген көптеген ру-тайпалардың жадында өз мемлекеттік тарихы бар еді. Осының бәрін қорытып, бір ұлт жасап шығару оңай болған болған жоқ. Қазір біздің алдымызда тағы да ауыр мәселе тұр- Қазақстанды ежелден мекендеген және ерікті-еріксіз осы өлкеге келіп қалған ондаған-жүздеген этникалық- әлеуметтік топтардан ұлт құрап шығу.
***
Ұлт дегеніміз не ? Қарап отырсақ бізде бір дұрыс анықтама жоқ ?! Сол себепті өзім де әлеуметтік антропология маманы болғандықтан ағылшын әлеуметтік антропологы Э.Геллнердің ұлт туралы жазбаларына сүйенеміз. Кембридж әлеуметтік антропология кафедрасының профессоры Эрнест Геллнердің идеология, азаматтық қоғам, тарихты экономикалық тұрғыдан тәпсірлеу, антропология және саясат тақырыбында ондаған еңбектері. Бұл бағыттардың бәрі де біз үшін маңызды екенін жас зерттеушілер аңғарған болар.
Э.Геллнер «Ұлтты адам жасайды, яғни ұлт- адамның сенім-нанымдарының, құмарлығы мен ынтызарлығының, бейімділігі мен дағдыларының жемісі» дейді. Ғажап анықтама ! Бұл жерде ұлт бір тілде сөйлеуі керек, ортақ экономикасы болуы керек, немесе ортақ мәдениеті болуы керек деген жалпылама сөздер жоқ. Мәселе сенім-наным ортақтығында, оның ең бастысы өзара сенімділік. Мәселе, ортақ қызығушылықта дейді, яғни мемлекет халқының басым көпшілігінің этикалық- эстетикалық құндылықтары бір болуы керек.
Э.Геллнер ұлт мәдениеті – идеялардың, шартты белгілердің, өз ара байланыстардың, мінез-құлық пен әдептің және өзара араласу ережелерінің бір тұтас жүйесі деген анықтама береді. Міне, осы жүйе қалыптасқан уақытта ұлт пайда болады. Біздің «Ұлт – этностан бірнеше есе күрделі құрылым» деуімізге де осы себеп.
***
Ендігі біздің басты сұрақ – ұлт болып қалыптасуымыз үшін не істеуіміз керек ? Ең бастысы – қазіргі жағдайымызды анықтау, яғни диагноз қою керек. Бұл шаруа кешенді жасалуы керек, яғни үлкен консилиум негізінде.
Тарихи тұрғыдан біз бірнеше кезеңге көңіл бөлгеніміз дұрыс деген пікірдемін. Оның біріншісі –Қазақ хандығы тұсындағы ұлт мәселесі, екіншісі – Кенесары қозғалысынан кейінгі қалыптасқан жағдай- коллаборацияның пайда болуы. Алаш қозғалысы кезіндегі ұлттың ояну үрдісі. Совет кезеңіндегі кері кету, ұлттың этнос деңгейіне түсуі- тіл үшін күрес т.б. Назарбаев 30 жылдығы- ұлттың саяси дамуына қарсы жасалған әрекеттер, этноэгоизм, трайболизмді ояту, этносаралық проблемаларды саяси тұрақтылық кепілі ретінде пайдалану тәжірибесі,
Иә, сонымен ұлт болу оңай ма ?

Проф. Ж.О.Артықбаев

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version