ҰБТ -ы кімнің деңгейін өлшейді?

Біздің жұрт мектептегі баласын жылына екі-ақ рет еске алады,
Бірі: 1қыркүйек білім күнінде; баласынан қай сыныпқа барасың деп сұрайды.
Екіншісі: ҰБТ-дан шу шықанда; баласынан сен қашан ҰБТ тапсырасың деп сұрайды.
Бала тәрбиесін ұмыт қалдырмайық. Он мектептің тәрбиесі бір әкенің тәрбиесінің орнын баса алмайды.
Бар жұрт баласын есіне алатын, ел болып елеңдей қалатын, дүбірі жер жарған, баласы аудиторияда тест тапсырып, ата-анасы мен ұстаздары «үй қамақта» отырып телефонын құшақтаған биылғы ұлттық бірыңғай тесттің бірінші күні артта қалды.
Бұл күні ҰБТ-ны оқушы біліммен емес, «whatsapp»-пен тапсыратыны өкініш. «Whatsapp» деген дәнекер, оның артында мүдделі мектеп, жалдамалы ұстаз, жан ұшырта сабылған ата-ана. Қарап тұрып бейшара күй-ай деп күңкілдейсің. Күйінесің.
Ата-анаға жаның ашиды, соңғы күні емес, 11 жыл балаңызды қадағалап жүрмедіңіз бе? Балаңыздың халін ертерек білмедіңіз бе? –деп.
Балаға жаның ашиды, білекпен емес біліммен күресер, бәсекеге байлықпен емес, ғылыммен түсер заманның ұланы екеніңді неге еске алмадың? – дейсің.
Ұстазға жаның ашиды, жының келеді. Балаға берген тәрбиең сол ма? Сенің «whatsapp»-тан келген сұрақтарды шешіп жүрген бейшара халіңді көрген төменгі сыныптың оқушысы сені сыйлай ма? Сенде не қадір, не қасиет қалады? «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі» — деген Мағжан Жұмабаевтың ақлиясын кім тыңдасын осыдан соң. Оң мен солды ажыратып тәрбие берер жұрт тәрбиесіздікке барса, олар тәрбиелеген ұрпақ не болмақ?
Мектепке күйінесің. сүйінетін орда едің, сүйсінткен тірлігің осы ма? Жалған атақ не керек? Ел ертеңін тәрбиелер ұлы орда жалғандыққа барса, ел ертеңі не болмақ деп ашынасың.
Жә, жаппай кіналаудан аулақпыз, бірақ, бұл сөзіміз бүгінгінің ақиқаты болған соң да айтпасқа шара қалмады. Әуелгі сөз өрнегімізге көшелік. Кешегі ҰБТ қалай өтті?
БАҚ жарыса айтты, біраз нәрсені, жабыла жырлады, біз оны қайталамақ емеспіз, маңыздыларына тоқталалық:
Ағымдағы жылдың 2 маусымда тест тапсыруға өтініш жазған 27 670 түлектің 26134-і (94,5%) қатысты деп хабарлайды ҚР БҒМ Баспасөз қызметі.
Тест 61 пункт базасында тапсырылды. Тәртіп бұзғаны үшін 13 талапкер аудиториядан шығарылды. Тест тапсырушылардан 5 962 ұялы телефон, 1 783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2 рация табылған.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша, ең жоғары 125 балды Алматы қаласындағы №178 лицейдің түлегі Әбдіжаппар Айғаным Бақытқызы жинаған.
3 797 түлек (14,5%) 100-ден астам балл жинаған. 2013 жылы мұндай нәтижеге 2 743 (11,4%) түлек қол жеткізген болатын.
Алғашқы күнгі ҰБТ балы орта есеппен алғанда 76,6-ны құраған (2013 жылы – 75,5 балл)
Ең төменгі көрсеткіш 50 баллды 6 233 (23,8%) түлек жинай алмаған. 2013 жылы бұл көрсеткіш 6 368 (26,4%) болған.
Бір күннің қысқаша қортындысы. ҰБТ тапсырып жатқан жұрттың алдынан біз де шықтық, мұңымен таныстық, қуанышымен бөлістік.
Жоғарыда айтқандай, ҰБТ бастала сала интернет бетінде біраз тест сұрақтарының суреттері пайда болды. Сырға тартпақ болып, түс ауа біраз мектептің мұғаліміне хабарластық.
Иә, масқара, деп бастады сөздерін. Біз емін-еркін көмектестік, 11 жыл 3-ке оқып келген біраз баламыз 100-ден асып бәрін беске жапты деп қуаныштарын баса алмай тұр.
Бәрі көңілді ме десек жылап жүрген біраз жұрт бар. Олардан сұрадық, «не болды ел қуанышты ғой?» — деп.
«Иә, бір аудитория бос, бір аудитория қатаң. Біреуге сырттан топырлап көмек келіп жоғары алды. Бізде қатаң болды, өз білгенімізбен шықтық. Әдетте, мектепте сынақ жазғанда менен 10-15 ұпай төмен алатын сыныптасым, өмірі 3-ке оқыған бала менен 17 ұпай алда тұр. Не дейін ішің күйеді? Неге бәріне қатаң болмайды?» — дейді, Астана қаласының бір мектебінің үздікке үміткер түлегі. Мұндай мысалдар жүздеп табылады. Мәселе онда емес, мәселе:
Біріншіден. Неге деген сұрақтар көп? Неге барлық жерде тәртіп бірдей емес, желі үзетін аппараттар қосулы тұрғанмен, неге телефон желісі кей жерде бәрібір ұстап тұр.
Екіншіден. Неге ұстаздан, мектептен ұят кетті? Балаға шын жаны ашыса жалған баға емес, неге шынайы білім бермейді?
Мұның кесірі қаншама өз еңбегімен тапсырған баланың бағы қиылады? Арттағы ұрпаққа қандай әсер береді? Бізде келесі жылы телефонмен жинай саламыз деп малданып қаншама ұрпақ өсіп келеді. Бұл қасірет емес пе?
Келесі күндердің ҰБТ-ысынан тек жақсы жаңалықтар күтеміз, Алла қазақ ұрпағына саналы ғұмыр сыйласын. Тек, КТК жаңалықтарынан «жоғалған болашақ» туралы естімейік.
Сөзімізге дәлел болу үшін ҰБТ парақтарын жүктедік. Бұлар 2 маусым күнгі ҰБТ да, Астана қаласы оқушыларының ұстаздарына жіберген суреттерінен таңдап алынды.

dc44bab09470df9abe88d797bfecbbae

 

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version