Home Жаңалық Сейітқали ДҮЙСЕНОВ. Жаңылтпаш оқулықтар қашан түзетіледі?!

Сейітқали ДҮЙСЕНОВ. Жаңылтпаш оқулықтар қашан түзетіледі?!

1

Қазіргі таңда мектеп оқулығынан маңызды еш нәрсе жоқ. Өйткені, болашақта ел тірегі саналатын жас ұрпақ оқулық арқылы білім мен тәлім-тәрбие алады. Парламентте, бұқаралық ақпарат құралдарында оқулық сапасы өткір мәлселелердің бірі ретінде көтеріліп жүр. Соның ішінде қоғамдық пәндер оқулықтарына қатысты сын көп айтылады.

«Қазақстан тарихы» оқулықтарындағы олқылықтар өткен ғасырдың 30-жылдарда орын алған «аштық» туралы үш оқулық үш түрлі датаны көрсетеді
• 9-сынып: (М.Қозыбаев, К.Нүрпейіс, Қ.Жүкеш. «Мектеп» баспасы, 2006) оқулығының 61-бетінде: ашаршылық 1930-1932 жылдары болған дейді.
• 11-сынып: қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы оқулығының (Қойгелдиев М, Төлеубаев Ә, Қасымбаев Ж, Далаева Т, Қалиева Е. «Мектеп» баспасы, 2007) 143-бетінде: аштық 1930-1933 жылдары болған дейді.
• 11-сынып: жаратылыстану бағытындағы оқулығының (Тұрлығұл Т, Жолдасбаев С, Қожакеева Л. «Мектеп» баспасы, 2007) 96-бетінде: аштық 1931-1933 жылдары болған дейді.
Осының қайсысы дұрыс?
Осы сияқты тарихи оқиғалардың даталары бірізге түспей әртүрлі жазылып жүр.
Атап айтқанда:
• 9-сынып: «Қазақстан тарихы» (М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, Қ.Жүкешев, «Мектеп» баспасы) 46-бетінде: Орынбордан астана Қызылордаға 1924 жылы көшірілді десе, сол оқулықтың 239-бетінде 1925 жылы деп басқаша жазады.
• 8-сыныптың тарих оқулығында (Ж.Қасымбаев «Мектеп» баспасы 2004) 1718 жылы Аягөз шайқасында «жоңғарларды жеңдік» (10-бет) десе, ал екінші оқулықта (З.Қабылдинов, «Атамұра» баспасы, 2008) 1717-1718 жылдардағы шайқастарда «жеңілдік» (17-бетте) деп жазады.
• 10-сыныптың қоғамдық-гуманитарлық бағыт оқулығының (Төлеубаев Ә, Қасымбаев Ж, Қойгелдиев М, Қалиева Е, Далаева Т. «Мектеп» баспасы, 2010) 151-бетінде: Қазақ хандығы 18 ғасырға дейін өмір сүрді деп жазады да, дәл осы оқулықтың 109 және 219 беттерінде: 19 ғасырдың 50-60 жылдарына дейін өмір сүрді тағы бір датаны көрсетеді.
• 11-сыныптың қоғамдық-гуманитарлық бағыты оқулығының 11-бетінде: «Бұланты шайқасы» 1726 жылы болды, ал, дәл осы оқулықтың 14-бетінде: 1727 жылы болды деп басқаша көрсетеді.
Айта берсе жоғарыдағыдай көптеген кемшіліктердің бетін ашуға болады. Осы оқулықтарды жазған авторлар құрамында 2 академик және 5 танымал тарих ғылымдарының докторлары бар. Бұл нені көрсетеді. Бір оқулықты жазуға көп автордың қатысқаны пайдасыз. Себебі, әрқайсы өз білгенін жазады. Бірінің жазғанын екіншісі қарамайды. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген осы.
Тарихи оқиғалардың бұлайша құбылуы, біріншіден, тарихшы ғалымдардың бірқатар түйінді мәселе бойынша ортақ пікірге келе алмауынан және отандық тарихшылардың әлсіздігін көрсетеді. Екіншіден, оқулық шығаруға жауапты мекемелер мен сараптама жасаушы ұйымдардың жұмысының жауапсыздығы.
«Қоғамдық білім негіздері» және «Құқықтану» оқулықтарындағы олқылықтар:
10-сыныпқа арналған «Қоғамдық білім негіздері» (Нысанбаев Ә, Есім Ғ, Изотов М, Жүкешов Қ, Адамбосынов Қ, Құлсариева А. «Мектеп» баспасы, 2010) оқулығының тілі өте ауыр. Әсіресе, «Таным теориясы», «Логика» деген тарауларын оқушылардың түсінулері өте қиын, ауыр ғылыми тілмен жазылған. Оқулық оқушыларға емес студенттерге арнап жазылғандай. Ғалымдар оқулық мазмұнын ғылыми еңбектерден жұлып алып, ешқандай редакцияламай мектеп оқулығына көшіре салған.
Сөзіміз жалаң болмау үшін оқулықтың 40-шы бетінен бір сөйлемді келтірейік:
«Философтардың кейбіреулері ақиқаттың өлшемі деп – тиімділікті, пайдалылықты және жайлылықты (прагматизм), енді біреулері жалпыға танымдылықты ұсынады, үшіншілері жаңа білімдерді ескі білімдермен қиыстыратын, ақиқаттың формалы логика өлшемімен шектеледі, төртіншілері білімнің ақиқаттылығын жалпы шартты келісу ісі деп түсінеді» дейді.
Ауыр әрі ұзақ бұл сөйлем 35 сөзден тұрады. 14-15 жастағы оқушыға арналып жазылған. Педагогика ғылымының талабы бойынша 10-сыныпқа арналған оқулықтағы бір сөйлем 17 сөзден аспауы керек. Ал аталмыш оқулықтың тек осы бетінде (40-бет) 26 және 27 сөзден тұратын үш сөйлем тағы бар. Және оқулықтың: 55-бетінде 37 сөзден, 60-бетінде 74 сөзден, 61-бетінде 60 сөзден, 62-бетінде 36 сөзден, 63-бетінде 40 сөзден құрылған өте көп сөйлемдер кездеседі.
Кейбір философиялық ұғымдарды қолдануда бірізділік сақталмаған. Мәселен, «эмпиризм» ұғымын алайық: 14-ші бетте: эмпириялық әдіс, ал 18 бетте эмпиристік әдіс деп, әртүрлі жазады. 8-ші беттегі «энтимема» ұғымын, 82-бетте энтитема деп қате жазады.
Сөйлем құраудағы қателіктер өз алдына бөлек әңгіме. Мәселен, 74-ші бете «ұлы қазақ географы Ш.Уалиханов» деп жазылған. Дұрысы «қазақтың ұлы географы Ш.Уалиханов» болса керек. Орысшадан аударғанда орыс тілдік мәтінді сақтағаны көрініп тұр. Осыған қарағанда оқулықты жазатын адам қазақ тілін жеттік білетін, аударма ісінен де хабары бар болса.
Осыған ұқсас тағы бір мысал, 10-сыныпқа арналған «Құқықтану» оқулығының (Ибраева А, Әлібаева Г, Айтхожин Қ. «Мектеп» баспасы, 2010) «Әкімшілік құқығы» бөлімінің 70-ші бетінде 57 сөзден құралған ауыр сөйлем бар:
«Бір азамат екінші бір азаматтан белгілі бір мінез-құлық ережелерін орындауды талап еткенде әкімшілік-құқықтық қатынастар осы азаматтар арасында емес, құқық бұзушы мен хаттама толтырып құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарта алатын мемлекет органы арасында туындайды; әкімшілік-құқықтық қатынастар әкімшілік құқықтың кез келген субъектісінің бастамасы бойынша туындауы мүмкін және бұл жағдайда екінші тараптың келісімі міндетті шарт болып табылмайды» дейді.
Бұл не деген сөйлем? Жас балаларды мазақ қылғаны ма?! Осындай қиын сөйлемдер «Қоғамдық білім негіздері» және «Құқықтану» оқулықтарында көптеп кездеседі. Оқулықтың авторларының құрамында – 2 академик, 4 ғылым докторы бар. Бұл тұлғаларды сауатсыз деп айта алмаймыз. Бірақ бұл адамдар оқулық жазуға қойылатын талаптарды толық ескере бермейтіні шындық.
Оқулық дұрыс жазылуы үшін мынадай талаптарды ескерген жөн:
1. Оқулық жазу үшін бірнеше ай ақылы еңбек демалысы берілсе. «Жұмыс арасында» жазылған оқулықта кемшілік көп болады.
2. Оқулық үшін төленетін қаламақыны өсіру қажет. Тарих оқулықтарын жазып жүрген авторлардың (З.Е.Қабылдинов т.б.) айтуына қарағанда біздің баспалар оқулық құнының 5 пайызын ғана қаламақы ретінде төлейді. Өркениетті елдерде 28 пайызын төлейді екен.
3. Ғалым авторлар жазған оқулықтарын мектепке алып келіп, сабақ беріп сынақтан өткізулері керек. Сонда ғана олар жетістіктері мен кемшіліктерін көреді. Нашар жазылған оқулық үшін автор жауап беретін болсын.
4. Оқулықтардағы «даулы» мәселелерді шешу үшін Қазақстан тарихының әр кезеңін жақсы білетін мамандарды «Мемлекет тарихы институтына» (1-2 аптаға) шақырып, дата, термин, тарихи тұлғалардың өмір сүрген уақытын т.б. бір жүйеге түсіріп, министрлік оқулық жазатын авторларға «нұсқаухат» ретінде берсе, отандық тарихтағы «даулы» мәселелер шешімін табар еді.
5. Оқулық макеті баспада жасалған соң министрліктің орта білім департаментінде, содан кейін «Оқулық» орталығында, және Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясында сүзгіден өтетін болса.
6. Қажетті жағдайда қосымша сараптама жасайтын мамандар тартылып, ең соңында оқулық тағдырын білікті ғалымдар мен мамандардан құралған республикалық комиссия шешсе.

http://www.namys.kz

1 COMMENT

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version