Білім бренді һәм ұлттық мектеп ұпайы

“Халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс”,– деген еді өткен ғасырда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Иә, арада бір ғасыр өтті. Бүгінгі ұрпақ қалай білім алып, қалай тәрбиеленіп жатыр?

Күндік өміріміз мектепте, ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысып жүргесін де бұл сұрақтың жауабы жадымызда жаңғырып жатыр. Бірақ дұрыс сұрақ ойлануға түрткі, ал ойлану– істің алғашқы қадамы. Сондықтан терезеден (мемлекеттің терезесінен) қарап көрейікші? Әлем баласы қалай тәрбиеленіп жатыр, қазақ баласы қалай тәрбиеленіп жатыр?

«Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін нәрсе – білім», –дейдіМұхтар Әуезов. Ал біз білім көшінде өзге жұртпен теңесе алып жатырмыз ба? Әлемдік бәсекеде орнымыз қайда? Біздің білімнің нәтижесі сол болмақ.

Әлемде «білім бренді» деген үлкен түсінік бар. Білім брендке айналған елде ғылым трендке айналады. Ғылымы асқан ел әлемге сыйлы, өзгеге жапақтамайды, жалтақтамайды. Қарызданбайды, құқы тапталып арызданбайды.

Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік, білімге сенген заманда өзгеден кем қалмалық, – дейді Әбіш Кекілбаев.  Біз қапы қалып жатқан жоқпыз ба?– деп кейде ұйқы қашады.

Әлемде мектептердің қалыптасқан бренді бар. XX ғасырда ағылшын мектептері, неміс мектебі, жапон мектебі деген мектептер өз алдына бренд болды. Оның өнімі бүгінгі технологиялық алпауыттарға айналдырды. Екінші дүниежүзілік соғыста жермен жексен болған Германия мен Жапония сол мектептеріне салмақ салып, мектебін ұлттық білім негізіне айналдырып, ғылымын түлетті. Сол арқылы ұлтын сақтап, елін күйреуден алып шықты. Өзін жеңіп кеткен елдердің алдына отыз жылға жеткізбей озып шыға келді. Бүгінде әлемнің ғылымдағы жетістіктерінен өз салмағын сақтап отыр.

XXI ғасыр келді,дәл осы неміс, жапон, ағылшыннан үлгі алған кіші мемлекеттер барын салуда. Бүгінде Фин мектебі, корей мектептері көпке үлгі болып тұр. Нәтижесі де нанотехнологиялардан бастап ауыр өнеркәсіпке дейін шығып жатыр.

Қазір 2010-2020 жылдардағы білім сапасы мен қолжетімділігі, өнімділігі, нәтижелілігі секілді әр түрлі рейтингтерінің жалпы қорытындысы бойынша әлемдік үздік 20 ел, білім берудегі  «үздік жиырмалық» қатары мынадай: Финляндия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Жапония, Сингапур, Ұлыбритания, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Швейцария, Канада, Ирландия, Дания, Австралия, Польша, Германия, Бельгия, АҚШ, Венгрия, Словакия, Таюан.

Иә, «тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан тұста қазақ мектебінің хәлі нешік?» деген сұрақ басшы ретінде де, осы саланың маманы ретінде де бәрімізді ойлантса керек. Себебі еліміз әлемнің дамыған 30 еліне қосылуы үшін білім саласы, білім сапасы сол биіктен көрінбек керек.

Ол үшін қазақтың алғашқы кәсіби педагогы Мағжанға жүгінелік. “Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады”. Бұл – Мағжан Жұмабаевтың сөзі. Күллі Алаштың идеясы еді. Сол үшін де күллі алаш қайраткері ат үстінде жүрсе де мектеп пен білімге барын салды, негізін қалады.

Білім саласы ұлттық брендке айналмаса, Мағжанның сөзімен айтқанда мектебіміз өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра алмасақ, ешқашан бәсекеден орын алмасымыз ақиқат. Себебі педагогиканың соңғы нәтижесі – ұлт психологиясының танымдық биігі. Ал психология –адамның тікелейгені, қаны. Бұл –ғылымда дәлелденіп қойған ақиқат.

Жоғарыда бүгінде әлемдік үздіктер –өз ұлттық мектебін қалап алғандар. Өз ұлттық брендін қалыптастырып қана қоймай, маңайына білім саласында отарлау жасап, мәдени отарлауға беттегендер. Оның дәлелі –хип-хоп, кәріс тілі һәм мәдениетінің бүгінгі қарқыны.

Біз осынау тарихи сәтте қазақ ұлттық мектебінің концепциясы туралы ойланып, ұлттың тәрбие негізінде заманауи ұлттық мектеп үлгісін жасақтамасақ, ертең ұлт ұтылады. Ұлттың тәуелсіздігі сынаққа түсері анық. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық мектеп ұпайы түгенделмесе, онда ұрпақ өзгенің жетегінде кетеді.

Бала қай тілде білім алса, түбі сол ұлтқа, сол елге қызмет етеді, – дейді Алаш арысы Мұстафа Шоқай. Иә, тіл дегеніміз – ұлттың жаны, ұлт дегеніміз – бүгін мемлекет. Сондықтан да ертең ұлтымыз бәсекеге қабілетті болсын десек, бүгін білім көшбасшыларына ұлттық мектептің ресми моделін жасап, ел бойынша жалпыластыру кезек күттірмес шаруа екені ақиқат.

Ұлттық ұпайымыз түгел болсын десек, онда мектебіміз өз жанымызға жақын болсын!

 

Аятжан Ахметжанұлы,
Нұр-Сұлтан қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы
№90 гимназия директоры.

 

-ЖАРНАМА-

4 КОММЕНТАРИИ

  1. Тауып дөп айттыңыз. Жалпы Қазақстанда мектеп тнк қазақ тілінде бллып, барлық ұлт елге қызмет етуі міндетті болу шарт.

  2. Жалпы Аятжан Ахметжанұлының фейсбуктегі парақшаларындағы ой пікірлері мен пайымдауларының деңгейі жоғары. Білім саласындағы прооблемалардың бастыларын айқындай білген және оларды шешу жолдарына жіті назар аударатын сауатты кадр деп білемін!

  3. Ассалаумағалайкум, өте орынды пікір, иә жаңа модель жасау керек, тек осы мәселеде халықпен ақылдасып жасау керек, төбеден қондырып, біреуден көшіріп, әртүрлі қажетсіз пәндер мен тілдер оқытып білім беру кәсібі отыз жылда алға баспады. Келісіп пішкен тон ешқашан келте болмайды.

  4. Әттең-ай, ұлттық мектеп брендін жасау деген ой көкейге қонады-ақ, бірақ білім саласындағы қой терісін жамылған қасқырлар сол идеяны бұрмалап жібереді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version