Home Ұстаз үні Ашық хат. Математик – математикке!

Ашық хат. Математик – математикке!

29

Ордалы ҚОСАЙ
Асқар Жұмаділдаевқа

АШЫҚ ХАТ

Асқар қарағым! Жақсы көретін едім. Ғылымға, әлемдік ортада өзін, қазақты танытқан Азамат деп жақын тұтатын едім. Көңіліме қаяу түсірдің. Бір емес бірнеше рет ұлт мұраттарына қарсы үндеу тастап, онсыз да екіұдай, кімге сенерін білмей жүрген қорыну комплексі етінен өтіп сүйегіне жеткен ұрпақтың санасын жаңғыртуға кері ықпал етіп қоймадың.

Азғана шегініс жасап өзім туралы мәліметтер беруге мәжбүрмін. Өйткені, қылдай қиянатты білмейтін, тумысынан адал, аузын ашса жүрегі көрінетін, Жасаған Ием ерекше қасиетке ие етіп өлшеусіз жады берген, теңдессіз бауырмал қазақ баласын сенгіш те, иланғыш та етіп жаратқан. Соңғы қасиеттері де жақсы, бірақ екінші жағы да бар, «теңізде балық өртеніп жатыр» десе сенетін ақкөңіл мінезіміз де бар.
Мамандығым – математика пәні мұғалімі. Аймақтық пединституттың бірінен жоғары білім алып, туған ауылымда, өзім оқыған мектепте еңбек жолымды бастап, сол жерден зейнетке шықтым. Мектепте жақсы оқып, математик болуды арман еттім. Институтта оқыған пәндерді игердім. Арнаулы курстарға қатыстым. Әсіресе, математиканы оқыту методикасына ыңғайлылау болдым. ЖОО бағдарламаларынан тыс «Интегралдық теңдеулер», «математикалық физика теңдеулері», «Қозғалыстың орнықтылық теориясы» арнаулы курстарына курстық жұмыстар жаздым. Әрине, қазақша оқулық жоқ кезде қазақша курстық жұмыстар жазу оңай болған жоқ, бірақ қазақ тілінде баламалары табылды. Кейде қазақша аудармасы орысшасына қарағанда айқынырақ болды. «Ішектің теңдеуін» жазғанда жарасып-ақ тұрды. «Фурье қатарларынан» курстық жұмыс жазғанда «Мажорируется» деген сөзді аудара алмай, «мажорланады» деген аудармамды жетекшім оқып мәз болғаны бар. Ал «Қозғалыстың орнықтылық теориясынан» лекция оқыған ұстазымның орнына өз тобыма дәріс те оқығаным бар. Сөйтіп, қазақтың тілі байлығы ғылым тілі бола алатынына әбден көзім жеткен-ді.

Институт бітірерде сонда қалуға мүмкіндік болды. Бірақ қала алмадым. Өйткені өзім көрген құқайды соңымнан ерген ұрпақ көрмесін, қолдан келгенше қарлығаштың қанатымен су сепкендей қызмет қылайын, дедім. 1963 жылы мектеп бітіргенде ауылдық жердегі мектеп бітірушілер қой бағуға қалдырылысын деген жоғарының пәрмені келген. Паспорт шығартпады, аттестат берілмеді. Мектептің сол кездегі директоры Гурьев пединститутының ректорына ертіп апарып, біздердің 10-шы кластағы үлгерім табелімізді құжат етіп қабылдатты. Сөйтіп сегіз бала физматты бітірдік.

Басымнан өткендерді айтқаным мақтану үшін емес, Сен сияқты белгілі ғалым болмасам да «Математика – ғылымдар патшасы» ұғымына түсінігімді айшықтау.

Енді бастан өткен кемшілігімді айтайын. Студенттік кезеңде гуманитарлық пәнді игерушілерді төменгі сұрыпқа жатқыздық. Тіпті, математиканы толық игермеген, есеп шығаруға шорқақ қыздардан да аулақ жүрдік. Алғаш еңбек жолымды бастағанда да математиканы меңгермеген оқушы класында қалу керек деген ұғым, күпірлік ой-сағымда жүріп, оқушыларға қиянат жасап, зорлап оқуға мәжбүрледім.

Осындай өрескел «айыптарымды» кейін түсіндім. Барлық баланы математик қыла алмайтынымды, тіпті қылудың қажеті жоқ екеніне де көзім жетті. Ф. Энгельстің «Адамды адам еткен еңбек» дегеніне шүбә келтіре бастадым. Мақұлықтың ең кішісі құмырсқадан артық еңбекқоры жоқ екенін, боқ домалатып бара жатқан қара қоңыздың адам бола алмайтынын сезіндім. Ақырында, Гетенің: «Адам – тәрбиенің жемісі» деген сөзіне тоқтадым. Оның үстіне Кеңестік кездегі тәрбиенің арқауы «әркімнің мені болуы керек» деп баулығаннан бүгінгі ұрпақ жаппай «менмен» болып шықты. Бүгінгі қоғам «нәтижесін» көрсетті. Тәуелсіз ел ұрпағына әлі сол тәрбие жалғасып келе жатыр. Шұғыл бас тарту керек.

Енді Сенің «технократ ел» болу теорияңа келейін. Менің пайымымда «технократтық – адамзатты құрдымға апаратын жол», оған дәлел жеткілікті. Екінші дүниежүзілік соғыста Жапонияға атом бомбасын тастаған ұшқыш жасаған жұмысының нәтижесін бағалап, ақыры жынданып кетті. Ұшқыш – орындаушы, ал бомбаны жасаған ғалымның күнәсі орасан ауыр. А. Сахаров супербомба жасап, лабораториялық сынақпен зерттегенде, жағалауға таяу мұхитқа тастаса бүкіл бір материкті су алып кететіне көзі жетіп, бас тартқан. Ол кісіні, жаңалығын үкіметке бермедің деп, 1989 жылға дейін қанішер коммунистер үйқамағында ұстады.
Компьютер жасамайсыңдар деп өкпелейсің. Атақты миллиардер, қалтафонның соңғы үлгілерін жасаған Стив Джобс өсиет айтыпты: «Мен іскер адамдардың әлемінде жүріп, жұрт жетпеген шыңға шықтым. Басқалардың көзімен қарағанда менің өмірімді керемет табысты өмір үлгісі деп қарайды. Бірақ Менің өмірімде жұмыстан басқа қуанышым көп болған жоқ. Байлық – Менің өмірімнің шынайы көрінісі еді. Қазір бүкіл өмірімді көз алдымнан жүгіртіп өткізсем, Менің бар байлығым мен атағым – ажалға бір күні жетектеп апаратын түкке тұрғысыз, мән-мағынасыз бір нәрсе екенін ғана түсіндім. Сіз көлігіңізді жүргізетін адамды жалдап алуыңызға болады. Табыс табатын, табыс әкелетін адамдарды жалдап аласыз. Бірақ Сіз ешкімді Сіздің ауруыңызды өзіне алып ауыратын адамды таба алмайсыз. Дүние мен мүлікті іздеп сатып аласыз. Бір ғана нәрсені – өмірді сатып ала алмайсыз, жоғалған өмірді іздеп таба да алмайсыз.

Демек, өмірдің еркетайы болыңыз. Басқаларды сыйлаңыз! Адам есейген сайын ақылы толысады, түсіне бастайды. 30 доллар тұратын сағат пен 300 доллар тұратын сағат екеуі де бірдей уақыт көрсетеді. Бағасы 10 доллар тұратын шарап пен бағасы 300 доллар тұратын шараптың «кайфы» бірдей. 30 шаршы метр үй мен 3000 шаршы метр үйде тұрсаң да жалғыздығы бірдей. Сіздің ішкі жан дүниеңіздің бақыты мал-мүлікпен, дүниеден нәр алмайды. Сіз экономкласпен немесе бизнескласпен ұшсаңыз да, егер ұшақ құласа, бірге құрисыз!

Егер Сіздің сөйлесетін достарыңыз немесе сөйлесіп тұратын адамыңыз болса, шын бақыт сол!
Даусыз бес шындық:
1. Балаларды бай болсын деп емес, бақытты болсын деп тәрбиеле.
Сонда ғана өскенде дүниенің бағасын емес, әр нәрсенің құндылығын білетін болады.
2. Асыңды ішкенде шипалы дәрі іштім деп ұғын. Олай етпесең
тамағың тек дәрі болады.
3. Сізді сүйетін адамдар, сіз қанша «керексіз» болсаңыз да, сізді еш
уақытта тастап кетпейді.
4. Адам болу мен адамгершілікті болудың үлкен айырмашылығы бар.
Тез жүргіңіз келсе – жалғыз жүріңіз! Алысқа барғыңыз келсе – бірге жүріңіз!
5. Әлемдегі ең мықты 6 дәрігер:
1.Күннің сәулесі;
2. Демалыс;
3. Спорттық жаттығу;
4. Диета;
5. Өзіңе сенімің;
6. Достарың.
Өмір бойы осылармен бірге бол», – депті.
Ал Сен болсаң, Асқар мырза, өзіңді дүниежарыққа жеткізген ұлтыңды – Қасиетті Қазақты жерге тыға бересің. Сен тынбай жапондықтардан үлгі алуға шақырасың. Сен осы жерден оңбай қателесіп отырсың. Жапондардың хас үлгісі «Тойота» жасау емес, олардың ұстанымы: «Батыстық ғылым, жапондық рух». Ұлттық рух қалыптаспаса, ешкім еш нәтижеге жете алмайды. Ұлттық рух барлық саланы, әсіресе ғылымды дамытады.
Алаш көсемдері неге дамудың жапондық үлгісін таңдады? Сол үшін оларды «жапонның тыңшылары» деп атты. Ол кезде жапондар әлі смартфондар мен «Тойотаны» шығармақ түгілі түсінде де көрген жоқ еді.

Мәселе жапондардың ұлттық рухы үшін күресті дамудың күре жолына қоя білуінде еді. Соны Алаш зиялылары таныды, үлгі етіп алды. Олар бастауыш білім аяқталғанша өзге тілді оқытпайды. Бастауыш сыныптарға ұстаз етіп тек қана ЖОО-ын үздік бітіргендерді жібереді.
Жапондар елінің 2700 жылдан бері мемлекеттік жүйесі қалыптасқан. Ұстанымы – жапон рухы, оны мәңгілік сақтау. Императоры – ұлттың көсемі, иесі. Англияда 1440 жылдан бері Итон колледжі қызмет жасайды. Колледждің мақсаты ағылшындардың ұлттық рухын сақтау, ұлтын ұлықтау. Сондықтан олар «Ұлыбритания» деген рухты ұранды ешқашан аяқасты қылмайды. Елінің барлық басшылары қай заманда да сол колледжді тамамдаған. Себебі бұл елдің иесі бар.

Асқар інім, менің жасым үлкен, Ағамын. Сенің құрдастарыңды оқыттым. Алғырсыңдар, өздеріңе лайық пікірлерің, өмірге деген көзқарастарың бар. Ол мінездеріңді жақтаймын. Кейде сыңаржақ, қыңырлықтарың да бар… Техникалық прогресті жақтамайтын, айранын ұрттап, қойын құрттап жүрген ауылбай-міскін деп ойлап қалма! Осы қазақты 4000 жыл бағып, осы дәуірге жеткізген төрт түлік мал екені рас. Кешегі Кеңестік кезде қой жайып жүрген өрісіміздің астынан мұнай шыққанда риздығы бізге бұйырмады. Жергілікті жастар кен орындарынан шетқақпай етілді. Келімсектер иеленіп кетті. 1985 жылы 5 мартта мектеп реформасына байланысты Маңғыстау облыстық партияшаруашылық активінің басқосуында обкомның хатшысы (ұлты басқа) баяндама жасады. Ауыл жастарын өндіріске жұмысқа орналыстыру мәселесі неге түбегейлі шешілмейді деген сауалыма, әлгі хатшы: «Совхоздың балалары мұнайға кетсе, қойды кім бағады?» деп жауап қайырды. Орынымнан қайта тұрып, залдағы микрофонға барып: «Маңдайымда қой бағу үшін туылған деген жазу бар ма?!» деп қарсы сұрақ қоюға тура келді. 22 жылдан соң да ішімде қайнаған, булыққан ыза айтылмай қоймады. Сан ғасырлар бодандықта өмір сүрген ұлтыңды аяқасты етіп, жермен-жексен қылғанда жалғыз өзің ұшпаққа ұшасың ба? Бір қазақ компьютер жасағанда, қалған қазақ жетіле қоя ма?!
Жаһандану заманында ұлттың жоғалып кетеріне үндеп, салт-дәстүрімізден, тілімізден, ділімізден, әдебиетімізден жерінуге шақырасың, «іліміңе» сенімдісің бе? Ондай пиғылда болсаң, әлемдегі үздік, осы заманғы ойшылдардың салмақтысы Г. Киссенджердің пайымдарымен таныс. Ол кісі: «Жаһандану деген сөз мәңгілік жүзеге аспайтын сандырақ, ал технологиялық жаңару ортақ жетістік. Жапондардың өз мәдениеті бар, мыңдаған жылғы дәстүрі бар. Қытайларды басқа мәдениетке көшіруді ойлаудың өзі қызық. Орта Азиялықтар мен мұсылман әлемінің өз салты бар, Еуропа да солай, тіпті Американың екі құрлық халықтарын жақындастырудың өзі мүмкін емес», – деп шегелейді. Арасына дуал тұрғызып жатқандары да бар.

2000 жылдар басында әлемдік бір жиында американдық саясатшы Колли Дурхан: «Енді он бес жылда бүкіл жер жүзі американдықша ойлап, американдықша өмір сүретін болады» дегенде, сол жиынға қатысып отырған Амангелді Айталы ағамыз: «Құдай одан сақтасын, о баста адамзатты жасағанда бір тілде сөйлетіп, бір ұлт етуге Жасаған Иеміздің құдіреті жетпей қалған жоқ. Сан түрлі ұлт пен сан тілді етіп жаратудың өзі өркениеттілік» дегенде жиынға қатысушылар Айталы ағамды қолдапты.

Бірде техника ғылымдарының докторы бір жерлесіміздің дүниетанымын естігенде, «техника ғылымының докторын сауатты адамдар қатарына жатқызуға болмайды», деп мақала жазып едім. Асқар бала, сен де сол деңгейде екенсің. Қазақта «көрмес – түйені де көрмес» деген бар. У. Черчилл ұлы қазақ Қ. Сәтбаевқа басқа мысты Жезқазғанның мысы деп таныстырып, сынағанда түсінен айырған данышпанға таң қалмап па еді? Сен, міне, ширек ғасырдан бері ұлттың руханиятын жоққа шығарып жүрсің, ал ұлы Қаныш Сәтбаев қыршын жасында Ресей астанасынан «Едіге» жырын шығарып, Алғы сөз жазып жүрді. Ол геологиялық барлау жасап жүргенде, малшылар Қанышты сағынып күтіп отыратын болған. Не үшін? «Қаныш келіп жыр айтады» деп. Сол Сәтбаев Жезқазған өңірінде өткен әулие Балмағамбет Балқыбайұлын (Сармолда) өзіне Рухани Пір тұтты!..

Қазіргі қазақ ғалымдарының арасында өздерінің әлемдік ғылымға жетекшілік ететін салаларының бар екендігін менен артық білуге тиіссің, әлде оларды көргің келмей ме? 2009 жылы Атырауда бір-жар күн бірге болған ақын М. Шахановқа жиынға қатысып отырған философия ғылымдарының докторы бір қарындасымыз: «Аға, соңыңыздан ерген іні-қарындастарыңыздан кімдерді айтар едіңіз?» деген сұрағына ағамыз: «Ешкім жоқ» деп қайырып тастады. Сұрақ қойған ғалым қарындасымыз: «Енді айтарым да, сұрағым да жоқ» деп шығып кетті.

Соған дейін ақын ағаны туған ауылыма әкеліп, жұртпен сұхбаттастырамын дейтін ойым бар еді. Осындай дәстүріміз бар еді. Бас тарттым. Сенімен де сондай ойым бар еді, енді сенен де бас тартуға мәжбүрмін. Адамзат «қалтафон» мен «тойотамен» жетілмейді. Тәрбиемен жетіледі, өседі, дамиды, толығады, ұлғаяды. Айман Мұсаходжаева әлем артисі атағын иеленді. Димаш жапон еліне барғанда аэропорт қазақша хабарлама жасады. Қандай концерт қойса да әлем «Дайдидауды» қазақ тілінде қосылып ән салып тұр. Бір ғасыр бұрын әлемді таңғалдырған Әмірені жазған «Comoedіa» журналын қарап шық.
Қазақ спортшыларының өзі қазақты танытып болды. Көлемі жағынан «Иллиада» мен «Одиссеяны» қосқанда неше орап кететін «Қырымның қырық батырын» Алматыда 1943 жылы алты ай бойы жырлап тауыса алмаған Мұрын жырауды естімеген боларсың. «Иассауи» тобының кештеріне қатыспағаның қандай орны толмас өкініш! Қасымызда жүрген Баянғали Әлімжановтың «Манасты» ырлағанын тыңдап көрші! Теңдессіз жад.
1980 жылдардың аяғында Ленинградта оқитын балаларыма барып жүргенде кездескен қазақтардың ғылыми жұмыста немесе ЖОО-ында жұмыс жасайтыны таң қалдырды. Ленинград Полярлық Академиясының ректоры Азургет Шаукенбаева атыраулық жерлесіміз екен. Франция президенті Жак Ширак Францияның жоғарғы орденін өзі әкеліп табыстағанын да білдік…
Біздердің замандасымыз Новосибирск инженерлік-құрылыс институтының 4-ші курс студенті Төкен Омаров 1965 жылы әлемде шеше алмай жүрген бір есепті шығарды. Әлемдік ғылыми орта физмат ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру керек деген ұйғарымына қызғаныш жасап, кеңестік ғылыми орта кандидаттық қана дәрежесін берген.

Асқар, Сен оларды білмейтін боларсың. Алдыңда жүрген Мұқтарбай Өтелбаев ағаңнан ұялмайсың ба? Олар есіріп, еліріп сөйлемейді. Ұлттың кешегісін біледі, талдайды, қорытынды шығарады, сөйтіп ертеңгісін қамдайды. Ал ғасырдың үздік ғалымы Темірғали Көкетаев ағамыз бір сұхбатында «өзімнің кім екенімді ұлттың рухын түсінгеннен бастап таныдым» дейді.
Смартфон жасаған екі Биллді кім таниды? Ешкім де! Биллдер мен Димашты салыстыршы! Өкініштісі, ұлттық рух деген Киені ұқпайтының көрініп тұр. Мен ұстазбын. Мені тыңда.

Рух – жүректегі қайрат, ақылға қонған сәуле, көздегі ұшқын, сөздегі жалын, іштегі жанған от, жаннан қымбат Ар, үрейді жеңетін қуат!
О баста Ер Түріктің санасын Рухы билеген. Түрік тектес халыққа өсіп-өніп, қанат жайып, кең байтақ жерді қоныстану – тұрмысты түзеу қияметінен ада, жүрегі ерлік пен мейірімге толы, жаны жайсаң, жасампаз да еңбекқор жұртқа лайық болған. Аллаға шүкір, сол қасиеттеріміз бүгінгі күнге жеткізді.
Рухани жаңғыру сандырақ емес, бодандық кездегі таңылған танымды, жаңылған жадыны, сарсылған сананы қалыпқа келтіріп, ұлттық кодқа оралу дегенді білдіреді.
Тұран жеріне түркі ұрпағының санасына құйылған тәрбие – Алып Ер Тұңғадан басталатын, Әл-Фараби, Ж. Баласағұни, А. Иассауи ілімдерімен жалғасатын Хакім Абай, Шәкәрім ғұлама мен жергілікті данышпан бабаларымыздан қалған мұралар жинағы. Ұлттық педагогика дегеніміз осы!
Ертеде, Ресейдегі бір жиында, «Русь» этнонимінің мән-мағынасын анықтау жолында сан-саққа жүгірген жаңсақ пікірлер аз болмапты. Осындай бір пікірталастан соң Ломоносов тарихпен шұғылданып кетіпті. «Неге бұлай істедің?» деген әріптесінің сұрағына: «Ұлттың санасын қалыптастырудағы тарихтың атқарар міндетін өзге бірде-бір ғылым атқара алмайды», – депті. А.С.Пушкин Ломоносов туралы: «Он создал нам первый университет, он лучше сказать, сам был университетом», – деп баға берген екен.

Ұлттық Сана тарихи сана арқылы қалыптасады. Ұлттық Сана, ұлттық мүдде болмаса ұлт ыдырайды, жойылады.
Әлде мақсатың сол ма? Сен, тіпті, елірмең қатты ұстаған кезде: «Тарихи мылжың мен тіл деп қақсамайық, ақындар айтысы кімге керек?» «Поэзиясыз да өмір сүреміз» деп сандырақтайсың. Ақындар айтысы өзімізге керек, ондай зерек ой мен жедел жауап қайыруды тек қазаққа ғана берген, басқа ұлттарға бұйырмаған.

Сен сияқты зиялысымақтар қазақ ұрпағын “қазақ тілден диктант жаздырмаңдар, қатесін қызылмен түзетпеңдер» деп, жауапкершіліктен жұрдай етіп тәрбиелеп жатыр, мазмұндама жаздырмай жадтан айырып мәңгүрттендіруде. Қазіргі ұрпақ бетіне қаратпайды, ата-анасы баласына «тәк» деген мұғалімдермен өштеседі. Ақыры өзіне-өзі қол салудың не түрі шықты. О заманда өзіне-өзі қол салған адамға жаназа оқылмаған, қауымға қойылмаған. Соның нәтижесінде бұндай келеңсіздік өте сирек, тіпті кездеспеген, кездескен күнде жария етпеген, туғандарына сын саналған.
Әлде мәңгүрттеніп жатқан жұртқа жағынып, жақсы атты көріну есебің бар ма? Ондайың болса, «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын», депті бұрынғы қазақ.
Тәрбие дегеніміз шектеу қою, бас-басына би қылып, бәсіне жібермеу шарасы. Қазақ даласында жыр-термеден, аңыз-ертегілермен сусындап басталған тәрбиенің сан-саналы түрі бар. Жыр-терменің мәйегі Сыр сүлейлерінің отанында өскен сен үшін бағаңды жерлестерің бере жатар.

Жұрттың бәрінің баласы сенің балаларың сияқты математик бола бермейді. Сөз басында айттым ғой, оның керегі де жоқ. Сен оқыған мектеп қана емес, сенен он жыл бұрын мен оқыған мектепте де «ақын болу мұрат емес, азамат болу парыз» деп, одан да бұрын айтып келе жатыр.

Шамаң жетсе жөніңе жүр, ұлтты азғырма. Қазақтың ата-бабасы сен емес, ұлттың көшбасшысы да емессің. «Мен баламды орыс класына берем» деп кергисің. Мейілің білсін. Шетелге көшіп кетсең де ауылым еру. Ешкім ештеңе демегесін, аузыңа келгенді «дей» берме. Математиктердің алды да, арты да сен емессің. Үмітіміз алда.
Технократтық Сананың түпкі мақсаты – тән рахаты, ашкөздік пен тойымсыздық. Алда болудың жарнамасы ғана жасалады. Міне, қазіргі қоғамымыз кешіп жатқан үдеріс – сен көксеген қоғамның ауыр елестерімен күрес! Асқар, осы уақытқа дейін сен айтқандай бос сөзбен өмір сүрдік. Әне қуып жетеміз, міне басып озамыз деп әлі солай келеміз. Жаппай ұлттық рух оянып, сезінбеген жұрт жекелеген жетістікті жоққа шығарады да тұрады.
Технократтық пен «әуелі экономика» саясатының салдары ашкөздік пен тойымсыздықтан елімізде 30 жылдан соң трагедиямен аяқталғанына көзімізді жеткізді. Осыдан екі ғасыр бұрын айтқан ұлы Гетенің: «Белсенді надандықтан қорқынышты ештеңе жоқ» деген қағидасы дәл келді.
Технократтықтың бүгінгі жетістігі – басқыншылықтың ең соңғы, жаппай қырып жоятын «СОИ» жүйесі және «ЖИ». Сондықтан адамзатты құрдымға апарар жол деуге әбден негіз бар.

Қабырғаңмен кеңес. Райыңнан қайтсаң, құшағым ашық. Айтысамын десең өзің біл, бірақ енді аямаймын. Барлық ұстаздар бірдей, бүгін ұрысып алса, ертесіне маңдайыңнан сипайды. Мен де солардың бірімін.
Ұялы телефон: 87024885863
87772242103

29 COMMENTS

  1. Қандай керемет айттыңыз. Өте жан-жақты, ұлттық намысты оятатын шығарма дер едім… Сіз сияқты ұстаздарымыз көп болсын деп тілеймін. Нағыз жанашыр екенсіз. Асқар Жүмаділовтың айтқан ойларын үнемі оқып отырамын. Өте білімді кісі. Тек ұлтты артқа тартқаны ұнамайтын. “Жаман, жаман”- десе бала алдыға ұмтылмайды ғой. Сол секілді қазіргі уақытта ұлттық кодымызды жандандыру мәселесін ойлауымыз қажет. Шұғыл Ұлттық салт дәстүрімізге қайта оралуымыз керек. Ол үшін жоғары жақтан қолдау болу керек. Менің қарным ашатыны бір мектепте кілең қазақтар жиналыс орысша өтеді. Бұл бір ғана мысал. Тілімізді құрметтемей ел болмаймыз. Рахмет сізге!!!

  2. Оу аға сойып салыпсыз ғой….Жаңғыру мәселесін өтте орынды айтқансыз… Енді ортақ шешімге келіп айтыспассыздар деп үміттенемін

  3. Өте орынды пікір. Әл – Фарабиде “тәрбиеден бұрын берілген білім
    адамзаттың қас дұшпаны ” демедіме?

  4. Пікір құнды , дегенмен технократтық дегенде Асқар ағамыз өндірісті дамыту қажет деген ойда айтылғанына күмәнім жоқ. 30 еңболмаса әр жылда бір облысқа 1 мемлекеттік завод не фабрика салынбады . Барды бұзып бөліп алдық , 1 Қызылорда қаласында 90 -жылға дейін 3 комбинат ол кемінде3000 ға жуық, 5 завод, 4 фабрика кемінде 2000 ға жуық жұмысшысыбар үлкен кәсіп орындар болды . Қазір қайда олар, цкк ны 25 жыл бұзып талады , әлі бар сарқыншақтар.. Үстіміздегі киімдерді өндірушілер қайтарып алса, бүкіл қазақ тыр жалаңаш қалары сөзсіз, ең болмаса ішкиім , шұлық тігетін фабрика жоқ қой. Мақсат жұрттың бәрі математик болсын деген емес , математикадан алған білімін бақытты болу үшін де бай болу үшін де пайдалануында . Математикада шектік мән бар оны қабылдаудың пайдасы үнемі бола бермейтіні секілді , неге әр қазақ бақытты да бай да болмасқа? Неге 1 таңдауы қажет? Қазақ ол баста айтып кетті ғой “есеп білмеген, …”

    • Ұлтай, дұрыс айтасыз. Академик Асқар Жұмаділдаевтың сөзінде жан бар. Мақала авторына оның өз сөзімен «Маңдайымызда қой бағу үшін туылған деген жазу бар ма?!» деп қарсы сұрақ қоюға тура келді.
      Ұлтай, сіздің “Мақсат жұрттың бәрі математик болсын деген емес , математикадан алған білімін бақытты болу үшін де, бай болу үшін де пайдалануында,” – дегеніңіз өте орынды. Мақала авторының өз сөзінде де көп қайшылық бар. Жапондардың мақтауын асырып, олардың «батыстық ғылым, жапондық рух» ұстанымын үлгі еткенімен, рухты айтып, ғылымды (яғни техниканы да) жоққа шығарады. Ф. Энгельстің «Адамды адам еткен еңбек» дегені құмырсқа мен қоңызға емес, еңбектің арқасында жабайы адамнан саналы адамға айналған адамзат баласына арналғанын ұмытады, ескермейді. Мақала шұрайлы, әдемі тілмен жазылғанын айта кетейік.

      • Қазақ халқы ұлттық рухсыз, өткен тарихынсыз, тек қана технократтық елге айналсақ, сонымен бақытты бай боламыз десек, желге ұшқан қаңбақтай мына әлемге бытырап жоқ болып кетеді. Табанымызбен күш алып тірейтін тірегіміз, мықты діңгегіміз ғасырлар бойы өткен жолымыз, тарихымыз. Сол тарихымызды, ұлттық рухымызды бодандық қамытын киген кезімізден жоғалттық, бізге орыс империясы жазып берді тарихымыз жұп жұқа бір ғана кітап болды, мектепте де институтта да оқығанымыз. Қазақ енді түп тамырын түгендеп аламыз деп жүргенде арамыздан Асекең сияқты академик ағаларымыз тарихты танығаннан ештеңе де өзгермейді, бәріміз технократ болайық деп жар салып жүргеніне бола жазылған дүние сияқты. Жалпы екі ағамыздың да ойы дұрыс, осылай деп олар дебатқа түспесе, бірін бірі қамшыламаса ойымыз жаңара ма…

  5. Керемет айтылган пикир екен…агаааау, рахмет сиздин бар болганыгызга…. теңіздің түбінде жаткан кол жетпес Инжу екенсиз ғой,өте билимди,казагым,Елим деп ениреген ер екенсиз…алдыңызда басымды идим…Аскар ағамыз да,казактын маңдайына біткен жулдызы ғой…адам болған соң кейде менменсип кетемиз….ол кисинин ойы осы сиздин жүректен жүрекке жеткен макаланыздан соң өзгерер…иә,роботтанудан Кудай сактасын,жаханданамыз деп адамдык,азаматтык санамыз озгерип,тилимизди,улттык кундылыктарымыз салт дастуримизди жогалтудамыз….бунын арты не боларын да сеземиз…ата ана мен баланың арасындағы катынас та озгерди…орысша окытамыз деп…*тәрбие тал бесіктен*деген ғой атам казак….ата мен ажемиздин де мектебинен де айырылдык…дурыс айтасыз..

    Сизден билим алған шакирттер не деген бакытты еди,озиниз сиякты казагымнын патриот азаматтары аздык етип жатыр ғой мына когамда..иә,мастанбайык,ең бастысы…шаш ал десе бас алатындар болмаса екен…Ата бабамыздан келе жаткан тарбиемиз,биздин ең басты кундылыгымыз,визитная карточкамыз…казыктай каткан адастырмайтын Темир казыгымыз…казакы тәрбие мен билим уштасса,онда биз казакы бейнемизди сактап кана коймай,ғылымда да коп жетистикке жетеримиз созсиз….тилимизден айырылсак,ултымызды жогалтатынымыз айдан анык…динимизбен,тилимизбен,казакы тарбиемиз егиз…сондықтан осы кундылыктарымыздан айырылмайык….Сиз сиякты аға болып акыл айтатын,ойға ой косатын,кисыгымызды тузейтин,минезимизди артып минейтин ағалар турганда,оны дурыс кабыл ала алатын ини карындас,когам турганда КАЗАГЫМ жогалмас, рахмет сизге….Бар болыңыз…
    P.S. Көп кате жибердим,клавиатураны жаңалау керек еди,кеширим сураймын

  6. Ассоломағалейкум Аға! Керемет Ой айтыпсыз. Толық келісемін. Менде математика мұғалімімін. Асқар Ағамызды көп тыңдаймын. Ол кісі ғылымға, білімге заманға сай жаңалық ашуға тәрбиелейді. Бірақ Ұлттық Рухты туралы айтулары өте аз. Мен осы пікіріңізге Ол Кісінің жауабын асыға күтудемін. Сіздей Ұстазға шәкірт болу үлкен Бақыт қой. Ойыңыз терең, сөзіңіз қонымды екен.

  7. Ағаларыма Алла ұзақ өмір бергей. Ордалы ағамыз соңында нағыз данагөй қарияға тән жолын жасапты. Құшағының ашық екенін жазыпты. Алла қазағымның ынтымағынан айырмасын.

  8. Кандай КЕРЕМЕТ ой-пікір! Саналы ұрпағымыз көбейсін, сыздей ұлы ұстаздар жасасын! Сізді окып отырып, Профессор шығар деп ойладым…

  9. Қатты кетпеңіздер. Аскар математиканы айтып отырса жастардың білімнен алшақтап бара жатқанын айтып отыр ғой.

  10. Пайғамбарымыз Мұхаммед с. ғ. с сендер құдайдан қорқатын жандардан қорықпандар, құдайдан қорықпайтын жандардан қорқындар деген мен білетін мына Асқар Жұмаділдаевтың теледидардан өз аузын
    ан естідім құдай жоқ деген сөзің ендеше бұл ғалым емес залым адам.

  11. Өте орыды және нақты мысалдармен өз сөзін дәлелдеп отырған математикті толықтай қолдаймын. Тәрбиесіз берілген білім ең қауыпты құрал , деп бекер айтпаған. Адам баласын қырып жоятын қаруды ойлап тапқандар сол білімділер емеспе. Біздің қазақи әдет-ғұрпымыздың негізінде бала тәрбиеленсе, ол өз мүдесінен халқының мүдесін жоғары қойған болар еді.

  12. Техника,технокрад деген жақсы ұғымдар ғой ғылыми жетістіктен шыққан терминдер оған шүбә келтірмейміз.
    Компьютер техникаға жататын болса, кеше соның зардабын шектік.Аяғын қайырып алып,тобығы іскен баланы Компьютерде тіркеуде жоқ деп дәрігерлер қабылдамады.Ол техника ғой ,сіздер адамсыздар ақыл ,кеңестеріңізді беріңіздер десем ,жоқ онсыз ешнәрсе істей алмаймыз
    деп іскен аяқпен кері қайттық .Ондай техникасы бар болсын,адам мен адамды адамша сөйлестірмейтін.Біздің орнымызда аяғын сындырған ауыр жағдайда келуі мүмкін ғой оларды да солай қайтарып жібере ме деп шошып кеттік…
    Әр нәрсенің өз жөні бар.

  13. Не деген сөздер, сөзден құрылған сөйлемдер десеңші.

  14. Қай мамандық иесі болсын, дегенмен бірінші орында тәрбие, рух тұру керек екені рас. Мектеп табалдырығын аттағаннан жазу, оқуды емес тәрбиені үйрету керек, тіпті қоршаған ортаны, табиғатымызды сақтауды, суды, энергияны, жылуды пайдалана білуді, не нәрсенің болса да мәңгілік емес екенін, әбден ұғындыруымыз керек ұрпағымызға, содан кейін білім беру керек. Ағайдың айтып отырғаны өте орынды. Сыр сүлейлерінің жыр-термелерін әрбір отбасы тыңдар болса, қаншама саналы сөздер, үлкен тәрбие, мән, мағына жатыр. Қазір балалармен бірге ата-аналарды да тәрбиелеу керек деген ой келеді.

  15. Осы жазылғанды оқып, көп тал м-тәрбие алып, жан дүнием бир байып қалғандай болды. Тек мына кисинин (А. Жумадилдаев) адресине айтылған сөз деп кабылдамадым, барлық болашақ ұрпаққа айтылған екен дедим. “келиним саган айтам, қызым сен тында” дегендей.
    Рахмет агай!

  16. Ризамын, аға! Сіздей ұстаздары бар қазақ бақытты екенбіз

  17. Ризамын, аға! Сіздей ұстазы бар қазақ өлмейді екенбіз

  18. Математик-математикке деген хатты оқып едім, соны көпшілік шала оқып жатыр.Шынында ұстаздың шәкіртке оқитын дәрісі екен. Бірақ академикке дәріс оқыған ауыл мұғалімі деу нанымсыз.Дәріс қалың көпшілікке арналған.Бұл ұстаз кім?шәкірттері болса таныстырсыншы.

  19. Ордалы ағаның пікіріне мен де қосыламын. Өте мағыналы, кең ауқымды мәселені көтеріп отыр. Әл Фараби ұстаздан бастап, алдыңғы орынға ұлттық сана мен рухты қойған, сонан кейін әр саладағы ғылым жетістіктерін меңгерген адам ғана сом тұлға болады. Шәкіртсіз ұстаз – тұл. Мен М.Шахановтан көңілім қалды.
    Мектепте бастауыш сыныптары тек қазақ тілінде оқып, ұлттық тарихымыз бен қасиетті салт дәстүрімізді толық танып барып, жоғары сыныптарда саясат, экономика, заманауи үрдісті, басқа елдің тілін оқыса дұрыс болады.
    Технократиялық сана, цифрландырылу – ешқайда кетпейді. Заман ағымына сай жаңалықтар ене береді.
    ” Құдайсыз қурай да сынбайды “- деген атам қазақ. Дінге табыну емес, дін арқылы рухани өмірінің мән -мағынасын өз зердесінде сақтаған адамның рухы да биік, ұстанымдары да мықты болады.
    “…кірпіш болып өз орнын тапқан” адам – нағыз бақытты. Мейлі оның мамандығы шопан болсын, мейлі профессор болсын.
    Бұл өмірін медицинаға арнаған қатардағы дәрігердің пікірі

  20. Ордалы Қосай деген ұстаздың шәкірттері барма ,таныстыртырсыншы деген сауалға жауап:
    Иә,бармыз.
    1971 жылғы бітірген шәкірттерінің бірімін. Ол кісіге мадақ айтуға болмайды, бізді солай үйреткен . Мадақ ағайымыздың ұстаздарына лайық.
    Маңғыстауда 1940-шы,1950-ші.жылдары Шоңқалов Торғай, Рахимов Хисмет деген даңқты екі математик ұстаз болған. Сол кісілердің ерен еңбегінің арқасында шаруашылықпен ғана айналысатын бір аудан өнеркәсібі өрге басқан, Қазақстанның донорлық аймағына жеткен облыстар қатарында. Ұстаздың еңбегі оның шәкірттеріне берген білімімен, шәкірттерінің жетістіктерімен, еңбегімен бағаланады емес пе. Жоғарыдағы математик ақсақалдардың аттары Маңғыстаудан да тыс жерлерде мәлім болған, тіпті, Шоңқаловтың шәкіртімін деген абитурентке сұрақ қоймай «5» деген баға қойыпты ғой.
    Біздің ұстазымыз сол кісілердің көзі тірі шәкірттерінің бірі.Талапшылдығымен бізге пәнді меңгермей кейін шегінетін жол қалдырған жоқ.Тек қана математиканы, жаратылыстану пәндерін ғана оқисыңдар,тек қана геологтар мен инженерлік мамандықты игересіңдер деп талап қойды . Сыйлап,түсініп оқыған жоқпыз, қорыққаннан оқыдық. Алайда, кейін осы ұстанымын біраз тереңдетіп, руханиятқа қатты ден қойды.
    Кластағы 22 баланың 10-ы инженерлік мамандықты игердік. Біздің мектептегі басқа кластардың оқушылары да солай. ЖОО –на түскенде математика пәнінің сынақтарынан түк қиналған жоқпыз. Шалғайдағы құм ішінде жатқан ауылдың түлектері сол кездерде Москваның, Ленинградтың техникалық ЖОО -на түсетін .
    Ұстаздарымыздың барлығы да жаңағы екі ұстаздың шәкірттері еді. Солардың бәрі бірінен бірі өткен «бесаспап», яғни айырықша талғамды, ой-өрістері кең, жан-жақты болатын. Бір қызығы, әдебиетші ұстазымыз Оңдабай ағайымыз өз сабағын қоя тұрып математикадан алған дағдыларымызды тексеретін. Осы қасиетті кейін Ордалы ағай еске алып, «математиканы меңгеру үшін тілді меңгеру керек, ақынжанды болу керек.Есеп шығару үшін сөзге түсіну керек қой. Екінші жағынан математик болу міндет емес, адам болу парыз. Адамды адам қылатын –сол ұлттың әдебиеті, қазақ қылатын-тілі» деген қорытындыға келген еді. «Ұлы» математик профессорға айтқан пікірінде осыны негізгі алғаны сөзсіз, алайда ол ініміз «сөздің» мағынасын бажайыламай, есепке кіріп кеткен көрініп тұр.
    Орекеңнің бүгінгі ұстанымы: «Барша қоғам болып бала тәрбиесіне атсалысатын кез келді. Сонда ғана сана дағдарысы жойылады, адамзат құндылықтары ашкөздік пен дүниеқоңыздық емес, жоғары мәдениетті, саналы адам деп

  21. Ордалы Қосай деген ұстаздың шәкірттері барма ,таныстыртырсыншы деген сауалға жауап:
    Иә,бармыз.
    1971 жылғы бітірген шәкірттерінің бірімін. Ол кісіге мадақ айтуға болмайды, бізді солай үйреткен . Мадақ ағайымыздың ұстаздарына лайық.
    Маңғыстауда 1940-шы,1950-ші.жылдары Шоңқалов Торғай, Рахимов Хисмет деген даңқты екі математик ұстаз болған. Сол кісілердің ерен еңбегінің арқасында шаруашылықпен ғана айналысатын бір аудан өнеркәсібі өрге басқан, Қазақстанның донорлық аймағына жеткен облыстар қатарында. Ұстаздың еңбегі оның шәкірттеріне берген білімімен, шәкірттерінің жетістіктерімен, еңбегімен бағаланады емес пе. Жоғарыдағы математик ақсақалдардың аттары Маңғыстаудан да тыс жерлерде мәлім болған, тіпті, Шоңқаловтың шәкіртімін деген абитурентке сұрақ қоймай «5» деген баға қойыпты ғой.
    Біздің ұстазымыз сол кісілердің көзі тірі шәкірттерінің бірі.Талапшылдығымен бізге пәнді меңгермей кейін шегінетін жол қалдырған жоқ.Тек қана математиканы, жаратылыстану пәндерін ғана оқисыңдар,тек қана геологтар мен инженерлік мамандықты игересіңдер деп талап қойды . Сыйлап,түсініп оқыған жоқпыз, қорыққаннан оқыдық. Алайда, кейін осы ұстанымын біраз тереңдетіп, руханиятқа қатты ден қойды.
    Кластағы 22 баланың 10-ы инженерлік мамандықты игердік. Біздің мектептегі басқа кластардың оқушылары да солай. ЖОО –на түскенде математика пәнінің сынақтарынан түк қиналған жоқпыз. Шалғайдағы құм ішінде жатқан ауылдың түлектері сол кездерде Москваның, Ленинградтың техникалық ЖОО -на түсетін .
    Ұстаздарымыздың барлығы да жаңағы екі ұстаздың шәкірттері еді. Солардың бәрі бірінен бірі өткен «бесаспап», яғни айырықша талғамды, ой-өрістері кең, жан-жақты болатын. Бір қызығы, әдебиетші ұстазымыз Оңдабай ағайымыз өз сабағын қоя тұрып математикадан алған дағдыларымызды тексеретін. Осы қасиетті кейін Ордалы ағай еске алып, «математиканы меңгеру үшін тілді меңгеру керек, ақынжанды болу керек.Есеп шығару үшін сөзге түсіну керек қой. Екінші жағынан математик болу міндет емес, адам болу парыз. Адамды адам қылатын –сол ұлттың әдебиеті, қазақ қылатын-тілі» деген қорытындыға келген еді. «Ұлы» математик профессорға айтқан пікірінде осыны негізгі алғаны сөзсіз, алайда ол ініміз «сөздің» мағынасын бажайыламай, есепке кіріп кеткен көрініп тұр.
    Орекеңнің бүгінгі ұстанымы: «Барша қоғам болып бала тәрбиесіне атсалысатын кез келді. Сонда ғана сана дағдарысы жойылады, адамзат құндылықтары ашкөздік пен дүниеқоңыздық емес, жоғары мәдениетті, саналы адам деп бағалайтын боламыз».

  22. Құранда ап айқын қылып сендерді ұлт ұлтқа бөлдік деп Хақ тағаланың өзі айтты емес пе?!
    Бұл ұлтшылдық емес. Адамның адамнан ерекшелігі оның табиғи болмысында, егер адам болмысын жоғалтатын болса фанатка айналып кетеды. Сол секілді ұлт, ұлттық болмыстан айырылса тек бағыты басқарылатын тобырға айналады. Ордалы ата сізді толықтай қолдаймын! Сіз секілді ұлт жанашырлары көбейе берсін.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version