Home Редакция таңдауы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Тауқымет пен тағзым» атты алқасөз жиыны өтеді.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Тауқымет пен тағзым» атты алқасөз жиыны өтеді.

0

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, ертең, 28 мамыр күні сағат 12:00-де Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру тапсырысы аясындағы тікелей қолдауымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі «Тауқымет пен тағзым» атты алқасөз жиынын ұйымдастырады. Онда «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің биылғы жылы 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Тауқымет пен тағзым» атты жинақ дискілерінің тұсаукесері өтеді.
Үш дискіден тұратын жинақтың бірінші дискісіне саяси қуғын-сүргін құрбандарының әндері және тақырыпқа сай әндер мен күйлер, екінші дискіге көркем-суретті және деректі фильмдер, бейне және фото мәліметтер, ал, үшінші дискіге саяси қуғын-сүргін құрбандарының шығармалары, естеліктері, тақырыпқа сай мұрағат материалдары, көркем шығармалар мәтіндері топтастырылған.
Аталған жоба аясындағы «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шығармалар мен көркем дүниелерді жан-жақты насихаттау. Бұл 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тақырыбындағы CD альбом-жинағын жарыққа шығару тұңғыш рет жүзеге асып отыр.
«Тауқымет пен тағзым» атты жинақ дискісілеріне саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар жайлы «АЛЖИР», «Алаш туралы сөз», Әйткеш Толғанбаев туралы «Музыкант» атты деректі фильмдер мен олардың әндері, күйлері енгізілген. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Сұраған жанға сәлем айт», «Анамнан алғаш туғанда», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», «Көкшетау», «Біздің жақта», Қапез Байғабыловтың «Қапездің қоштасуы», Міржақып Дулатовтың «Алаш маршы», «Алаш ұраны», Ахмет Байтұрсыновтың «Жиырма бес», «Камшат бөрік», «Арман» әндері мен Сармантайдың Ахметжанының «Елу сегіз» атты күйі, Әбікен Қасеновтың Сәкен Сейфуллинге арнаған «Қоңыр» атты күйі, атылар алдында соңғы өтінішім деп, күйді Әбікен Қасеновті арнайы шақыртып, үйретіп кеткен Әбді Рысбекұлының «Қосбасар» атты күйі, Сүгір Әлиұлының Созақ көтерілісі құрбандарына арнаған «Қосбасар» атты күйі және Әбді Рысбекұлының халықпен қоштасып кетіп бара жатқанда шығарған «Отбасы» атты күйі тыңдарман назарына ұсынылған.
Бүгінгі жас ұрпақпен қатар, саяси-қуғын сүргінді жүрегінен өткізген қайсар ұл-қыздарымыз үшін бұл жинақ өте құнды дүние болмақ. Кісіні терең ойға жетелейді, намысыңды оятады, жігеріңді жаниды. Бастысы – халқымыздың сүйегінде бар дегдарлық пен батырлықтың қандай қиын күнде де өз биігінен түспейтінін көреміз.
Өтетін уақыты: 12:00; 28 мамыр, 2014 жыл.
Өтетін жері: ҚазМемҚызПУ, Әйтеке би көшесі, 99-үй. Л1 залы. Тұңғыш Президент ауд.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version