-23 C
Нур-Султан
09.12.2021

Ана тілінде сауат ашу маңызды

Бүгінгі кейіпкеріміз: ұстаз, Алматы қаласындағы №92 Махатма Ганди атындағы мамандандырылған мектеп лицейдің директоры  Гүлжан Сауытқызы Шажабаева.

– Дәстүрлі тамыз конференциясында нендей мәселелердің көтерілгенін қалар едіңіз?

– Мұғалім әрі мектеп басшысы ретінде тамыз конференциясында: біріншіден, қашықтан оқуға байланысты материалдық-техникалық базаның жетілдірілуін; екіншіден, оқудың қай түрі болса да, мұғалімдердің интерактивті оқытуға дайындығын көтеруді; үшіншіден, сапалы білім мен саналы тәрбиені қамтамасыз ету мақсатында жас мамандардың біліктілігін арттыру курстарының жиі өтуін ұйымдастыру  мәселелерінің көтерілгенін қалаймын.

– Мемлекет басшысы балалар арасында дендеп тұрған суицид мәселесіне алаңдаған еді. Қазіргі уақытта бұл жайттың жай-күйі қалай?

– Қазіргі уақытта осы мәселені шешу үшін мектептерде психологиялық қызмет ұйымдастырылды. Оның құрамында білікті психологтар, әлеуметтік педагогтар мен тәлімгерлер, мектеп әкімшілігінің мүшелері бар. Олар әр оқушының әлеуметтік паспортын құрастырып, баланың жеке тұлғасы мен отбасылық жағдайларын бақылауға алады. Бұл орайда, Bilim Foundation қорының жергілікті әкімдіктермен бірге ЮНИСЕФ, Білім және ғылым министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығымен әріптестік негізінде жүзеге асырып жатқан «Жасөспірімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және олардың арасында суицидтің алдын алу» атты бағдарламаны мысалға алуға болады. Қор жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетовтің сөзіне қарағанда, елімізде жыл сайын шамамен 700-дей жасөспірім өз-өзіне қол салуды ойлайды. Өкінішке қарай, соның шамамен 30% жағдайында баланың өмірін сақтай алмай қалып отырмыз. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған бағдарлама бірнеше негізгі мәселені қамтиды. Алдымен жан күйзелісінде, өмірлік тығырыққа тіреліп, өлімнен басқа жол көре алмай күйзелісте  жүрген балаларды ерте анықтап отыру керек. Жасөспірімдердің психикалық саулық туралы сауаттылығын, хабардарлығын арттыру да маңызды.  Стресс, күйзеліс, депрессия деген не, оны өзіңнің бойыңнан және қасыңдағы досыңның бойынан қалай анықтау керек екені үйретеді.

– Президент ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан б­астау тиімді екенін атап өткен болатын. Бұл мәселе қалай жүзеге асып жатыр?

– Өзім басшылық етіп отырған М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейге қабылдау 5-сыныптан басталады, сол себепті оқушылар ағылшын тілін типтік оқу бағдарламасына сәйкес оқиды. ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениетіндегі көшбасшылардың бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз» деген болатын. Кемеңгер тұлғаның бұл пікірі халқымыз үшін өте маңызды. Мен де мұғалім ретінде бала пән негіздерін бастауыш сыныпта  ана тілінде еркін меңгеріп, кейін 5-сыныптан бастап шет тілдерін үйренгені жөн деп есептеймін.

– Өзіңіз басқарып отырған №92 мамандандырылған мектеп лицейдің жай-күйімен таныстырып өтсеңіз?

– 2020-2021 оқу жылында №92 лицей оқу-тәрбие үдерісін онлайн және офлайн  форматта жүргізді. Ең алдымен, көп балалы және әлеуметтік тараптан қорғалмаған отбасылардың балаларына «Мектепке жол» іс-шарасы аясында Жалпыға міндетті оқу қорынан көмек көрсетілді, қашықтан оқуға байланысты ноутбуктер мен планшеттер берілді. Сабақтар бір ауысымда Microsoft Teams платформасында сабақ кестесіне сәйкес өткізілді. Бөлім бойын­ша жиынтық бағалау жұмыстары мен тоқсандық жиынтық жұмыстары арнайы кесте негізінде алынды. Оқушылардың білім нәтижелері туралы ақпарат электронды «Күнделік» журналына уақытында толтырылып, оқушылар мен ата-аналармен кері байланыс сапалы жасалды. Оқушыларымыз пән олимпиадалары мен зияткерлік сайыстарға, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарға қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды. Олардың қатарында шахматтан әлем чемпиондары Рамазан Жалмаханов пен Айша Закирова, халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегерлері Мирас Асылов, Хантемір Әбіш, Ерасыл Ерғалиев бар.

– Жаңа оқу жылына дайындықтарыңыз қалай?

– Жаңа оқу жылына дайындықты перспективалық жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіп келеміз. Мектеп ғимараты, оқу кабинеттері, спорт залы мен спорт алаңы жөндеуден өтті. Мектеп мұғалімдері жаңартылған білім мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. 2021-2022 оқу жылында шәкірттерімізді сапалы оқытуға дайынбыз.

Былтырғы оқу жылында 11-сыныптардың мектеп бітіруші түлектеріне емтиханға дайындық сабақтары жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Нәтижелі жұмыс жемісін беріп, 9-сыныпты 13 оқушы үздік аттестатпен, 11-сыныпты 14 оқушы ерекше үлгідегі Алтын белгі ­аттестатымен, 9 оқушы ерекше үлгідегі үздік ­аттестатпен бітірді.

Әңгімелескен
Айhаным Болатбекқызы
«Ана тілі» газетінен алынды

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Тәуелсіздік жылдары Алматыда 450 жекеменшік балабақша мен 84 мектеп ашылды

Тәуелсіздктің 30 жылында Алматы қаласында мемлекет есебінен 61 балабақша, 45 мектеп салынған. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты. «Тәуелсіздік...

Батыс Қазақстанда бес жылда 77 мектеп салу көзделуде

Батыс Қазақстан облысында Президент тапсырмасына сәйкес бес жылда 77 мектеп салу көзделіп отыр. БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде...

Білім министрлігі мектепке дейінгі білім берудегі кемшіліктерді атап айтты

Мемлекеттік аттестаттаудан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 78 пайызы өте алмады. «Мектепке дейінгі ұйымдарда 2011 жылдан бастап лицензиялау жүргізілмейді. Бірақ, 2012 жылдан бастап мемлекеттік аттестаттау...

Білім беру ұйымдарын аттестаттау қағаздың көбеюіне әкеп соқпауы керек

Білім беру ұйымдарын аттестаттау қағаздың көбеюіне әкеп соқпауы керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. «Мемлекеттік аттестаудан өтпек болған балабақшалардың 80...

Мектеп директорларын ауыстыру қашан басталады

2022 жылдан бастап мектеп директорларының орнын ауыстыру басталады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. «Мұғалімдерді бейінді емес жұмыстардан, тексерулерден босату іс-шаралары...