Home Үздік Оқушы Қазақстандық оқушылар географиядан өткен халықаралық олимпиадада үш медаль жеңіп алды

Қазақстандық оқушылар географиядан өткен халықаралық олимпиадада үш медаль жеңіп алды

0

Қазақстандық оқушылар география пәнінен өткен халықаралық олимпиадада (IGEO-2021) бір алтын, бір күміс және бір қола жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Олимпиада Түркияның Ыстанбұл қаласында 10-16 тамыз аралығында онлайн форматта өтті. Зияткерлік жарысқа әлемнің 46 елінен 200 оқушы қатысты.

Олимпиадаға Ақтөбе, Шымкент және Қызылорда қаласынан төрт оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты. Ұлттық құраманы жарысқа тәжірибелі педагогтер мен жаттықтырушылар дайындады.

Зияткерлік сайыстың тапсырмаларын жоғары деңгейде орындаған қазақстандық төрт қатысушының үшеуі жүлдегер атанды. Рустам Валеев алтын медальға, Тазабек Еркебұлан күміс медальға, Сапарбеков Ерасыл қола медальға ие болды.

Ұлттық құрама мүшелері оқу-жаттығу кезінде жұмысты жоғары деңгейде жүргізген мұғалімдер мен жаттықтырушыларына алғыс білдірді.

«Осы жылы құрама командамыздың қоржынын медальдармен толтыратынымызға сенімді болдық. Зияткерлік сайысқа біз бар күш- жігерімізді салып дайындалдық. Мұғалімдер мен

жаттықтырушылардың арқасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бізге әрдайым қолдау көрсететін жаттықтырушыларымызға, мұғалімдеріміз бен ата-аналарымызға алғысымыз шексіз. Біздің халықаралық олимпиадаларға қатысуымыз үшін қыруар жұмыс жүргізетін «Дарын» орталығына алғыс айтамыз», — деді алтын медаль иегері Рустам Валеев.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында олимпиада жүлдегерлерін лайықты жеңіспен құттықтады.

«Олимпиада жүлдегерлерін жоғары нәтижелерімен құттықтаймын! Бұл сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен білімдеріңіздің және өздеріңізге деген сенімділіктің нәтижесі. Сіздерге қолдау көрсеткен мұғалімдер мен жаттықтырушыларға және ата-аналарға алғыс айтамын. Сіздер еліміздің намысын халықаралық деңгейде лайықты қорғадыңыздар. Біз өз тарапымыздан медальдардың саны жыл сайын ұлғаюы үшін жағдай жасауды жалғастырамыз», — деп жазды Асхат Аймағамбетов.

ҚР Білім және ғылым министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қолдау бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Осы тапсырманы орындау аясында министрлік заңнамалық өзгерістер дайындады.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version