-5 C
Нур-Султан
28.02.2021

Әбу-Асқар Мекешұлы. Qazbilim-нің шаңырағында ұлттық рух, керегесінде қазақы иіс бар

Ахмет Иүгінеки айтпақшы: «Білген адам білімді өмір бойы іздейді». Бұрынғы адам «өлеңмен келіп, өлеңмен кетсе», қазіргі бала туа салып, смартфон шұқылап, өмір бойы оқып, білім алумен кететін заман бұл.
Университет бітіргелі білім саласынан қол үзіп, қазіргі білім берудегі трендтер мен брендтерден мақұрым қалғанымызды жасыра алмаймын. Журналист ретінде бір жылдары қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше «реформаларға» үн қосқанымыз болмаса, күнделікті қайнап жатқан білім қазанының ішіне білек сыбана түсіп, біте қайнасқанымыз жоқ-тұғын.
Жыл басында белгілі журналист Амангелді ҚҰрметұлы хабарласып, Республикалық

Қазбілім Орталығы сайт редакторын іздеп жатқанынан құлағдар етті. Қазбілімді құрған
Аятжан Ахметжанұлының көзі де, сөзі де мірдің оғындай өткір екенін әлеуметтік желідегі жазбалары мен суреттерінен жақсы білгенмен, жеке таныстығым жоқ еді.
Білім саласындағы былық пен шылықты тулақтай қағып, сілікпесін шығара сілкіп жататын. «Біткен іске сыншы көп» қой әрине. Бірақ Айекең құрдас құр сынамай, «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегендей, әр іске өз ойын білдіріп, азаматтық ұстанымын ұсына біледі. Бұл тұрғыда оның «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлиханның позициясына пәрмен беретіні тәнті етті.
«Мені де тулақша қағып алар ма екен» деп үрейленсем де, сайт жүргізудегі он жылдық «опытыма» сеніп, алдына бардым. Екі ауыз сөзге келмей, Қазбілім әлеміне сүңгітті де жіберді.
Қазір өзі №51 мектеп-гимназияның директоры болып, орталықтың тізгінін Оразбек Әбсаттар бастаған қыз-жігітке берген екен. Аз уақыт ішінде қанатын кеңге жайған Қазбілім ұжымына сайдың тасындай іріктелген, «сен тұр, мен атайын» деген жігерлі жастар жиналғаны қуантты. Бәрі де ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарының мұратын шын түсінген, жас ұрпаққа заманауи біліммен қатар, ұлттық тәрбиені сіңіре алатын, құлқыны үшін емес, ұлты үшін қызмет етіп жүрген азаматтар!
Сөзіміз сылдыр болмасын, осы орталықтың ұстазы, белгілі ақын Азамат Мәлжанбай Әл-Фараби, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандардың еңбектерін зертеп-зерделеп, қазақ педагогикасына сүбелі үлес болып қосылатын қомақты кітап жазып жатыр. Орталықтың басқа да мұғалімдері жазған оқу-әдістемелік құралдары сын тезінен өтіп, оқушыларға таптырмас көмек көрсетіп келеді.
Бүгінде еліміздің 5 қаласында 11 бөлімі ашылған орталықта 130-дан астам ұстаз еңбек етіп, 5 жыл ішінде 5 мыңға жуық бала түлеп ұшқан екен. Олардың барлығы ҰБТ-дан ұпайлары түгел шығып, өздері қалаған мамандық бойынша білім алуда.
Қазбілімнің ауыз толтырып айтар тұстары көп. Заман талабынан қалыс қалмай, орталық жанынан баспа ашып, өз өнімдерін шығару, онлайн тренингтер мен семинарлар өткізу, түрлі мотивациялық, педагогикалық, психологиялық сабақтар жүргізу жолға қойылған. Qazbilim-Grant бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 оқушыға қайырымдылық көрсетіліп, «Алтын белгі» иегерлері мен олимпиада жеңімпаздарына, шетелден келген қандастарға түрлі жеңілдіктер жасалады.
Журналист болғасын, талай компаниялардың жұмысымен таныстық, талай басшыны, талай ұжымды көрдік. Әлемнің озық университеттерінен бір емес, табақтай-табақтай бірнеше диплом алып келген азаматтар басқаратын, тікелей үкіметтен қолдау көретін ұйымдарды да білеміз. Олар да заманға сай жұмыс жасап жатыр, дамып жатыр. Бірақ оларда бір нәрсе жетіспей тұратын сияқты бола береді. Ұлттық рух! Иә, оларда ұлттық рух, ұлтқа қызмет жағы ақсайды. Ал мен таныған, мен білген Қазбілімнің бір артықшылығы — шаңырағында ұлттық рух, керегесінде қазақы иіс бар! Жаныма жақын, ерекше жылы, сондай аяулы.
Кеше ғана қаз-қаз басқан Қазбілім биыл құлдыраңдай жүгіріп, ат жалын тартып мінбесе де, ашамайға отырып, тайға қамшы басар 5 жасқа толып жатыр!
Шабысың ағынды, екпінің арынды болсын, Қазбілім!

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Вице-министр сапасыз ЖОО-лардың қандай қитұрқы әрекеттер жасайтынын нақты атады

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов өзінің facebook.com парақшасында кейбір жоғары оқу орындарының тексерістен өту үшін қандай амалдарға баратынын егжей-тегжейлі жазды. *** Алдыңғы жазбада біз неге...

Ұлттық біліктілік тестілеуі кезінде педагогтердің өзі «шпаргалка» қолдануды әдетке айналдырған – Д. Смағұлов

2020 жылы  Ұлттық біліктілік тестілеуі кезінде Ережені бұзған 1202 мұғалім анықталса, 2021 жылдың 19 күнінде ғана бұл көрсеткіш 349-ға дейін өскен. Бұл туралы Ұлттық тестілеу...

Қайырымды істер марафонына елорда студенттері қосылды

Қайырымды істер марафонына Нұр-Сұлтан студенттері қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жастары астанадағы қарттар үйінің ауласын тазартып, қайырымды істер бастамасына қосылды. Ел Тәуелсіздігінің...

Вице-министр сапасыз ЖОО-лардың барлық былығын әшкере етті  

Білім сапасын қамтамасыз ете алмаса да, дипломдарды оңды-солды беріп жатқан жоғары оқу орындарының жабылуы – елдің және Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматтың қауіпсіздігіне тікелей...

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту керек — сенатор

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту керек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен отырыста сенатор Алтынбек Нұқұлы бір топ депутаттардың атынан...