-7 C
Нур-Султан
28.02.2021

Аятжан Ахметжанұлы. Ераға Ұстаздардың ұстазы еді

Қазақ оқу-ағартуы мен руханияты орны толмас қазаға душар болды. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне сарп еткен ҰСТАЗ өтті өмірден… Небары 58 жасында…

Жүрегі дархан даладай кең, көңілі аңғал баладай таза, білімі телегей теңіздей терең, адамдығы асқар таудай биік еді!

Кезінде Ұлт ұстазы – Ахметтер болса, бүгінде білімі мен біліктілігінің арқасында еліміздегі ең беделді ұстаздардың бірі де бірегейі осы – Іргебай Ербол Ісләмұлы болатын!

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден!» деген алдаспан сөзді өмірлік ұстанымына айналдырып, аузына қараған шәкірттеріне ең алдымен ұлттық тәлім беруді басты мақсаты қылған арда азамат еді.

Қамыға қазанама жазып, қабырғам қайыса, егіліп отырам деп кім ойлаған, өлшеулі ғұмырдың бітетін күні бейнеттің зейнетін көрер жасқа жетпей тоқтарын кім білген…

Сөзімнің басында ұлт ұстазы Ахаңды жайдан-жай еске алып отырған жоқпын. Ахаңмен Ерекеңнің егіз тұстары көп еді. Мынау нарық деп шарқ ұрған заманда Алаштың аманатын кірлетпей ұстап, келесі ұрпаққа жеткізу екінің бірінің қолынан келмей жатқанын көріп те жүрміз ғой. Әттең, ұлтын тек сөзімен емес, ісімен сүйген тұлға еді.


Жұртқа жай сәйкестік сезілер, бірақ өзіме қатты әсер етеді. Ұлт ұстазы Ахаң туған күн мен Ербол Ісләмұлы туған күн бірдей еді. Екеуі де 5 қыркүйекте дүниеге келген. Арасы тура 90 жыл. Ары қарай саралай отырарсыз, егіз тұстары тым көп-ақ.

Ербол аға 1962  жылы бұрынғы Семей облысы Аякөз ауданының Тарбағатай ауылында (Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) дүниеге келді. Ұлы Абай елінде туған ұлдың қазаққа қызмет етпей қоймасы бала кезінен белгілі болса керек. Сол топырақпен дарыған тектілік болар, Ербол аға жастайынан Абай даналығымен сусындап өсіп, 1979 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1983 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

Еңбек жолын Семей облысы Таскескен ауданы Тасбұлақ орта мектебінде мұғалім болып бастаған жас маман терең білімі мен кәсіби білігінің арқасында бес жыл өтер-өтпестен Таскескен ауданы Лайбұлақ орталау мектебінің директоры, одан кейін Таскескен ауданы Қарақол орта мектебінің директоры болды.

Ербол Ісләмұлы 1990 жылы әлі тәуелсіздік алмаған, КСРО идеологиясының дүрілдеп тұрған шағында ата-аналарды ұйымдастыра отырып, Лайбұлақ орталау мектебінде орыс сыныптарының орнына тұңғыш қазақ сыныптарын ашып, қазақ балаларының ана тілінде білім алуына мүмкіндік жасапты.

Жас маманның ұйымдастыру қабілеті мен халықтың тілін таба білу, мұң-мұқтажын ести алу сияқты қасиеттерін жоғары бағалаған жергілікті билік Ербол Ісләмұлын Таскескен ауданы Халық депутаттары Қарақол ауылдық кеңесінің төрағалығына сайлады. Ал 1994 жылы Үржар ауданы Қарақол ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалып, жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқара білді.

«Азамат ауылда туып, астанада өледі» деген сөз бар емес пе қазақта… Ербол аға да дәл солай, бойын кернеген бұла күшпен, елге қызмет етуге деген құлшыныспен 2000 жылдардың басында Астанаға көшкен алғашқы толқын ізін суытпай ат басын елордаға тірейді.

2005 жылы № 40 мектеп-лицейіне директор болып тағайындалып, табаны күректей он үш жылын осы мектепке арнаған екен жарықтық…

Ұрпақ тарихпен сусындап, тұлғаға қарап өсуі керек, себебі «Ағаш ағаштан – мәуе, адам адамнан тәлім алады», мектепке тұлға атын беріп, балаларды ұлттық рухпен тәрбиелеу керек дегенді аузынан тастамайтын еді аға. Ол жай айтпайтын, ісімен дәлелдейтін. Иә, сол көзқараспен өзі тізгінін ұстаған № 40 мектепке Әлкей Марғұлан есімін әперген-тұғын. Алайда ұлы тұлғаның атын қою бір бөлек, ал сол атаққа лайық болу – мүлде басқа мәселе. Жарықтық сол жауапкершілікті мойнымен көтеріп, қала шетіндегі қарапайым ғана мектепті елорданың ең беделді білім ордаларының біріне айналдыра алды. Ерағам басқа қызметке ауысар жылы мектеп қаланың ең үздік білім ордасы атанып, әкім грантын иеленген болатын.

Әлкей Марғұланның құнды жәдігерлері мен рухани мұрасын там-тұмдап жинап, мектеп қабырғасынан мұражай ашты. Ғалымның өнегелі өмірін әр оқушының бойына дарытып, білім-ғылымға құштар қаншама жас жүрекке ыстық ықылас отын сыйлады. Әлкей атамыздың Алматыдағы үйіне өзі барып, ғалым қолданған заттар мен үй жиһазын арқалап кеп, мектеп музейіне көзінің қарашығындай сақтап кетті.

Ол кісі мектепте бастықпын деп шіреніп еш отырмады. Оқушымен ұстаз ретінде, мұғалім мен әріптес ретінде етене араласып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуден бір танбады. 2009 жылы мектеп ұжымында «Ата-тегіңе құрмет, тілге — құрмет» акциясын ұйымдастырып, мектеп мұғалімдерінің ата-тегіндегі «ов», «ев»-тен, «ович» пен «овна»-дан бір күнде  айырылып, таза қазақы есімге бір-ақ күнде айналдырды.

Қазір мұнартып, мөлдірей көз алдыма келіп отыр…

2015 жылы тамыз айында аға өзі телефон шалып, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары болуға шақырды. Бірақ, басқа жұмысқа уәде беріп қойғандықтан, бас тартуға тура келді. Дегенмен бір барып, бетпе-бет танысам деп уәдемді бердім. Ол кезде әлеуметтік желіде пікір алмасып, азаматтық ұстанымына, ұлтшыл, ұлағатты болмысына тамсанып жүрген жас маман едік. Ол кісіден мұндай мәртебені күтпеген басымыз, көп өтпей қыркүйектің аяғына таман бетпе-бет танысуға  алып-ұшып жетіп бардым. Бірден әңгімеміз жарасып, бұрыннан таныс адамдай араласып, өзінің тереңдігімен, кеңдігімен, биіктігімен баурап алды. Тек мен ғана емес, білім саласына енді белсене араласқан, өзіндік айтар ойы бар жастармен пікір алмасуды өте жақсы көретін жан еді. Бүгін ел алдында жүрген қаншама жастың шыңдалып өсуіне себепкер болған тұлға еді…

Жыл сайын Әлкей Марғұлан атындағы олимпиаданы ұйымдастырып, оқушылардың білімге деген құштарлығын, білім жарысына деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда көп еңбек сіңірді. Қайсыбірін айтайын, ұлтты ісімен сүюдің үлгісін жасап-ақ кетті ғой, шіркін…

Ұлт жанашыры, ұрпақ ұстазы ғана емес, білікті басшы, іскер азамат ретінде де Ерекеңнің еңбегі ел аузында көпке дейін айтылары анық. Соның дәлелі 10 мың оқушы тәлім алатын заманауи Оқушылар сарайының тасын өрге домалатып, шаруасын шырқ үйіріп әкеткені дер едік.

Өзінің сол іскерлігінің, азаматтық ұстанымының арқасында Елордалық Оқушылар сарайына ғаламның екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін алып беруге бар күшін салып, ғалымның бюстін орнатып, «Әл Фараби атындағы оқу-тәрбие орталығын» ашты.

Абаймен сусындап өсіп, жүрегі Алаш деп соққан ұлағатты ұстаз оқушылар сарайында қаншама рухани-мәдени шараларды ұйымдастырып, балалардың білім-ғылымға, рухани дамуына барын салды.

Әйгілі абайтанушы, шәкәрімтану және алаштану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы-драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханов Ерағамның ұстазы еді. Ерағам сол Ұстазына, оның жолына өле-өлгенше адал болды.

Кезінде бір жиналыста бір кісі Қайым  Мұхамедхановтың Астанаға не қатысы бар деген сөзді айтқанда, бір аптадай кәдімгідей ауырып қалған-тын. Бірақ, іспен жауап бергенді жөн көрді. Өзінің ұстазы Абай жолын жалғастырған Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің жолын қуып, тағдырдың талай теперішін қайыспай көтерген Қайым Мұхамедхановтың атымен бір мектепті атауды арман етті. Қайым Мұхамедхановтың 10 томдық шығармалар жинағын шашауын шығармай, жүлгесін үзбей, там-тұмдап жинап, қазаққа ұсынып кетті.

Биыл тамыз айында оқушылар сарайынан жаңадан ашыған № 90 мектеп-гимназиясына сол миссиямен барған еді. № 90 мектеп Ерағамның соңғы қолтаңбасының айқын үлгісі болып, жадымызда қалды. Жасалған ішкі дизайны, акт залының ұлттық нақыштағы сән салтанаты, мектептің бейнесі ағаның өзіндей жарқырап, оқушылары мен ұстаздарына нұрын шашып тұрары хақ.

Аурухана төсегіне таңылса да, № 90 мектепке Қайым Мұхамедхановтың атын алып беру үшін барын салды. Тіпті кейде ауырғанын елемей, дәрігерді тыңдамай мектептің жұмысын аурухана төсегінде істеді. Мүмкін сөйтіп жүріп, асқындырып та алған шығар… Амал нешік…

Тіпті керекті құжаттарды сол күйі төсекте жатқан жеріне алғызып, қол қойып, үлгеріп кетуге тырысты. Қалалық ономастика комиссиясына бекіттірді, атын өзгертуге демеуші құжаттарын реттеп берді. Жүрегі сезген екен ғой шіркін… Толық өзгеріп, маңдайшалық ілінгенін көрмей кетті… соңғы қол қойылмай, соңғы дем үзіліп кетті…

Соңғы реткі сайлауым ғой деп қалмай, соңғы сайлауда әзер басып, өзі басқарған оқушылар сарайына кеп, елі үшін соңғы таңдауын жасады. Содан кейін бәріміз де көрмедік.

Әр таңды тілекпен бастайтын еді, тілегін соңғы рет 27 қаңтарда оқыдық, әлсіреді әрине, ал кеше 5 ақпанда ақ жүректің тоқтағанын естідік…

Ераға «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалін кеудесіне лайықты маңдай терімен тақты. Еңбегімен «Халық сүйіктісі» сыйлығының иегері атанды.

Айта берсек, таңды таңға асыруға болады. Иә, Ерағам Астананың білім саласының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Білім саласына ұшан теңіз еңбек етті. Әлі де аттан түспей, белін шешпей, елі үшін, халқы үшін талай тауды қопарып, талай шыңға шығатын азамат еді, шіркін…

Қапияда, қаншама мыңдаған шәкірттері мен миллиондаған мүдделесін зар еңіретіп сұм ажал алып кете барды…

Бақұл болыңыз, аға! Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын…

-ЖАРНАМА-

22 КОММЕНТАРИИ

  1. Рахмет, АЯТЖАН балам!
    Ұстазың жайында ерекше тебіреніспен, махаббатпен жазыпсың!
    Денің сау болып, аман есен жүруіңе тілектеспін!

  2. Ия, өкінішті, әлі де елге қызмет етуге мүмкіндігі бар шақта үзілгені! Аятжанға үлгі болған ұстаз екен. Аятжан, қайғыңа ортақпын!

  3. Өте керемет жазылған! Шынымен ұлтжанды жаны жайсаң ағамыз еді. Жаны жаннатта болсын!

  4. Жақсылар өлмес болсайшы! Ербол аға туралы айтар, айтылар сөз таусылмас… Жаратылысы бөлек азамат еді ғой…

  5. Асылдардың ізін жалғаушы осындай біртуар ағамыздың ортамыздан ерте кеткені бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Алайда Аятжандай жоқтаушысы бар ардақты ағамыз мәңгі тірі. Ербол ағаның жаны жәннтта болсын! Атына заты сай ағамыз еліне Ер болып келіп,Ер болып өтті!
    Алла бастап кеткен ісінің сәтті аяқталуына және Ербол ағаның есімі де бір білім ордасына беріледі деп үміт күтейік.

  6. Әр айтқан сөзінде үлкен терең ой жататын. Өмірдегі болып жатқан жағдайды Абайдың қара сөздерімен нақышына келтіріп адамның жан дүниесіне жеткізетін жан еді. Қанша ақыл айтса да тыңдауға жалықпайтын едім. Жатқан жері жайлы,топырағы торқа болсын жан аға

  7. Ауыл мектебінен Астана мектебіне дейінгі барлық кәсіби педагогикалық жолдан өткен кемеңгер басшы, ұлағатты ұстаз, заманаи ұлттық мектептің менеджері, 1983 жылы Таскескен ауданында «жас мұғалім» ретінде бірге бастаған досым Ербол Ісләмұлы дүниеден озды! Жаның жанатта болсын!!!

  8. 5 жыл тосатын уақыт жоқ!!! Сөзді көбейтпей тез арада Президентке, Үкіметке, Парламентке т.б ресми мемлекеттік органдарға Астана мектебінің біріне немесе Оқушылар Сарайына Ербол Исламұлының есімін беру жөнінде Ербол жұмыс істеген Оқушылар Сарайы, №40 мектеп т.б ұжымдар мен Астана мектеп директорлары Ассоциациясы атынан, біздің атымыздан, Қарақол мен Тасбұлақ ауылы атынан арнайы Үндек-хат жазып, талап ету керек!

  9. Ия Ербол керемет жан еді. Есімде, мен әскери борышымды өтеп келген соң, Таскескен аудан болып турған жылы 1983 жылдың күзінде «жас маман» ретінде аудандық партия комитетінің арнайы жиынында көпшіліктен бата алып қиын да, қызықты да ұстаздық қызметті бірге бастаған едік. Сол жылдары ұйымдастырған «Қарақол» мен «Тасбұлақ» ауыл мектептері арасындағы мәдени-спорттық, әдістемелік-шығармашылық өнер сайысы Шығыс Қазақстан өңіріне жаңашыл педагогикалық леп әкелген еді.

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Вице-министр сапасыз ЖОО-лардың қандай қитұрқы әрекеттер жасайтынын нақты атады

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов өзінің facebook.com парақшасында кейбір жоғары оқу орындарының тексерістен өту үшін қандай амалдарға баратынын егжей-тегжейлі жазды. *** Алдыңғы жазбада біз неге...

Ұлттық біліктілік тестілеуі кезінде педагогтердің өзі «шпаргалка» қолдануды әдетке айналдырған – Д. Смағұлов

2020 жылы  Ұлттық біліктілік тестілеуі кезінде Ережені бұзған 1202 мұғалім анықталса, 2021 жылдың 19 күнінде ғана бұл көрсеткіш 349-ға дейін өскен. Бұл туралы Ұлттық тестілеу...

Қайырымды істер марафонына елорда студенттері қосылды

Қайырымды істер марафонына Нұр-Сұлтан студенттері қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жастары астанадағы қарттар үйінің ауласын тазартып, қайырымды істер бастамасына қосылды. Ел Тәуелсіздігінің...

Вице-министр сапасыз ЖОО-лардың барлық былығын әшкере етті  

Білім сапасын қамтамасыз ете алмаса да, дипломдарды оңды-солды беріп жатқан жоғары оқу орындарының жабылуы – елдің және Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматтың қауіпсіздігіне тікелей...

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту керек — сенатор

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту керек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен отырыста сенатор Алтынбек Нұқұлы бір топ депутаттардың атынан...