Home Керекті кеңес ҰБТ жақындады, дегенше ұлар шу жақындады десейші…

ҰБТ жақындады, дегенше ұлар шу жақындады десейші…

1

Ұлттық бірыңғай тестілеу

ҰБТ – Ұлттық бірыңғай тестілеу.  Елдің оқу бітіруші түлектерінің алымы мен қарымын айқындап, бала шағынан болашағына өткізіп салатын «бірыңғай» сынақ. Иә, бұл «бірыңғай» сынақ елімізде биыл сынақ мерзімін қосқанда, он бірінші рет өткізіледі. Бірақ, біз күннің ертесі оныншы бірінші рет емес, бірінші рет өткендей күйге түсеміз. Неге?

Жасырып жабары жоқ, бірінші рет кеткен қателіктен сабақ алмаймыз, жылда қайталанып жататын қателіктер және қайталанады. Одан сабақ алар министрлік жоқ. Бұл жаңа министріміз өткізер бірінші реткі ұлттық бірыңғай тест, министр емес, халық бірінші рет өткендей шуламаса болғаны. Айтпақшы, бұл елімізде өтетін соңғы тест десе де болады, себебі келесі жылы, екі басқыштан тұратын басқаша тест күтіп тұр.

Ұлттық «бірыңғай» тест жайында әр түрлі пкір айтылып, жазылып, талқыланып жүр. Мен бүгін мұның бәрін қайталамақ емеспін. Мен тек өзге мемлекеттердің түлек сараптау түрлерін ескере отырып, Ұлттық тесттің ұтары мен ұятты тұсын кәсіптік тұрғыдан сараптауды жөн көрдім.

Ұлттық тесттің ұтары

Ұлттық бірыңғай тест біз үшін бұл күні тек ұлттық «бір ыңғайлы» тест болып тұр. Айталық:

Бірінші: жемқорлық жайлаған, сенімсіздік орнаған біздің қоғам үшін тесттік жүйенің нәтижесінің тездігі және тексеру барысындағы барлық жұмысты техниканың атқаруы амалсыз қолдануға мәжбүрлеп отыр.

Екінші: ұлттық бірыңғай тестті өткізудің қолайлылығы жоғары. Емтиханнан ұйымдастырылуы оңай, тексерлуі тез. Сондай – ақ, кез келген аудан орталықтарында ұйымдастырыла беретіндіктен, ұлттық тест біз үшін қазірше ыңғайлы болып тұр.

Ұлттық тесілеудің ұяты

Бірінші: білім саласындағы жүйесіздік. Оқулықтардың бағдарламасын жасаған бір адам, оқулық жазушы тағы басқа бір немесе бірнеше адам, басатын әр баспа. Ал, ұлттық тестті құрастыратын басқа бір топ. Бір терінің пұшпағын илеген бірін – бірі танымайтын әр түрлі адам. Бірінің не жазғанын бірі толық білмейді. Осыдан барып, бәзбіреудің көйлегінің түсін, әйтпесе атының тісін сұрап кететін жөнсіз дау тудыратын дүниелер пайда болады. Біз тәуелсіздік алғалы да жиырма жылдан асты, тестті қолданғалы он жыл, бұның бәрі де қысқа мерзім емес. Болашағын ойлаған ел бала қамын жейдi, бала қамын жеген ел оқу – ағартуын түзетеді. Кешегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Халық түзелуінің үміті – жастарда, сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс!» -дегенін ел болып еске алсақ игі еді.

Осыдан барып, бір – бірін мойындамайтын қалың мекеме сымақтардың орнына ғылым – техникасы дамыған елдердегідей әр пәннің бағдарламасын жазып, өздері оқулық дайындап, өздері соңғы іріктеу емтихандарды өткізетін жауапты мекеме болуы керек. Кейінгі барлық сын мен мінді өздері көтеретін, қазіргідей біріне бірі жауып құтылатын, «бас – басына би болған өңшең қиқым» емес. Біздің оқыту жүйеміз Ресейдің кешегісін әлсіретіп көшіретін ессіз машинаға айналды. Басымыз солтүстігіміздегі көршіден басқаны көрмей, ел оқу ісінің өзегін талдырды. Құдық түбіндегі бақаның күйін қашанғы кешеміз? Кім білсін… 

Екінші: дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі. Дайындық деңгейі әр жерде әр қилы. Кей мектептер ұшыратын түлектерін аптасына алты рет сынақ тапсырып, ұжым болып ұйыса түлетсе, кей мектептер түлетіп ұшыруды емес, бітіртіп құтылуды ойлайтын мектептер айына бір сынақ тапсыртып, міндеттерін өтейді. Оның өзі тәртіппен емес, оқушылары ойнап жүріп бояп құтылатын бір жапырақ қағаз етсе де ешкім қайғырмайды. Осындайда атам қазақтың: «Болаттай тәртіп астында, алтындай табыс жатады» дейтін аталы сөзін еске алар ел болса, батыр бабамыз Бауыржанның: «Тәртіпке бағынған құл болмас» деген ұлағатты сөзін ойына алар ұрпақ болса дейсің.  Арман болмаса игі, әрине.

«Бейнет түбі – зейнет» демеуші ме еді?! Әрине, он бір жыл еңбектенгендер жемісін жейді. Соңғы жыл есін жиғандар мен жимай кеткендердің өкініші өзіне аян.

Үшінші: ұстаздардың біліксіздігі. Ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің: «Егер балалар бірдеңені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс!» -деген ұлағатын еске алсақ, бүгінгі қоғамда бұл салмақты көтерер ұстаздың саны азайғаны бәрімізге мәлім. Өз күнін ептеп – септеп өткізіп, дау тудырмай бағасын қойып жүргеніне ғана мәз болатын талай жан мектепте мұғалім болып жүргені де жасырын емес. Мысалы, бірде бір мұғалімнің оқушыларына: «Көшірме жасаңдар, көшіріп үйреніңдер!»– дегенін естігенде, бұл байғұс: “өзім үйретуге шамам келмейді, өзің амалын тап”,- деген өзін – өзі қорлауы демей не дерсіз?

Төртінші: ала қойды бөле қырқу. Мектептің атын не ең жақсысы не ең жаманы шығаратыны белгілі. Бүгінде Алтын белгіні қорғату мектептердің мақтанышына айналғаны соншалық, аздаған Алтын белгінің дайындығына баса мән беріп, бар жағдай солар үшін деп, көпшілік санды оқушыға тестке дайындық орталықтарын жағалатып қоятын мектептер де жоқ емес. Ал, олардыкі – бизнес, басты мақсаттары – ақша табу.

Бұл жағдай мектептегі онсыз да жүйкесі тозып жүрген түлектердің жүрегіне қатты тиері хақ. Бейне бір әр оқушы мектепте әр күндестің баласы секілді күй кешетін сорақылық.

Бесінші: үрей мен қорқыныш. Он жылын ойнап өткізіп, ойлануға үлгермеген бір аз түлек, білім негізін дұрыс қалай алмау себебінен, (бұған қоғамнан отбасына дейін кінәлілер саны жетерлік.) тағы түрлі себептерге байланысты ұлттық тест таяған сайын мазасызданады, Таяған сайын қысым күшейеді, Қорыққан сайын торығады. Бұдан сырт, ұлттық тесттің біліп болмайтын қыры мен сыры, қаптаған көшірме кітаптар мен кішірейе бастаған есептегіш құралдары талайдың жүйкесін жүнше түтеді. Келесі қоқыныш тестті қалай тапсырам емес, қалай телефон, қалай көшірме алып кіріп, пайдаланам деген үрей талапкер санасындағы білімнің құтын қашырары хақ. Көшірсем, біліп қоя ма, пайдалансам шығарып жібере ме деген қорқынышпен үш сағатының берекесін кетіріп, білгенін ұмытады. Біздің жұрт емтихан алаңы қатал болса ренжиді, негізі қуанған абзал. Кейбір елдерде емтихан майдандарында қарулы солдаттар тұратынын ескерсек, майдандағы тәртіптің болғаны білімді ұрпақ үшін нұр үстіне нұр еді. Әй, бірақ, біздің жұрт соған көнсе.

Алтыншы: ата-аналардың салғырттығы әрі жөнсіз шуы. “Жау кеткен соң қылышын боққа шапқан” ата – аналардың ісі кейде күлкіңді, кейде ашуыңды келтіреді. Өмірі тірлік деп күнін күлкісіз, түнін ұйқысыз өткізген талай ата – ана өз баласының нешінші сыныпта және қалай оқитынын да білмей, баласы соңғы жылға жеткенде есін жияды. Есін жияды да, баласын зорлықтың астына алады, өмір бойы мұндай қатаң талап көрмеген бала шыдамай, өтірікке көшеді. Бірақ ұлттық бірыңғай тестте өтірік ашылады. Ата – ана ұлттық тестті, ұғымсыз деп білімді кінәлайды. Бұндай ата – аналарға «қыстың қамын жаз ойла» дегеннен басқаға айтарың жоқ.

Ұлттық әрыңғай тест

Иә, әрыңғай болар себебі де бар, бұны бүгін есі дұрыс елдің бәрі білер ақиқатқа айналды. Есті елдің еті үйренді ме дейсің кейде. Әрыңғай, себебі ұлттық тестті бұл күні «жолы болмаған» оқушының өзі тапсырады, әйтпесе «жолы болған» оқушының телефоны тапсырады. Бұл іске мүдделі жұрт көп.

Біріншісі: мектеп іретингісін ойлаған мектеп әкімшілігі. Мектептерді ұлттық тестте алған балымен бағалайды. Ал, бір жыл дайындығы нашар болған мектептер амалдың барын жасайды. Мектеп мұғалімдерінен құрам жасақтайды, олар – келер SMS – тер мен MMS – тердің жауабын жазар үнсіз бұйрық орындаушылар.

Екіншісі: баласының білімінің барын бағамдаған ата – ана. Баласы үшін ұлттық құпиялықты белден басады. Мұғалім жалдайды, бір жолға келістіріп, «өзгені» алдайды.

Үшіншісі: оқушының өзі. Алдын – ала елдің бәрі білетін амалдардың бәрін жасайды. Интернеттің бар мүмкіндігін пайдаланады. мұндайлардың орнына ұлттық тестті өзі емес, өзге тапсырады. «Жолы болмаған» жандар өзі тапсырады. Бұдан барып, он бір жыл көштен қалмай келген бәзбіреулер сыныптастарын келістіріп, бір таңғалдырады. Біреу амалы іске асып, қуанады, біреу «теңсіз дүние» деп күйінеді.

Ұлттық тестілеудің соңында жоғалған болашақтар

«Жалғандық жарға жығады»,- деп айтушы еді атам қазақ. Бүгінгі жалған баға, жалған білім өлімге (суицидке) бірақ әкелуде. Қалай дейсіз бе?

Салыстырмалы әр жерде әр қалай бағаланып келген балаға Ұлттық бірыңғай тест «бірыңғай» беріледі. Өмірі үш, төрт, бес алып жүрген бала ұлттық тесттен ұшып екіге түскенде (негізгі білімі екі, тек бұрыннан көтермеленіп келген бала), өмірі екіні көрмеген бала екі деген бағаны көргенде, өзі де аң – таң, балам екпінді болып оқиды деп жүрген ата – ана да аң – таң. Ата – ана балаға, бала молаға қарайды.

Ата – ана баланың тағдырын ойлап жылайды, бала ұяттан немесе ата – анадан естір сөзден қорқып, өзін өлімге байлайды. Қоғам шулайды, ұстаз ішіндегісін айта алмай, асау аттай тулайды. Өкінгенмен, бұл сәтте ештеңе де орнына келмейді, бәрі де кеш… өтеді, кетеді. Мұндайда бір кемшілік біздің мектеп психологтарында. Бізде, жалпы, психологтар мамандықтарын ағылшындар мен орыстар жазған кітаптармен даярланады. Сол жолмен келіп, қазақ баласына ағылшындар мен орыстар қолданған тесттер мен сауалнамалар арқылы зерттеу жүргізіп, солардың ойымен ақыл айтады. Олар кешірсін, әр елдің салты әр басқа, әдет – ғұрпы, психологиясы да басқа. Қазақ баласына ағылшынның ақылы көмектеспейді. Қазақ баласына нағыз қазақи жанашырлық керек. Мұны осы мамандық тізгінін ұстағандар сезінсе ғой.

Керектердің жолында жұмыс істеу керек

Ұлттық тестілеу орталығына бірыңғай тестілек жүйесінің әр жылын сараптап, қателіктерді қайталамау керек. Ұлттық тестілеудің әділ әрі сапалы өтуі – Қазақстан болашақ жастарының дұрыс сұрыпталуы. Сондықтан да ұлттық тесттің ұтарын арттырып, олқылығын түзету керек. Бағдарлама және оқулық құрылымымен, мазмұнымен санасу да маңызды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тесттің барынша әділ өтуі «бірыңғай» тестті біріңғай өткізу керек. Бәзбіреулердің орнының алдын – ала даярланып, байланыс құралдарының сигналдарының бір аудиторияда жалғанып, бір аудиторияда үзіліп тұратын жалған формашылдықтан арылу керек. Көйлектердің астын тінту емес, көп жұртқа білінбей кететін қараулыққа қарауды ескеру, тест жүріп жатқан майданды барынша сыртта отырған халық көріп отыратындай жариялылықты арттырған абзал. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұлт болашағына қауіп төндірмегені жөн.

Ұрпақ та, ұстаз да ұлттық тесттің әділ болуын талап ету керек. Ұстаз ұятын жойып, сырттан «көмектесу» емес, ұлттық құпиялықтың дұрыстығына көмектесу керек. Мәлік Ғабдуллин ағамыз айтпақшы: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс – тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді». Сондықтан да ұстаз әр ісінде білімді шәкірттің озатындығын дәлелдеп отыру керек. Ұстаз деген жанға лайықты боламын деген әр қандай жан ар алдында таза болмаса, ұстазбын деудің өзі ұят. Ұрпақтың тест үшін он бірінші сыныпқа жеткен кезде емес, бірінші сыныптан өз білім негізін қалыптастыру керек. Тестке білімдік негізбен дайындалу маңызды, ал тестті құр жаттау – қазақтың «жетектеген ит ауға жарамайды», – деген мақалын еске салады.

Ұлт болам деген қауым ешқашан да ұрпағының тағдырына бей – жай қарамайды. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады»,- дейді. Сондықтан, ұрпақ тағдырына байланысты әрқандай істе ұтылмастай үрдіс қалыптастыру – бүгінгі ұлт зиялылары үшін ауыр сын. Ұрпағымыздың ұяттан безіп, ұсақтап кетпесін десек, тек тесттің маңында емес, баламыз білім ордасын аттар есіктің маңынан бастап ойланғанымыз абзал. Біздің бар саланы бір жүйеге салып, көшірмешілдіктен құтылар кезіміз келді. Енді ойланбасақ, ертең бәрі де кеш.

1 COMMENT

  1. Аятжан агамызга Алла разы болсын. Казирги когамдагы ауруды доп басып айткан екен. Биздин билим саламыз оте нашар бир жуйеге койыган. Себеби мен шетелдеги оку жуйелерин корип Казакстанга келсем карным ашады.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version