ҰБТ туралы ең жаңа ақпарат

Қайырлы күн!

Бейсенбідегі инста парақшамдағы Ұлттық тестілеу орталығы директоры Дидар Смағұлов мырзамен болған сұхбатымызды көрдіңіздер деп ойлаймын.
Енді сұхбатта айтылған маңызды ақпараттарды жазбаша бөлісе кетейін.

1. Наурыз айында болуға тиісті, ақылы бөлімге түсуге бағытталған ҰБТ уақыты дәл қазір еліміздің Денсаулық сақтау министрлігімен ақылдаса отырып, өткізу мерзімі нақтыланып жатыр. Міндетті түрде өтеді, уақыты мамыр айының соңында болуы мүмкін.
2. Маусым айындағы ҰБТ 22 маусым 5 шілде аралығында өтеді. Дәл қазір кешенді тестілеуге талапкер саны 18 мың, ҰБТ тапсыратын оқушылар саны 110 мың.
3. Биыл пандемияға байланысты әр аудиториядағы оқушы саны ең көп болғанда 75 адам болады. Әр оқушы ара қашықтығы 2-3 метр аралықты сақтайды. Аудиторияға кіргізу тәртібі арнайы түсіндірілетін болады.
4. Оқушылар биыл онлайн тіркелуде. Ешқандай оқушы тіркеусіз қалмайды. Ал, тіркеу барысында қиындық туса немесе тіркеу барысында ақпаратта қателік болса, онда Ұлттық тестілеу орталығының әлеуметтік желідегі парақшасына жазып немесе электронды хат жіберіп, қателікті түзете алады. Кез келген қиындық туса, көмектесуге ҰТО дайын.
5. Телефон, шпор тағы басқа заңсыз шектеу қойылған заттарды алып кіруге ниеттенген, тестілеу майданында қолданған оқушылар болған жағдайда, ҰБТ-дан бір жылға шеттетіледі. Бір жыл көлемінде ақылы ҰБТ-ға да қатыса алмайды. Тест нәтижесі жойылады. Тест тапсыру аудиториясы түгелдей бейне бақылаумен қамтылған. Ол бейнелер 2 ай сақталады. Ал, заң бұзушылық дәлелденіп жатса, 2 ай ішінде ҰБТ нәтижесі жойылады.

6. Қазіргі уақытта ҰТО сайтында ҰБТ және КТ сынақ нұсқаларын тегін тапсыруға болады.
7. Калькулятор мәселесі талқыланып жатыр. Мамыр айының соңында ҰБТ-2020 өткізу ережесі толық бекітіледі. Жаңалықтар болуы мүмкін.
8. Гранттар саны мамыр айының аяғына дейін жарияланады. Оның жанында өткен жылғы әр мамандық бойынша грантқа ілінген ең төменгі балл көрсетіледі. Жалпы конкурс және ауыл квотасы жеке-жеке көрсетіледі.
9. ҰБТ сұрақ базасы 30% жаңарады. Апелляция келесі күні емес, тестілеуден соң сол күні онлайн беріледі. Апелляцияны жергілікті және республикалық апелляция комиссиясы қарайды.
10. ҰБТ-да химия таңдаған оқушылар үшін периодтық кесте және бейорганикалық заттардың ерігіштік кестесі рұқсат.
11. Биылғы сұрақтарда ешқандай жаңартылған бағдарлама сұрақтары жоқ. Жаңартылған бағдарлама сұрақтары ҰБТ-2021-ден бастап кіреді.
12. Карантин кезінде қашықтан оқуға байланысты, 11 сынып бағдарламасының 4 тоқсанынан сұрақтар енгізілмейді. Бірақ, ол 5-10 сынып арасындағы тақырыптардың қайталануы болса, онда сұрақ болады.

13. Биылдан бастап мамандықтың грант конкурсы тілге бөлінбейді. Орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбей біртұтас өтеді. Ақылы бөлімге түсушілер үшін тек педагогикалық мамандықтардың шектік балы 70 балға көтерілді. Басқа мамандықтардың шектік балы өткен жылғыдай өзгеріссіз қалады. Толық ақпарат ҰТО сайтында.
14. Тест орталығының әлеуметтік желідегі парақшасына қойылған сұрақтар мен электронды хаттар жауапсыз қалмайды. Тест орталығы түлектермен, қоғам белсенділерімен ашық, тығыз жұмыс жасайды.
15. Шетелден келген қандастарды тіркеу 15 мамырға дейін ұзартылды. Тіпті ЖСН ала алмаған қандастар болса да, тіркеле алады.
16. Алдағы аптада нақты бұйрықтар және грант сандары жарияланғанда сіздермен тағы эфир жасап, ақпараттармен бөлісетін боламыз.

Қысқаша осылай. Сұхбат ұнады ма? Алдағы уақытта жаңа ақпараттар жарияланғанда, ҰБТ өтіп, сіздер грант иегері болғанша тұрақты сұхбат жүргізіп отырамын. Парақшада болыңыздар, белсенді болыңыздар!

Республикалық QAZBILIM орталығы бас директоры Аятжан Ахметжанұлы.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version