ЖАҢАЛЫҚТАР 100 жылда не өзгерді? Сәкен мектебінің ғасырлық жолы мен бүгінгі жетістіктері

100 жылда не өзгерді? Сәкен мектебінің ғасырлық жолы мен бүгінгі жетістіктері

0

Оралдағы Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл білім ордасы Орал қаласындағы алғашқы қазақ мектебі болып ашылған және оның тарихы ерекше маңызға ие. 1923 жылы Сәкен Сейфуллин Оралға іссапармен келгенде, қазақ мектептерінің жоқтығын көріп, осы мәселені көтерген. Оның ұсынысымен 1924 жылы қазақ тілінде білім беретін алғашқы мектеп ашылды.

Білім ордасының ашылуы қиын кезеңге тұспа-тұс келген, бірақ бір ғасыр ішінде мектеп үлкен жетістіктерге жетіп, дарынды балаларға арналған оқу орнына айналды. Қазіргі таңда мектепте 629 бала оқиды, оның 250-і интернатта тәрбиеленеді. Мұғалімдер құрамында жоғары біліктілігі бар 19 магистр, көптеген педагог-шеберлер мен сарапшылар бар. Мектеп жыл сайын түрлі республикалық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, үздік мектептер қатарында.

Мектеп түлектері арасынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері шыққан. Олардың қатарында Шәмшиден Мырзағалиев, Роза Жаманова, Асан Тайманов, Ақұштап Бақтыгереева, Бірғаным Әйтімова сияқты танымал тұлғалар бар. Мектеп оқушылары білім додаларында үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, түрлі халықаралық бағдарламаларда білім алуда.

Мектептің 100 жылдық мерейтойына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ғылыми конференциялар мен шығармашылық жобалар көрмелері өткізілді. Мектептің тарихы мен жетістіктері туралы кітап жарық көрді. Мереке қарсаңында ұстаздар мен мектеп қызметкерлері түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Қазіргі уақытта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жаңарған мектепте оқушылар мен ұстаздар үшін барлық жағдай жасалады, ал оқу орнының ұжымы болашақта да дарынды ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді.

Exit mobile version