БІЛІМ ЖАРЫСЫ Көлігін сатып, балаларды халықаралық жарысқа апарған бапкердің қызы чемпион болды

Көлігін сатып, балаларды халықаралық жарысқа апарған бапкердің қызы чемпион болды

0

Екібастұздық алты жасар Хадия Құнаева Әбу-Дабиде өткен халықаралық джиу-джитсу жарысында KIDS 2 санатында чемпион атанып, жеңіс туын тікті. Финалдық бәсекеде ол Біріккен Араб Әмірлігінен келген қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы деген атаққа ие болды.

Хадияның әкесі Самат Құнаев оны жаттықтырып, өз балаларымен бірге джиу-джитсу спортымен айналысып жүр. Бұл отбасында Хадиядан басқа тағы бес бала осы спорт түрімен шұғылдануда, олардың барлығы әкесінен тәлім алып жатыр.

Самат Құнаевтың өзіне джиу-джитсуға қатысып бастағанына бірнеше жыл ғана болған. Алайда спортқа келгеннен кейін оның денсаулығы айтарлықтай жақсарған. Ол бірнеше халықаралық чемпионатқа қатысып, жүлдегер атанған. Бүгінде Самат Қазақстанның грэпплинг бойынша спорт шебері. Әкесінің жетістіктері оның балаларына да шабыт беріп, қазіргі таңда балалардың алтауы осы жолды таңдаған.

– Кенже балам үш жарым жаста, оған әлі спортпен айналысу ерте. Ал Хадиям джиу-джитсумен екі жылдан бері шұғылданып жүр. Сонымен қатар, ол еркін күреспен де жаттығады. Әлем чемпиондығына жетуде күрестің де көмегі тиген болар. Өзім 2021 жылдан бастап Әбу-Дабидегі халықаралық турнирлерге қатысып, үш жыл қатарынан жүлделі орындарға ие болдым, ал биыл бірінші орынды еншіледім, – дейді Хадияның әкесі.

Самат Нұртайұлы бүгінде балаларға джиу-джитсу үйретуде. Өзінің балаларынан бөлек, Екібастұз қаласында 100-ден астам бала оның жаттығуларына қатысып жүр. Әбу-Дабиде өткен турнирде Хадиямен бірге оның шәкірттері – 8 жасар Сирин әлем чемпионы атанса, 13 жасар Сальсабиль үшінші орынға тұрақтады.

Самат Құнаев осы турнирге балаларын қатыстыру үшін жеке автокөлігін сатуға мәжбүр болған. Ол айтқандай, жол шығындары мен тұрмысқа қажетті қаражаттың көп бөлігі ұшақ билетіне және орналастыру шығындарына жұмсалған.

Exit mobile version