Сәтбаев университетінің Ө.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтында «Инновациялық технологиялар және жаңа бейорганикалық материалдар» білім беру бағдарламасы бойынша Қытай Халық Республикасынан келген бес докторант білім алуда. Цюй Чжуанчжуан, Гао Лили, Лю Цзинцзин, Го Сяохун және Ли Цзя «Химиялық процестер және өнеркәсіптік экология» кафедрасында оқуын жалғастыруда.
Бұл жас ғалымдар ағынды суларды тазарту үшін инновациялық материалдарды, нано- және композиттік материалдарды зерттеумен айналысады, сондай-ақ экология мен өндірістегі заманауи технологияларды дамытуға бағытталған ғылыми жұмыстар жүргізуде. Олар өздеріне зерттеу жүргізу үшін ыңғайлы жағдай жасағаны үшін және Қазақстан, Қытай, Малайзия, Польша мен Ұлыбританиядан келген жетекші ғалымдардың жетекшілігімен жұмыс істеуге мүмкіндік берген университетке алғыс білдірді.
– Қазақстанға келгеніме бір ай ғана уақыт өтсе де, біз көптеген жаңа достар тауып, қызықты уақыт өткіздік. Алдағы уақытта көміртегі негізіндегі материалдарды синтездеп, оларды энергия сақтау жүйелерінде қолдануды жоспарлап отырмын. Бізге қолдау көрсеткен топ мүшелеріне, әсіресе PhD докторлары Қыдыр Асқарұлы мен серіктесім Елризаға үлкен ризашылығымды білдіремін. Қытай мен Қазақстан арасындағы достық байланыс одан әрі нығая берсін! – деп атап өтті Шаньдун провинциясынан келген 1-курс докторанты Лю Цзинцзин.
Бұл жас ғалым қазақстандық және британдық жетекшілердің басшылығымен «Электрохимиялық энергияны сақтау құрылғылары үшін жоғары тиімді электродтық материалдарды әзірлеу» тақырыбында диссертация жазуда.
Қытайдан келген тағы бір докторант Цюй Чжуанчжуан да «Инновациялық технологиялар және жаңа бейорганикалық материалдар» мамандығы бойынша 1-курста білім алуда. Ол Сәтбаев университетінің профессоры Азат Сейітхан мен Малайзиядан келген профессор Нұр Набих Юсуфтың жетекшілігімен «Наномагниттік цеолитті алу және оның нанопластиктерінің адсорбциялау қасиеттерін зерттеу» тақырыбында ғылыми жұмыс жүргізуде.