Сенат кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек “Болашақ” бағдарламасы туралы сұраққа жауап берді.
Министрдің айтуынша, “Болашақ” бағдарламасы аясында көптеген мамандар оқып, білім алды. Олардың арасында хирургтар, инженерлер, ұстаздар бар. Бірақ, өкінішке орай, олардың көпшілігінің жұмыстары қоғамға толық көрінбейді. Сол себепті, қазіргі таңда Халықаралық бағдарламалар орталығына арнайы тапсырма беріліп, осы мамандардың жетістіктерін көпшілікке таныту мақсатында жұмыстар жүргізілмек.
Саясат Нұрбектің пікірінше, “Болашақ” бағдарламасы әлі де өзекті. Ол Президенттің тапсырмаларына сәйкес жаңа стратегия әзірленіп жатқанын айтты. Келесі жылдан бастап жасанды интеллект саласы бойынша арнайы квота енгізіліп, Split PhD бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарламалар шетелдік университеттермен ынтымақтастықты нығайту мақсатында қолға алынған. Министрдің сөзінше, “Болашақ” бағдарламасы елге қажетті кадрларды даярлау үшін маңызды. Әсіресе жасанды интеллект, ядролық энергетика сияқты жаңа бағыттарда мамандар жетіспей отыр, сондықтан бағдарлама арнайы бағыттарға бағытталатын болады.