ЖАҢАЛЫҚТАР Ғылым мен бизнестің үйлесімі: Kia Qazaqstan компаниясы Сәтбаев университетінің студенттерін жұмысқа тартуға...

Ғылым мен бизнестің үйлесімі: Kia Qazaqstan компаниясы Сәтбаев университетінің студенттерін жұмысқа тартуға дайын

0

Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен Kia Qazaqstan компаниясының бас директоры Ким Дэ Ки Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі мен білім саласындағы ғылыми және білім беру бастамаларын дамыту мақсатында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл келісім университеттің студенттері мен оқытушыларына бірлескен зерттеулер мен жобалар жүргізу, тағылымдамалар мен тәжірибелер жасау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Ұзақ мерзімді серіктестік аясында университет пен көлік құралдарын өндіруші компаниялар өндірістік қызметкерлер мен оқытушылар үшін арнайы тағылымдама және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыруды жоспарлап отыр. Көлік инженериясы және логистика мектебінің жетекшісі Сейдулла Абдуллаев бұл бастаманың Қазақстанның машина жасау саласы үшін маңызды екенін атап өтті.

– Біздің серіктестігіміз білім беру мен автомобиль өнеркәсібі арасындағы байланысты нығайтады және еліміздегі көлік саласына қажетті білікті мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді, – деп мәлімдеді Сейдулла Абдуллаев.

Осы ынтымақтастық аясында бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылады, тәжірибе мен технологияларды алмасу процесі іске қосылады, сондай-ақ болашақ мамандардың кәсіби даму деңгейі арттырылады. Студенттер KIA Qazaqstan компаниясында тәжірибе жинап, оқуын аяқтағаннан кейін аталмыш компанияда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Exit mobile version