Ішкі істер министрлігі ата-аналарға қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша үндеу жасады.
«Құрметті ата-аналар! Қыстың келуімен балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұраймыз. Қалың қардың арасында шанамен сырғанау сияқты ойындар қауіпті болуы мүмкін. Балалар көбінесе айналасындағы қауіп-қатерлерді аңғармайды және сырғанақтан тікелей жолға шығып кетуі мүмкін, бұл олардың жарақат алуына немесе жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Осыған байланысты ІІМ балаларға төмендегі маңызды қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде:
1. Тек тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүріңіз.
2. Жолдың жиегінде ойнауға болмайды.
3. Жолды кесіп өтпес бұрын екі жаққа да қарап, қауіпсіздік шараларын үнемі ескертіп отырыңыз.
4. Қыста балаларды жүргізуші көретіндей ашық түсті, айқын киімдермен киіндіріңіз.
«Балаларымыздың қауіпсіздігін бірге қамтамасыз етейік! Сіздің қырағылығыңыз бен қамқорлығыңыз көптеген жазатайым оқиғалардың алдын алады», – деп атап өтті Ақтоты Боранова.