ЖАҢАЛЫҚТАР Қарағандылық оқушылар жасаған роботтар асық атып, көкпар тартты…

Қарағандылық оқушылар жасаған роботтар асық атып, көкпар тартты…

0

Қарағандыда «Ұлы дала ойындары – 2024» атты робототехника бойынша қалалық чемпионат ұйымдастырылды. Бұл байқауда оқушылар қазақтың ұлттық ойындарын насихаттайтын қазақы стильдегі роботтарын жұртшылықтың назарына ұсынды.

Чемпионат Қарағанды қаласындағы Пришахтинск ауданында орналасқан №33 мектепте өтті. Қаладағы 40 мектептен келген 74 команда 8 түрлі санат бойынша жарысқа түсті. Қатысушылардың роботтары «Қыз қуу», «Асық ату», «Көкпар», «Жамбы ату», «Бәйге», «Теңге алу», «Ханталапай», «Арқан тарту» сияқты ұлттық ойындар бойынша бәсекеге қатысты. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын шеберлік сабақтары да өткізілді. Балалар мен жасөспірімдердің рухты флешмобы көпшіліктің көңілінен шықты.

– Ұлы дала құндылықтары біздің қоғамды біріктіреді. Бұл чемпионат қазақ мәдениеті мен дәстүрін заманауи технологиялармен ұштастырып, оқушылардың танымын кеңейтеді. Қарағанды мектептерінде робототехникаға арналған барлық жағдай жасалған. Мектептерде арнайы кабинеттер ашылып, жабдықтар жаңартылуда. Болашақ инженерлер үшін көптеген үйірмелер мен STEAM зертханалары қосымша білім беруде жұмыс істейді, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

9-16 жас аралығындағы оқушылар роботтарды құрастыру мен бағдарламалау дағдыларын көрсетіп, өзара бақ сынасты.

– Мен робототехникамен айналысқаныма 2 жыл болды. «Көкпар» туралы көп мәлімет жинадым. Бірақ алдымен роботты жинап, оның барлық ерекшеліктерін түсіну қажет. Робот шабандозын тез әрі дұрыс құрып, оны смартфондағы «Bluetooth» арқылы басқару керек, – деді №33 мектеп-бөбекжай кешенінің 6-сынып оқушысы Ярослав Землянский.

Чемпионатты ұйымдастырушылардың бірі, Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның робототехника пәнінің мұғалімі Әділбек Бердіходжаев жарыстың алдында авторлық ережелер дайындалып, арнайы ойын алаңдары жасалғанын айтты.

– «Көкпар» санаты үшін арнайы электронды табло орнатылды. Бұл жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерге онлайн режимде қатысуға мүмкіндік береді. Ал «Ханталапай» санаты жаңа бастама: робот шашыраңқы асықтарды жинауы тиіс. Тапсырма оңай емес – объектінің орналасқан орнын дәл есептеп, қажетті сызықтарды жоғалтпау маңызды, – деді Әділбек Бердіходжаев. Ол сондай-ақ, бұл чемпионаттың екінші рет өткізіліп отырғанын атап өтті.

Алдағы уақытта чемпионатты дәстүрлі түрде, республикалық тіпті халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар екенін айтты. Ол үшін қосымша қолдау қажет екенін де атап өтті.

Жарыс жеңімпаздары кубоктар мен медальдармен марапатталып, «Alihanrobotics» онлайн орталығында тегін оқу мүмкіндігі сыйлық ретінде ұсынылды. «Ұлы дала ойындары» чемпионатының абсолютті жеңімпазы атағын Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия командасы жеңіп алды.

Exit mobile version