КЕРЕКТІ КЕҢЕС Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа АШЫҚ ХАТ

Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа АШЫҚ ХАТ

0
18.10.2024
Елімізде жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру мәселесі аса маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
2020 жылы өткен Ұлт­тық қоғамдық сенім Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзіңізде оқушылардың білім деңгейі дамыған елдерден айтарлықтай төмен екенін, оны көтеру үшін жүйелі және ойластырылған реформа жүргізу қажет екеін айт­қан едіңіз.
Біз – Қазақ­стан педагогикалық ғылымдар Академиясының академиктері мен корреспондент мүшелері, танымал ғалымдар, сіздің айт­қан пікіріңізді бар жағдайда терең саралай отырып айтылған пікір деп, толық қолдаймыз.
Осы мақсат­та білім саласы қызметкерлері мен ұстаздар және зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса отырып жазған ой-толғамдарымызды ашық хатпен жеткізуді жөн көрдік.
Әлемде оқушылардың білім сапасын анықтауда PISA зерт­теуі кең қолданылады. Зерт­теуде оқушылардың білім сапасы математика, оқу және жаратылыстану сауат­тылықтары бойынша 6 деңгейлі тапсырмалар негізінде анықталады. PISA 2022 зерт­теуіне қатысқан қазақ­стандық оқушылардың 3 – 4%-ы ғана 5 – 6 деңгейдегі тапсырмаларды орындай алды, ал 96 – 97%-ы орындай алмады, бұл олардың білім сапасы төмен екенін көрсетеді.
Орта білім беру жүйесі аса күрделі жүйе болғандықтан, оның сапасын көтеру үшін, алдымен, оның жүйе құраушыларын тауып, солардың сапасын көтеру керек. Оның 8 жүйе құраушысы анықталды, олар: білім стандарт­тары мен оқу бағдарламалары; оқу әдебиеті; педагог кадрлардың кәсіби біліктілігінің сапасы; білім беру сапасын бағалау; рухани-адамгершілік және патриот­тық тәрбие беру; ғылыми-зерт­теу жұмыстары; басқару жүйесі; материалдық-техникалық база.
Әр жүйе құраушысының сапасын көтеру проблемасына қысқаша ғана тоқталайық.
Білім стандарт­тары мен оқу бағдарламаларының сапасын көтеру үшін орта білім беру моделін, оқушыларға қай сыныпта не оқыту және қалай оқыту керегін анықтау керек.
PISA зерт­теулерін саралай отырып, білім сапасы озық елдерде 6 + 3 + 3 моделі негізінде жұмыс жасайтын 12 жылдық орта мектеп бар екені анықталды: 6 жыл – бастауыш мектеп; 3 жыл – орта мектеп; 3 жыл – жоғары мектеп. Бастауыш мектепте, 6 – 11 жас аралығында бала бойында әртүрлі ғылымдардың негізін меңгеру үшін қажет­ті қабілет­тер қалыптаса бастайды; орта мектепте, 12 – 14 жас аралығында дербес, өз бетімен жұмыс жасау қабілет­терінің қалыптасуына байланысты, оқу іс-әрекеті жаңа деңгейге көтеріледі, ал жоғары мектепте, 15 – 18 жас аралығында оқушылар әртүрлі білімді, соның ішінде, қалаған пәндерін терең меңгеруге талпыныс жасайды.
Бұл модель балалардың психо-физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес келеді және олар берілген білімді еркін меңгере алады.
Қазақ­стандағы 11 жылдық мектеп 4 + 5 + 2 моделі негізінде жұмыс жасайды: 4 жыл – бастауыш мектеп, 5 жыл – орта мектеп, 2 жыл – жоғары мектеп. Бұл модель негізінде балаларға олардың психо-физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес білім берілмейді. 10 жаста 5-сыныпқа келген балаларға әртүрлі ғылымның негізін беретін пәндер оқытылады, бірақ олар бұл пәндерді меңгере алмайды, содан олардың білім сапасы күрт төмендейді. Оны өмір көрсетіп отыр.
Қазақ­стан, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада елдерінің оқу жоспарларына салыстырмалы түрде талдау жасадық.
1 – 4 (6)- сыныптарда Қазақ­стандық оқушылар нақты ғылым салаларына қатысты пәндерді аталған елдердің оқушыларына қарағанда, көп сағатпен артық оқиды, ал технология және өнер; дене шынықтыру пәндерін, керісінше, аз оқиды. 7–9-сыныптарда, бұл елдерде, нақты ғылым салаларына қатысты 4–6 пән оқитын болса, бізде 7–8-сыныптарда 15 пән, ал 9-сыныпта 16 пән оқытылады. Оқушылар осынша пәнді терең меңгере алмайды.
10-11-сыныптарда бізде, оқушыларға оқытылатын пәндерде көп айырмашылығы жоқ, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыт­тарда білім беріледі, ал бұл елдерде 10 – 12-сыныптарда оқушыларға болашақта таңдаған мамандықтарын университет­терде жақсы меңгерулеріне қажет­ті білім беріледі.
Оқылатын пәндердің мазмұнын салыстырмалы түрде зерт­тегенде, бізде әр тақырыпты оқытқанда көп көлемде ғылыми сипат­тағы ақпарат берілетіні, яғни «білім – білік – дағды» парадигмасы сақталып отырғаны, ал дамыған елдерде өмірлік жағдаят­тармен байланыстырылып нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасы қолданылатыны анықталды.
1988 – 1989-жылдары, бұдан 35 жыл бұрын білім берудің жаңа мазмұнына көшкен Прибалтика елдерінің білім сапасы, қазіргі уақыт­та жоғары деңгейге көтерілді. PISA 2022 зерт­теуі бойынша Эстония 7-орынды иеленді. Біз осы уақытқа де­йін, ескі білім мазмұнынан кете алмай келеміз.
Еліміздің ғылымы мен техникасын дамыту – басты мақсат­тардың бірі. Өкінішке қарай, казақ­стандық инженерлер осы уақыта де­йін бір қарапайым кір жуатын машина жасай алмай отыр, себебі біздің университет­тер ғалым-инженерлер дайындамайды, біз инженер кадрлар дайындауда дамыған елдерден бір саты қалып келеміз.
Бізде институтқа түскен жастар жоғары сыныптарда инженерлік мамандықты меңгеруге қажет­ті пәндерді 3 жыл бойы тереңдетіп оқымағандықтан, олар ғалым-инженер бағдарламаларын меңгере алмайды.
Қорыта айт­қанда, біз 12 жылдық мектепке және нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасына көшпейтін болсақ, алдағы ондаған жылдарда да білім сапасы көтерілмейтін болады.
Педагог кадрлардың сапасын көтеру.
MсKinsеy&Company ғалымдары оқушылардың білім сапасының мұғалімдердің құзырет­тілігіне тәуелділігін анықтау мақсатында АҚШ-тың 3 штатында көлемді зерт­теу жүргізген.
Нәтижесінде, 8–11 жас аралығында, кәсіби құзыреті жоғары және төмен мұғалімдерден білім алған оқушылардың білім сапаларының айырмашылығы 53%-ды құраған. Әрі қарай жүргізілген зерт­теудің нәтижесінде, 11 жаста үлгерімі нашар болған оқушылардың тек 25% ғана, 14 жасқа толғанда меңгерулері қажет­ті стандарт талаптарына сай білім ала алатыны, ал 75%, яғни 4 баланың 3-еуі ондай деңгейде білім ала алмаған.
Баланың білім алу қабілеті төменгі сыныптарда қалыптасатынын ескеріп, білім сапасы озық елдерде, бастауыш сыныптарда тек магистрлар ғана сабақ береді. Бізде бастауыш сыныптарда, сабақ беретін мұғалімдердің тек 3%-ы ғана магистр дәрежесі бар мұғалімдер.
Қазіргі уақыт­та, еліміздің кей аймақтарында, мектепте сабақ беріп жүрген мұғалімдердің 60% – 70%-ын жекеменшік педагогикалық оқу орындарын сырт­тан оқыған мұғалімдер.
Олардың кәсіби құзыреті дамыған елдерде сабақ беретін магистрлердің құзыретінен төмен болғандықтан, олар оқытқан оқушылардың білім сапасы да төмен болады. Сондықтан аса маңызды проблемалардың бірі – мектептерде сабақ беріп жүрген мұғалімдердің білім сапасын көтеру.
Дамыған елдерде, мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру үшін, олардың бір-бірінен үйренулеріне жағдай жасалып, өзара тәлімгерлік жұмыстар атқаруларына көп көңіл бөледі. Бұл мектеп өмірінің қалыпты әрі тұрақты жағдайына айналған.
Қандай болса да мұғалімнің кәсіби құзыреті ол оқытқан оқушылардың білім сапасымен анықталуы қажет. Дамыған елдерде «білім ала алмайтын бала болмайды, оқыта алмайтын ұстаз болады» деген түсінік бар. Сондықтан ол елдерде «лайықты адамдар ғана ұстаз болуы керек» деген ұстаным негізге алынған.
Оқулық сапасын көтеру.
Бұл мақсат­та біраз жұмыстар атқарылды. Оқулық жасау және бағалау теориясы жазылды, оқулық сапасына теориялық сараптама жүргізу үшін критерийлер жүйесі жасалып, қолданысқа енгізілді. Авторлардың құзырет­терін көтеру мақсатында арнайы курс ұйымдастырылды. Оқулық сапасын көтеруде жасанды интеллект пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақыт­та сарапшылар сапасын көтеру және пәндік комиссия жұмыстарын жетілдіру қажет.
Дамыған елдерде сызықтық оқулықтар жазылады, яғни бір пән бойынша барлық сыныптарда оқытылатын оқулықтарды бір авторлық ұжым бір концепциямен жазады. Бізде жыл сайын конкурстар өткізіліп, жаңа авторлар анықталады. Әртүрлі концепциямен жазылған оқулықтар оқушылардың сол пәнді терең түсінулеріне көп кедергі келтіреді.
Білім мониторингі сапасын көтеру.
Әлемдік озық тәжірибеде «білімде бағалау болмаса, сапа болмайды» деген қағида ұсталады. Біз мысалы, «8-сыныпта оқып жатқан оқушылардың физика, химия және басқа да пәндерден білімдері қандай?» деген сұраққа жауап ала алмаймыз, себебі олардың білімін объективті түрде бағалайтын инструменті жасалмаған. Сондықтан дамыған елдердің озық тәжірибелерін зерделей отырып, отандық білім сапасын бағалау инструментін жасау керек.
2023 жылы маусым айында Түркістанда өткен Ұлт­тық құрылтайда сөйлеген сөзінде, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік және патриот­тық тәрбие беруге баса мән беру қажет екенін айт­қан едіңіз. Тәрбие сапасын көтеру мақсатында жүйелі түрде көптеген жұмыстар жүргізу қажет.
Ғылыми-зерт­теу жұмыстарының сапасын көтеру.
Білім сапасын көтеру мақсатында нәтижелі реформа жүргізген елдерді анықтап, сол елдердің іс-тәжірибесін мұқият зерт­теу керек. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, отандық тәжірибені ескере отырып, 12 жылдық мектепке өту концепциясы мен кешендік жұмыс жоспары жасалып, онда атқарылуы тиіс барлық ҒЗЖ -ды көрсету керек.
Басқару жүйесінің сапасын көтеру.
Білім беру саласын басқару проблемасы – ең өзекті проблемалардың бірі болып тұр. Білім саласы басшылары мен мектеп директорларының кәсіби құзыретін көтеру мақсатында дамыған елдердің іс тәжірибесін зерт­тей отырып, бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажет.
Материалдық-техникалық база сапасын көтеру.
Қазіргі уақыт­та педагогикалық практикада оқу мақсатындағы материалдық-техникалық құралдар мен жасанды интеллекті тиімді пайдалануға айтарлықтай көңіл бөлінеді.
12 жылдық мектепке өту кезең-кезеңмен жүргізіліп, әр оқу жылында бір сыныптан өтуді іске асыру қажет деп есептейміз. Сонда алдағы оқу жылында жаңа бағдарлама бойынша оқитын сыныптардың МТБ жабдықтау мәселесі нақты анықталып, сол жұмыстарды жүргізуге баса назар аудару керек.
Орта білім сапасын көтеру үшін оның жүйе құраушыларының сапасын көтеру қажет деген идеяның дұрыстығын ішінара анықтау үшін 2018 – 2019 және 2019 – 2020 оқу жылдары Түркістан облысында көлемді эксперимент жүргізілді. Оған 4 ауданнан 30 мектеп, 400-ге тарта мұғалім, 3 мыңнан аса оқушы қатысты.
Онда білім стандарт­тары мен оқу бағдарламалары және оқу әдебиеті сапасынан басқа, 6 құраушының сапасын орталықтан атқарылатын жұмыстармен бірге, мектептің, аудандық және облыстық білім басқармаларының ішкі резервтерін пайдалану арқылы көтеру мақсаты қойылды. Ол үшін ғылыми-практикалық тұрғыда жүйелі жұмыс жүргізілді.
Экперимент нәтижесінде, оған қатысқан оқушылардың білім сапасы, эсперимент жүргізілген пәндер бойынша, оған қатыспаған оқушылардың білім сапасына қарағанда, орта есеппен, 4,5%-дан 9,5%-ға де­йін көтерілді. Бұл эксперимент идеясының дұрыстығын, яғни жүйе құраушылардың сапасы ғылыми-практикалық негізді жүйелі түрде көтерілетін болса, онда білім сапасы көтерілетінін дәлелдеді.
Елімізде орта білім беру сапасын көтеру мақсатында атқарылуы қажет­ті көптеген өте күрделі және аса ауқымды проблемалардың қордаланып қалғанын және бұл саланың елдің өркендеп дамуының түп қазығы екенін ескере отырып, орта білім сапасын көтеру үшін арнайы Үкімет қаулысын қабылдау қажет деп есептейміз.
Қаулыда:
– 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қажет­тігін ғылыми негізде саралап көрсету;
– 12 жылдық мектепке көшу үшін 12 – 14 жылға арналған көлемді реформа жүргізу қажет­тігін, яғни 12- сынып 13 жылдан ке­йін ғана керек болатынын айту;
– мұндай реформа жүргізу үшін білім сапасы жоғары елдердің (мысалы, Жапон, Эстония елдері мен Қытайдың Шанхай провинциясы) іс-тәжірибесін мұқият зерт­теу жолын;
– 12 жылдық орта білімге көшудің концепциясы мен кешенді жұмыс жоспарын дайындау қажет­тігін;
– осындай реформа жүгізу үшін қажет­ті қаржы бөлу жолдары анықталып, басқа да атқарылатын жұмыстар көрсетілуі керек.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Германияның доктор-инженері, п.ғ.д., профессор, Қазақ­стан педагогикалық ғылымдар Академиясының (ҚПҒА) президенті, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, Парасат орденінің иегері, ҚПҒА академигі
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақ­станның Еңбек Ері, Алтын жұлдыз, Отан ордендерінің иегері, ҚПҒА академигі
Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
философ.ғ.д. профессор, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, ҚПҒА академигі
Марат ТОҚАШБАЕВ,
Қазақ­станның Құрмет­ті жазушысы, профессор, ҚПҒА академигі
Алтынбек Әмірұлы,
т.ғ.д., профессор, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қазақ­стан жасанды интеллект академиясының президенті, ҚПҒА академигі
Мақтағали Әбдімәжитұлы,
ф-м.ғ.д., Абай атындағы Қазақ ҰПУ профессоры, ҚР білім беру ісінің құрмет­ті қызметкері, ҚПҒА академигі
Берікжан Айт­құлұлы,
п.ғ.д., Абай атындағы Қазақ ҰПУ профессоры, Құрмет орденінің иегері, ҚР білім беру ісінің құрмет­ті қызметкері, ҚПҒА құрмет­ті академигі
Exit mobile version