КЕРЕКТІ КЕҢЕС Сапалы білім – кәсіби маман даярлаудың басты шарттары

Сапалы білім – кәсіби маман даярлаудың басты шарттары

0

Жоғары оқу орнындағы сапалы білім – болашақ мамандардың кәсіби дағдылары мен қабілеттерін дамытудағы басты фактор. Ол студенттерге өз мамандықтары бойынша бәсекеге қабілетті, өздігінен шешім қабылдай алатын және инновациялық идеяларды жүзеге асыра алатын маман ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді.

Сапалы білім беру жоғары оқу орындарының басты мақсаты болып табылады, әрі олардың тиімділігін өлшейтін негізгі көрсеткіш. Президентіміз сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін айрықша атап өтті. Шынында да, қоғамның дамуының басты қозғаушы күші – білімді, білікті мамандар. Сондықтан елімізде білімге құштар, болашағымыздың негізін қалаушы дарынды жастарға барынша қолдау көрсету және олардың әлеуетін толықтай іске асыру үшін әртүрлі мүмкіндіктерді қарастыру керек. БҰҰ-ның бастамасымен алғаш рет ұсынылған «тұрақты даму» концепциясының аясында «Тұрақты даму мақсаттары» адамзаттың қазіргі қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, болашақ ұрпақтардың да қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған даму стратегиясы ретінде белгіленген. Бұл концепцияның төрт негізгі бағытының бірі – сапалы білім.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерге болашақ мамандығына қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыруға үлкен мән береді. Оқу бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай әзірленіп, соңғы ғылыми жетістіктерді қамтиды. Университетте студенттердің теориялық білімдерін практикада қолдану үшін түрлі тәжірибе мен стажировка, жобалық жұмыстар жүргізіледі. Мұның бәрі білім алушылардың алған білімдерін нақты жағдайда пайдалану дағдыларын қалыптастырады. Оқу процесінде заманауи технологияларды пайдалану студенттердің оқуға деген қызығушылығын арттырады. Мысалы, интерактивті құралдар, онлайн платформалар мен виртуалды зертханалар оқу процесін неғұрлым тиімді әрі қолжетімді етеді. Сонымен қатар, сапалы білім беру оқытушылардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Оқытушылардың шетелде тәжірибе алуы, біліктілігін арттыру және педагогикалық әдістемелерді жетілдіру білім сапасын жоғарылатудың маңызды шарттары болып табылады.

Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы да сапалы білім беру саласына өз үлесін қосуда. Бұл факультет еліміздегі ғана емес, шетелдік жоғары оқу орындарымен де тығыз байланыс орнатып, студенттерге халықаралық деңгейде білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін ұсынады. Қазақстанда сапалы жоғары білімге қол жеткізу – мемлекет үшін стратегиялық маңызды мақсаттардың бірі болып табылады. Білім беру жүйесінің дамуы арқылы мемлекет өз азаматтарын жаңа заманғы мамандықтарға бейімдеп, ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттеріне сапалы білім беру арқылы оларды кәсіби тұрғыдан шыңдап, ел экономикасының әрі қарай дамуына ықпал етеді. Әрбір жоғары оқу орнының негізгі міндеті тек студенттерге терең теориялық білім беру ғана емес, сондай-ақ оларды зерттеу жұмыстарына тарту, сыни ойлауды дамыту және әлемдік стандарттарға сай маман ретінде қалыптастыру.

Досумбекова Мейрманкул Тілешқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Заң факультетінің қылмыстық құқық және іс жүргізу, криминалистика кафедрасының оқытушысы.

Болысбек Нұртас, Күмісбек Әділет
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Заң факультетінің 3 курс студенттері.

 

Exit mobile version