КЕРЕКТІ КЕҢЕС Қазақстанда зейнеткер ұстаздардың жағдайы: Қалай реттеледі?

Қазақстанда зейнеткер ұстаздардың жағдайы: Қалай реттеледі?

0

Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі зейнеткерлік жастағы мұғалімдер туралы пікір білдірді. Ол 6 мыңға жуық зейнеткер ұстаздың жұмыс істеп жүргенін және бұл жағдайды қалай реттеу туралы ұсыныстар барын атап өтті.

Жұмыс істейтін зейнеткерлердің мәселесі

Еске сала кетейік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұған дейін еңбек нарығындағы зейнеткерлік жастағы азаматтардың зейнетақы төлемелерін тоқтату жөнінде ұсыныс жасалғанын айтқан болатын. Бұл ұсыныс кейбір сарапшылар тарапынан қолдау тапқанымен, министр бұл шешімнің әлі ресми түрде қабылданбағанын мәлімдеген еді.

Бейсембаев не дейді?

Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан зейнеткер-мұғалімдердің зейнетақыдан айрылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап алған болатын. Министрдің айтуынша, Қазақстанда бүгінде 600 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді, олардың ішінде 6 мыңға жуығы зейнет жасында жұмыс істеп жүр.

– Зейнеткерлер тек ауылдық жерлерде ғана емес, үлкен қалаларда да жұмыс істеп жатыр. Бұл мәселе әсіресе шағын жинақты мектептерде өзекті болып тұр. Қазіргі таңда біз тірек мектептер құрып, шағын мектептерге қолдау көрсету үшін цифрлық мұғалімдер жобасын іске қосып жатырмыз. Бұл бастама Ақтөбе қаласында пилоттық режимде жүзеге асуда. Мұндай мектептердегі мұғалімдер тапшылығы көбінесе сағаттардың жетіспеуінен және штаттық бірліктердің болмауынан туындайды. Қазіргі цифрлық ресурстар мен мұғалімдер арқылы бұл мәселе шешілуде, – деді Ғани Бейсембаев.

Зейнетақы төлемеуге қатысты министрдің пікірі

Министрге зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ жұмыс істеп жүрген азаматтардың зейнетақысы тоқтатылатын болса, бұл олардың мектептерден кетуіне себеп бола ма деген сұрақ та қойылды. Ғани Бейсембаев бұл мәселенің әлі тек ұсыныс күйінде екенін және нақты шешім қабылданбағанын айтты:

– Бұл әлі тек ұсыныс қана. Қабылданды ма, жоқ па – бұл үлкен сұрақ. Сондықтан осыған көп көңіл бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймын, – деді министр.

Қазіргі жағдай

Сондай-ақ, Светлана Жақыпова қазіргі уақытта зейнетке шыққан, бірақ жұмыс істеп жүрген азаматтардың зейнетақысын да, айлығын да ала беретінін атап өткен болатын. Осылайша, қазіргі таңда зейнеткер-мұғалімдердің зейнетақыдан айырылуы туралы ешқандай ресми шешім жоқ.

Exit mobile version