ҮЗДІК «Ақылды көзілдірік» ойлап тапқан атыраулық оқушы әлемнің кез келген университетінде тегін білім...

«Ақылды көзілдірік» ойлап тапқан атыраулық оқушы әлемнің кез келген университетінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды

0

Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Хайдар Атағұлла мен оның әріптесі Қайырхан Лұқпанов ойлап тапқан «Ақылды көзілдірік» жобасы әлемнің ең үздік 100 жобасының қатарына енді. Осылайша, Хайдар Атағұлла әлемнің кез келген университетінде тегін оқу мүмкіндігіне қол жеткізді.

«Ақылды көзілдірік» Jasscience-2024 байқауында 1-орын иеленіп, әлемдегі ең беделді жобалардың бірі болып табылатын 100 Rise Global Winners 2024 тізіміне қосылды. Бұл жетістік Хайдар Атағұллаға болашақта әлемнің кез келген оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігін сыйлады.

Жобаның негізін қалаушылардың бірі Хайдар Атағұлла көзілдірік туралы былай дейді:

– Көзілдірік RikaAI жасанды интеллектісі арқылы жұмыс істейді. Бұл интуитивті бағдарлама пайдаланушының саусағының көмегімен оңай іске қосылады. Сондай-ақ, құлаққап арқылы дауыстық командаларды беру мүмкіндігі қарастырылған. Біз көзілдіріктің негізгі материалдарын 3D принтермен шығардық, ал камера, құлаққап пен микрофонды шетелден тапсырыспен алдырып, жобаны іске асырдық.

Көзілдірік төрт негізгі функцияны атқарады:

1. Сұрақтарға жауап беру – ChatGPT, Wikipedia тәрізді ақпараттық жүйелер арқылы кез келген сұраққа жауап бере алады.
2. Мәтінді оқу – Құрылғы мәтінді сканерлеп, оқиды.
3. Жолдағы кедергілерді анықтау – Көздері нашар көретін адамдар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін функция.
4. Нысанға кіргенде ақпарат беру – Құрылғы кірген жердегі оқиғалар туралы ақпарат беріп, пайдаланушыға көмек көрсетеді.

Қайырхан Лұқпанов жобаның болашағы туралы былай деп түсіндірді:

– Біз болашақта көзілдіріктің функцияларын кеңейтіп, жетілдіріп, оны одан да пайдалы етуге тырысамыз.

Exit mobile version