Семейде 11-сынып оқушысы қалалық инфрақұрылым мен туризмді жақсартуға көмектесетін AR-веб қосымшасын әзірледі.
Инновациялық жоба «Ақылды қала» бағдарламасы аясында жүзеге асып, шаһар инфрақұрылымының жобасын жасауға мүмкіндік береді.
Жоба авторы пилоттық нұсқаны кешікпей қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.
Нұрлыхан Маратов бұл жобаны екі айда дайындаған. AR технологиясына негізделген қосымша арқылы кез-келген жұмыстың 3D-моделін көруге болады. Яғни мобильді қосымшаны жүктеп, QR-кодты сканерлеу жеткілікті. Құрылысы жоспарлаған нысан белгіленген орында пайда болады.
Нұрлыхан Маратов, оқушы:
– Бұл қосымшаның қолданыс аясы кең. Тек қала құрылысында ғана емес білім саласында да пайдалануға болады. Мәселен тарих кітаптарында қолданып, әр жылдарда болған оқиғаларды графика арқылы көрсетуге болады. Ал егер биология сабағында пайдалансақ, кюар кодты сканерлеу арқылы адамның анатомиясын көрсетеді.
Жоба жетекшісі Қазақстанның Еңбек Ері Алма Шүкежанова. Талай шәкірттің шеберлігін ұштаған ұстаз Нұрлыханды 9-сыныптан бері баулып келеді. Үш жылда шәкірті облыстық, республикалық және халықаралық сайыстардан жүлдемен оралды.
Алма Шүкежанова, математика пәнінің мұғалімі:
– Бұл бала өзінің өмірінде өзіне керекті жолды тапты деп ойлаймын. Егер адам өзінің жолын тапса, ол бақытты адам. Біздің қоғамның дамуына, елімізді басқа елдерге көрсетуге үлесін қосатын азам деп ойлаймын.
Омар Әкімғажинов, оқушы:
– Мен Нұрлыханды бала кезімнен танимын. Екеуіміз кішкентаймыыздан доспыз. Бір сыныпта оқимыз. Оның жұмыстары өте керемет. Жасаған жобаларына қарап біздің де айти саласына қызығушылығымыз артады.
Дарынды оқушы AR-веб қосымшасын облыс тұрғындары үшін қолжетімді етуді көздейді. Осы арқылы халық қала құрылысына қатыса алады. Белгілі бір нысанның салынуына қатысты пікір қалдырып,тіпті дауыс береді.11-сынып оқушысы жобасын ары қарай дамыту үшін мемлекеттен қолдау алуды жоспарлап отыр.
Рүстем Қайратұлы
Медет Өмірханов