ЖАҢАЛЫҚТАР Колледждерде онлайн оқыту мен академиялық ұтқырлық енгізіледі

Колледждерде онлайн оқыту мен академиялық ұтқырлық енгізіледі

0

Колледждер жүйесінде онлайн оқытуды енгізу ұсынысы Мәжілістің жалпы отырысында талқыланды. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау кезінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында онлайн оқыту мен академиялық ұтқырлық енгізу көзделіп отыр. Бұл ұсыныс еңбек нарығының талаптарына сай мамандарды даярлау мақсатында колледждер жүйесіне енгізілмек. Онлайн оқытудың басты мақсаты – студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша білім алуға мүмкіндік беру және өндірістен қол үзбей, кадр даярлау мәселесін шешу.

Ғани Бейсембаев бұл тәжірибенің АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдерде табысты қолданылып келе жатқанын атап өтті. Бұл мемлекеттерде онлайн оқыту білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға оң ықпал еткен. Онлайн оқыту форматының енгізілуі колледждерде білім беру бағдарламаларын икемді етіп бейімдеуге мүмкіндік береді, ал студенттер үшін нақты жұмыс жағдайларында практикалық дағдыларды меңгеруге жағдай жасайды.

Министр сондай-ақ, экономиканың цифрлануы аясында IT-мамандарға сұраныстың артқанын атап өтті. Қазіргі уақытта елімізде IT-сала бойынша білім беретін 227 колледж бар, оларда 56 мың студент оқып жатыр.

Аталған заң жобасы бойынша, сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға жататын балаларға жекеменшік мектептерде көмек көрсету де қарастырылған.

Exit mobile version