КЕРЕКТІ КЕҢЕС Қосымша білім: саны мен сапасы қалай?

Қосымша білім: саны мен сапасы қалай?

0

Кейінгі жылдары ел өңір­лерінде қосымша білім беру орта­лық­тары көп ашылып жатыр. Бірақ «finprom.kz» сарапшылары статис­тика мен аймақтық ерекшеліктерге назар аудару қажет­ті­гін алға тартып отыр. Мысалы, Батыс Қазақстан, Пав­ло­дар, Солтүстік Қазақстанда мұндай орталықтар саны ре­с­­пуб­ли­калық орташа көрсеткіштен екі есеге артық болса, хал­қы өте тығыз орналасқан Алматы, Түркістан, Жетісу ­облыс­тары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында көр­сеткіш өте тө­мен. Осылайша елімізде мектеп оқушыларын қосым­ша білім­мен қамту 29 пайызды құрайды. Ал білім мен мәде­ниет ошағы сана­ла­тын Алматының өзінде мұндай орта­лық­тарға баратын бала­лар саны 10 пайыздан сәл ғана асады.

Президент тапсырмасына орай биылғы оқу жылында 3 млн-нан астам баланы қосымша біліммен қамту көзделген. Қазіргі таңда балалар ғылыми-техникалық, музыкалық, көркем-эстетикалық, экологиялық-био­логиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік педагогикалық және тағы басқа да бағыттардағы 1713 мектептен тыс ұйымдағы 380 үйірмеге қатысу мүмкіндігіне ие.

Балалардың шығармашылық қабілетін оятып, еңбек етуге, өнерге баулитын орталық жетекшісі кәсіпкер Жанат Сманқұлова бүгінгі және бола­шақ­тың мамандарын тұлғалық, интел­л­ектуалдық, кәсіби сапа­лық жағынан әлемдік бәсекеге қабілетті етіп даярлау, білім мен тәрбие мазмұнының сапасына тікелей байланысты екенін алға тартады. «Елімізде жұмыс істеп жатқан қосымша білім беру орталықтарының арасында кәсіби бәсекелестік қалыптаспаған, жүзден аса бала қабылдап алған орталықтарда баланың білім сапасына назар ­аударып жатқан ешкім жоқ» деген ойын ашық жеткізді. Мысалы, былтыр өзі басшылық еткен «Білім және жаңа инновациялық орталығына» роботтехника бо­йынша 35 бала қабылданған. «Біз балаларды оқытып қана қоймай, республикалық, халықаралық чемпионаттарға алып шықтық. Мамандарымыздың қолдауы­мен оқушылар роботтехникадан тың жобаларын ұсынды» дейді орталық басшысы.

Чемпионат ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) саласындағы дағдыларды дамытуды, аталған салаларда шет мемлекеттер командалары­мен тәжірибе алмасу, сонымен бірге халықаралық байланыс­тар мен жастар арасындағы достықты нығайтуды көздейді. Бұл чем­пионатқа еліміздің барлық аймағы мен бірқатар шет мемлекеттерден 30-40 команда, яғни 250-ден астам мектеп оқушысы қатысып, жас санаты бойынша біріншілік үшін сайысқа түсті.

Орталық мамандары мұндай шаралардың роботтехника сала­сындағы бірегей тәжірибе алмасуға және оқушыларды шабыттандыратын алаң екенін айтады. Сайысқа қатысатын жас зерделілер өз шеберліктерін көр­сетіп, жаңа технологиялардың болашақтағы көшбасшысы болуы­на мүмкіндік алады. Жетістікке жетуде олардың инновациялық шешімдері мен командада тиімді жұмыс істеу қабілеті маңызды рөл атқарды. Мұндай жарыс­тар шығармашылық және ана­ли­ти­калық дағдыларын шың­дай­ды әрі оқушылардың роботтехника бо­йынша халық­аралық турнирдегі жетістігі барлық қатысушы үшін зор мақтаныш. Егер де еліміздегі орталықтар жұмысы дұрыс бас­қа­ры­латын болса, олардың нәтижесі де керемет болатыны анық.

– Қосымша білім беру орта­лық­тарын халықаралық байқау­лар мен олимпиадаларға шығару деңгейіне қарай бағалай отырып, қаражатты бала санына беру кезінде осы көрсеткішке бас­ты назар аудару қажет. Тап­сы­рыс беруші мемлекет болса, орындаушыдан, яғни кәсіп­кер­лерден нәтиже талап етілгені жөн. Мысалы, роботтехника орта­лықтарында жабдықтар да қым­батқа түсетіні белгілі. Балаларын ақы төлеп оқытып жатқан ата-ана­лар да бар. Бірақ қосымша білім беру кезінде баланы ата-анасы ақша төлеген, не болмаса, мемлекет ақшасын төлеген деп екіге жарып білім бере алмаймыз. Мысалы, мемлекет тарапынан бір балаға ғылыми-техникалық бағыт бойынша 17 мың төленеді. Бұл әрине, өте аз. Алайда бүгінде ақылы қосымша білім беру орталықтарын ашып алып, бизнес мақсатында іске асырып отыра беру, баланың болашағына қиянат жасаумен бірдей. Сол үшін қосымша білім беру орталықтарына «бір жылда қандай нәтиже бере ала­сың, оқушыларды қабілетіне қарай белгілі бір сала бойынша аудандық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға шығарасың» дегендей талап қойылу керек. Егер де жақсы нәтиже шықпайтын болса, онда қосымша оқу орталықтарына мемлекеттен қаржы бөлудің қажет шамалы. Ал білім басқар­маларында қосымша білім беру орталықтарының жұмысына қатыс­ты статистика жасау жүйе­сін жолға қою арқылы сапаны ба­қылауға болады. Орталық ашу баланың бос уақытын тиімді пайдалануға емес, қабілетін ашумен қатар жаңа заманға бейім, еңбек­сүйгіш, білімге құштар азамат етіп шығаруға бағытталуға тиіс. Соңғы кезде роботтехникаға бала­­лардың қызығушылығы ар­тып келеді. Оның респуб­ли­ка­лық, халықаралық жарыс­тар­дың нәтижесінен көріп жүрміз. Оқу­шы­лардың бұл бағыттағы талабы қуантады. Міне, осы ретте жара­ты­лыстану және де гума­ни­тарлық пәндерін оқытатын қо­сым­ша білім беру орталықтары да осындай жоғары нәтижеге жету­ге талпынуға тиіс, – дейді Ж.Сманқұлова.

Оқу-ағарту министрлігі қо­сымша білім беру жүйесін дамытуда кешенді жұмыстарды қол­ға алып, балаларды сауықтыру, олар­дың шығармашылық, зият­кер­­лік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған жол картасы шеңбе­рінде келер жылға дейін ауыл­дық мектептерде де мектептен тыс қосымша білім беру ұйым­дарының 1 мың комьюнити-орталық­тарын ашпақшы. Ал елі­міз­де 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланып отыр.

Бірақ осындай қарқынды жұ­мыстарға қарамастан, еліміз­дегі қосымша білім беру ор­та­лық­тарының жұмысы сын көтермейді. Маман­дар пікі­рінше, қосымша білім беру ор­та­лықтарының бірқатары өзінің кәсіби деңгейіне сай емес. Ал балалардың талабын, талантын ашуға тырысып жатқан орталықтар осы қою шаңның ішінде қалып қойып отыр. Сон­дық­тан қосымша білім беру орта­­лық­­тарының бағдарламасын кү­шей­ту­м­ен қатар, рейтингін анық­тауда ашықтық қажет.

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ
АЛМАТЫ

Exit mobile version