ҰЛЫЛАР ҰЛАҒАТЫ Алтынсарин нұсқаулығындағы педагогикалық талаптар

Алтынсарин нұсқаулығындағы педагогикалық талаптар

0

Ыбырай Алтынсарин мек­тептің басты мақсаты – ба­ла­­ның дұрыс тәрбие алып шығуы болуы керек деген қағи­даны ұстанды. Бұл ағар­тушының губернаторларға, оқу инспекторларына жаз­ған хаттары мен есептерінен айқын аңғарылады. Сол ке­зеңдегі орыс билігінің қа­­зақ жерінен мектеп ашудағы бас­­ты мақсаты қазақ бала­ларына білім беруден гөрі қазақ қоғамын орыстандыру және орыс жазуын енгі­зу арқылы отарлау саясаты бол­ғаны мәлім.

Ал Ы.Алтынсарин мектептің «қазақ арасында ғылыммен қару­ланған, дұрыс көзқарасы бар адам­дардың көбеюіне» ықпал етуі керек­тігін басты назарда ұстап, мектеп­ке сауатты мұғалімдер тартуға талпынады. 1882 жылы Торғай облысы мектептеріндегі оқу жұмысына қатысты тапсырған есебінде: «Қазақ­тарға білім енді беріле бастаған кезде ең әуелі қабілетті оқытушылар болуы керек екенін еске алып, Тор­ғай облысының мектептеріне педа­гогикалық қызмет жөнінде қабілеті бар және тәжірибесі мол адамдарды тартуға талай әрекет жасаған едім», дейді.

Ұлы ағартушы Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тұрған кезіндегі 1883 жылы 12 ақпанда шығарған нұсқау хатында білім беру мен тәрбие жұмыстарына қатысты мұғалімдерге жол сілтейді. Әсіресе, мұғалім біліктілігінің оқы­ту мен тәрбие жұмыстарына зор ықпал ететінін, сондықтан білім беруде жүйелі талаптың болу керек­тігін айтады. Атап айтқанда, оқы­ту жұмыстары «әрбір мектепте күніл­гері белгіленген бір жүйемен, оқу құралымен жүргізілуі керек» десе, екіншіден, оқыту әдістерін өзгерте берудің оқу сапасына кері әсерін айтады. Мұны ағартушы былайша талдаған: «Оқыту, тәрбиелеу жұ­мы­сына дәйекті көзқарасы бекіп болмаған кейбір жас оқытушылар оқу құралдарын беталды өзгерте береді… өтілетін пәндердің оқыту әдістері мен тәртіптерінің өзін де өзгерте береді… ондай оқытушылар оқушыларды адастырады, сонан кейін қойылған сұраққа оқушылардың жауап бере білмегеніне ренжіп, өздері де ашулана бастайды, тіпті оқушыларға өшігуге дейін барады».

Үшіншіден, мұғалімдердің оқу­лықпен ғана шектеліп, сол пән аясына қатысты білімдері мен білік­терін жетілдіріп отырмауы және оқу-тәрбие жұмыстарын дұрыс түсін­беуі білім беруде кері әсер ете­тіні. Мұны ағартушы былай түсін­діреді: «Менің тәжірибемде мұн­дай оқытушылар педагогтер ұсынып отыр­ған оқу құралдарымен еш уақытта дұрыс танысып алмайды, олардың ешбіреуін аяғына дейін оқып шықпайды, оқушылардың жалпы мінез-құлқына, ақыл-парасатына, сонымен қатар орыс балаларына қарағанда қазақ балаларының ана тілінде өзгешеліктер болатынына зер салмайды, осылардың бәрін еске ала отырып шындап еңбек сіңірмейді».

Төртіншіден, мұғалімнің тақы­рыпты оқушыға дұрыс меңгерту ше­берлігінің білім берудегі маңызы. Бұл туралы ағартушы былай дейді: «Оқытушы кіммен істес болып отыр­ғанын еш уақытта да ұмытпауы ке­рек екенін осы арада ескертпей кете алмаймын. Ол балалармен істес болып отыр, егер балалар бір­де­мені түсінбейтін болса, онда оқы­тушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс».

Бесіншіден, мұғалімнің баламен дұрыс қарым-қатынас жасау және өзін өзі ұстау этикасы. Бұл ту­ралы Ы.Алтынсарин былай дей­ді: «Балалармен сөйлескенде ашу­ланбай, жұмсақ сөйлесуі, шыдам­ды­лық етуі керек, әрбір нәрсені де ықыласпен, түсінікті етіп түсіндіруі керек. Мәнерлі сөз, орынсыз термин­дерді қолданбау керек, мұндай сөз­дер оқушыларға ғана түсініксіз бо­лып қоймайды, басқа тыңдап отырған адамдардың құлағына да жақпайды, ондай шет тыңдаушылар бұл оқытушының терең білімі не ойы жоқ екенін, ол тек ғылыми терминдермен, сөздермен ғана мақтанғысы келетінін көрсетеді».

Алтыншыдан, мұғалімнің оқыту­шылық пен педагогтік әдісті қатар меңгеруінің білім сапасы үшін ма­ңыздылығы. Ағартушы мұны «Оқы­тудың бәрі де оқыту әдістерінің түсі­ніктілігіне, оқытушылардың түсін­дірулерінің ұтымдылығына негіз­делуі керек» екенін айта отырып, педагогтік, оқытушылық әдістерге екінші қатардағы бір нәрсе деп қа­рау­ға болмайтындығын қатаң ескерт­кен.

Жетіншіден, мұғалімдерді білім­ді шәкірт тәрбиелеп шығарудағы еңбегі арқылы бағалау. Бұл туралы Ы.Алтынсарин: «Оқытушыларды бағалағанда олардың іске мәнді қа­тысы жоқ сөздеріне қарап емес, олар­дың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне», яғни оқушыларына қарап бағалау керектігін ұсынады.

Ы.Алтынсариннің мінсіз педа­гог, көреген басшы (инспектор) болғандығы, балаға білім беру жо­лында мұғалімдерге жолбасшы бо­ла білгендігі ағартушы тура­лы жа­зылған естелік хаттардан айқын аң­ғарылады. Мысалы, мұғалім А.А.Мазохиннің 1889 жылы 28 қыр­күйекте жазған хатында: «Алтын­сарин мұғалімдер үшін бастық қана емес, әке де, ниеттес қайырымды дос та еді. Оның мектепке келуі ұлы мерекедей қуаныш еді, оған бар­лығын да айтуға болатын», дейді. Мұ­ғалім Ф.Д.Соколовтың 1889 жы­­лы 6 қаңтарда және 9 тамыз­да жаз­ған хаттарында: «Оның біз­дер­мен, мұғалімдермен

өткізген әңгі­мелері жүрекке жылы тиіп, таңғал­дырарлықтай әсерлі болатын, ісіңе деген қайрат-жігеріңді тасыта­тын, мектепті шын ниетіңмен ұна­туыңа, өз міндетіңді мінсіз ат­қару үшін бар күшіңді салуыңа ұмтыл­ды­ратын. Жалпы, онымен бірге бо­лып әңгімелескен адам, одан шық­қанда демалып, қуаттанып шы­ғатын. …Марқұмның бүкіл өмі­рі өзінің сүйікті қырғыз (қазақ) хал­қының оқу-ағарту ісіне арналды. Ол халқының өмірін қырағы бақы­лап, терең түсінді. Оқу ісін өзі қан­дай жақсы көрсе, қарауындағы мұға­лімдердің де сондай ұнатуын талап ететін. Ол өзінің сырға толы тартымды әңгімесімен мұғалімдерді оқу ісіне ынталандырып отыратын. Ол мұғалімдердің арасында өте беделді болатын», деп жазған.

Қорыта айтқанда, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өзі жаз­ған нұсқау хатында талдап көрсеткен жо­ғарыдағы жеті мәселесі бүгінгі таң­да да өз маңызын жоймағаны анық.

Қаламқас БАЙТЕНОВА,
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы «Білім беру бағдарламалары орталығы» Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімі бастығы

Гүлфар МАМЫРБЕК,
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы
«Білім беру бағдарламалары орталығының» аға менеджері

Exit mobile version