ЖАҢАЛЫҚТАР Бұрын қазақстандықтар Ресейге білім іздеп барса, қазір тенденция керісінше — Саясат Нұрбек

Бұрын қазақстандықтар Ресейге білім іздеп барса, қазір тенденция керісінше — Саясат Нұрбек

0

Алматыда жоғары білім беру мәселелеріне арналған QS Higher Education: Asia Pacific 2024 Пре-саммиті өтті. Онда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі халықаралық университтердің жұмысына тоқталды.

Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстан халықаралық университеттермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Соның арқасында елімізде халықаралық ЖОО-лар саны көбейген.

— Бүгінгі күні 34 халықаралық университеттер Қазақстанға келуге шешім қабылдады. Оның 5-і елімізде өз кампустарын салып жатыр. Cardiff University Астана қаласында өз инфрақұрылымын дамытады. Оңтүстік Кореяның Woosong университеті Түркістан облысында кампусын салып жатыр. Сондай-ақ, 14 университет қазақстандық университтермен серіктестікте жұмыс істеуде. Жергілікті университеттер оларды қабылдаушы ретінде инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп отыр. Мысалы, Аризона штатының университетінің филиалы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеттің жанынан іске қосылды, — деді министр.

Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрі елімізге халықаралық университеттердің келуінің арқасында Қазақстанға білім іздеп келетін шетелдік студенттердің қарасы көбейгенін атап өтті.

— Ресейден келген 1,5 мың студент биыл Қазақстанда білім алып жатыр. Бұрын Орталық Азия мемлекеттерінің, оның ішінде Қазақстанның студенттері сапалы білім алу үшін Ресейге баратын болса, қазір кері бағытта тенденция жүріп жатыр. Бүгінгі күні ресейлік білім алушылар біздің елімізге сапалы білім үшін келеді. Қазақстан жылдам қарқынмен білім мен сапалы зерттеулердің жаңа хабына, жаңа орталығына айналып келеді, — деді Саясат Нұрбек.

Exit mobile version