ЖАҢАЛЫҚТАР Алдағы бес жылда Павлодарға техникалық-кәсіптік білімі бар 56 мыңнан астам кадр қажет

Алдағы бес жылда Павлодарға техникалық-кәсіптік білімі бар 56 мыңнан астам кадр қажет

0

Еңбек нарығындағы қажеттілікті талдау нәтижелері экономикада орта кәсіптік білімі бар кадрларға қажеттіліктің артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Алдағы бес жылда кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға деген сұраныс білімі жоғары түлектерге деген қажеттіліктен 70%-ға асып кетеді деген болжам бар.

Павлодар облысында мемлекеттің экономиканы ынталандыру бағытындағы белсенді шараларына қарамастан, жеке бизнестің жаңа жұмыс орындарын құруға қосқан үлесі шамамен 35%-ды құрайды. Тиісінше, бүгінгі таңда жұмыс орындарының өсімін өнімділігі төмен салалар мен мемлекеттік сектор қамтамасыз етіп отырған жайы бар.

Өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарланғандай, тұрақты жұмыс орындарының ең көп саны білім беру саласында – 12,6%, ал ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығында – 10,4%, өнеркәсіпте – 8,3%.

– Жыл сайын басқарма орта мерзімді кезеңге (6 жылға дейін) еңбек нарығының қажеттілігін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізеді. Мәселен, 2024-2029 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білімі бар білікті кадрларға қажеттілік облыс бойынша 56420 маманды құрайды. Оның ішінде өнеркәсіп – 17,8%, көлік және қоймалау – 14,6%, қызмет көрсету – 11,3%, экономика және бухгалтерлік іс – 9,7%, білім беру – 9,1%, денсаулық сақтау – 6,9%, құрылыс – 4,2%, ауыл шаруашылығы – 2,3%. Тұжырымдамаларға сәйкес, 2024-2029 жылдары облыс бойынша 143,9 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 70%-ы тұрақты жұмыс орындары болады. Жыл басынан 23,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 16,4 мыңы – тұрақты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама аз,-деп жауап берді Kazinform тілшісінің сауалына өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.

Бүгінде Павлодар облысындағы жұмыс күшінің саны да азайғаны байқалады. Соңғы бес жылда ол 1,3%-ға төмендеген. Жалпы облыстың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды.

Exit mobile version