ҰСТАЗ ҮНІ Мейіржан ТЕМІРБЕК: Оқу-ағарту министрлігі өзгерісті өзінен бастағаны дұрыс

Мейіржан ТЕМІРБЕК: Оқу-ағарту министрлігі өзгерісті өзінен бастағаны дұрыс

0

«Мақсатты мектеп» жобасы білім сапасын көтеруге бағытталғанмен, оның мақсатын қалай анықтайтыны белгісіз. Екіншіден, мұғалімдерге арналған курсты ешкім тегіннен тегін өткізбейді. Мәселен, бұл курстарды ұсынып отырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына қаражат қалай бөлінді? Бұл жағы да белгісіз. Үшіншіден, педагогтардың білім деңгейі түсіп кететіндей себеп жоқ.

Олар бес жылда бір мәрте аттестациялық тесттен, сосын «Педагог мәртебесі» заңында көрсетілгендей, үш жылда бір біліктілігін арттыру курсынан өтеді. Қазір педагогтың аттестациялық қағидалары қатаңдатылды. Ең жоғары санатқа өту оңай емес. Ол үшін авторлық бағдарламаң болу керек және бұл республика деңгейінде таратылуы тиіс. Мұнымен айналысу үшін сабақ беру жайына қалып, тек осымен ғана отыруға тура келеді. Міне, осындай сатыдан, тәжірибе баспалдағынан өткен мамандарды «білімсіз» деуге келе ме? 

Сөйтеді де, 943 мектепті өздерінше таңдап алып, соларға курс оқытады. Мұғалімдер тестті өз мектебінде емес, облыс орталығына сандалып барып тапсырады екен. Мұны заңдық тұрғыдан алып қарасақ, заңға қайшы. Өйткені, кез келген қаржы бөлінген жоба алдымен талқылаудан өтуі тиіс. Содан кейін қаржы жағы ашық болғаны абзал. Әйтпесе, мұның бәрі мақсатсыз жұмсалып жатқан қаржы боп саналады. «Өрлеудің» өзі бюджетінен төлейтіндей, оларға қаражат қайдан келеді? Сондықтан өзгерісті қаласа, мұны Оқу-ағарту министрлігі өзінен бастағаны дұрыс. Одан да 2017 жылдан бері жаңармай жатқан оқу стандартын қолға алсын, білім мазмұнын жаңартсын.

Exit mobile version