КЕРЕКТІ КЕҢЕС Педагог мәртебесі: 5 жылда білім беру үрдісі қалай өзгерді

Педагог мәртебесі: 5 жылда білім беру үрдісі қалай өзгерді

0

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанына 5 жылға жуықтады. Осы аралықта саладағы еңбек нарығы мен ұстаздардың әлеуметтік жағдайы түбегейлі өзгергені байқалады. Әсіресе, табыссыз салаға айналған мамандыққа жан бітіп, ұстаз болуға ұмтылыс көбейген. Kazinform тілшісі 5 қазан – Ұстаздар күніне орай ауқымды реформа әсері мен бүгінгі білім беру үрдісін бағамдап көрді

Үш мыңға жуық мұғалім тапшы

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл Қазақстан мектептерінде 400 мыңға жуық педагог сабақ береді. 2019 жылы саладағы мұғалім саны 300 мыңға әзер жететін. Жалақы мөлшері артып, ерекше статус берілгелі кадр санында өзгеріс пайда болды. Жыл сайын тапшылық азайып келеді. Мысалы, өткен жылы 5 мың педагог жетіспесе, биыл бұл сан 2 817-ге төмендеген. Оның ішінде қала мектептеріне – 1 312, ауыл мектептеріне – 1 505 мұғалім керек.

Фото: Kazinform

Деректі тарқата түссек, мұғалім жетіспейтін пәндер арасында математика саласы көш бастап тұр – 640 педагог қажет. Өзге пәндерге де қажеттілік бар. Мысалы:

  • орыс тілі мен әдебиеті – 340;
  • физика – 236;
  • бастауыш сынып – 227;
  • химия – 204;
  • информатика – 199;
  • ағылшын тілі пәніне 169 маман жетіспейді.

Алайда сарапшылар білім беру саласындағы кадр тапшылығы бірнеше жылда түбегейлі шешіледі деген пікірде. Себебі, кейінгі жылдары мектеп түлектері арасында мұғалім мамандығын таңдау үрдіске айналған. Педагог, «Qazbilim» орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанның айтуынша, реформа ықпалымен педагогика бағытына бет бұрған үздік түлектер еңбек нарығына енді келеді.

Фото: А. Ахметжанның жеке мұрағатынан

– Жаңа заңның білім беру саласына жәрдемі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бастысы, табыссыз мамандық деп танылған мұғалімдікті төрге шығарды. Сол аралықта мектепті үздікке бітірген түлектер жалақысы мен мәртебесі үшін педагогикаға бет бұрды. Қазір мұғалімдердің кәсіби біліміне қатысты айтылып жүрген сынның бәрі бірнеше жылда тыйылатынына сенемін. Өйткені, реформадан кейін ЖОО-ға түскен үздік түлектердің алды оқуды енді бітіріп, салаға енді. Олар мектепте 5 жыл жұмыс істесе, бәрі өз орнына келеді, – деді педагог.

Расында, мектептегі мақтаулы оқушының көбі мұғалім болуға асық. Мемлекеттің білім грантына өтінім берушілер арасында да педагогикалық бағытта бәсеке қатаң. Үкімет те сұраныс ауқымын ескеріп, кезең-кезеңмен тегін білім алушылардың қатарын көбейтіп келеді. Аталған бағытқа:

  • 2019-2020 оқу жылында – 9 497 грант
  • 2023-2024 оқу жылында – 15 923 грант
  • 2024-2025 оқу жылында 15 973 грант бөлінген.

Жауапты министрліктің мәліметіне сенсек, Қазақстанда педагогикалық мамандықта білім алушы саны 180 000 адамға жеткен, 30%-ы мемлекет есебінен оқып жатыр. Жалпы кейінгі 3 жылда ЖОО-лар 142 мың мұғалім даярлапты, соның 103 мыңға жуығы (72,4%-ы) жұмысқа орналасқан.

Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Түлектердің мектепте жұмыс істеуге құлшынуы тегін емес. Бүгінде ұстаздардың жалақысын жылдап 25%-ға көтеру арқылы еңбекақы мөлшері екі есе ұлғайды. Басы артық жүктеменің болмайтыны да көп көмек.

Сонымен қатар еңбек демалысының уақыты көбейіп, қосымша ақы мен мемлекеттік байқаулар жарияланған. Мысалы, жыл сайын «Үздік педагог» республикалық байқауында республикадағы үздік ұстаздарды марапаттау дәстүрге айналғанын білеміз. Жүлде сомасы да қомақты. Өткен жылдың өзінде 64 үздік мұғалімге жалпы сомасы 220 млн 800 мың теңге көлемінде сыйақы төленді. «Үздік педагог» атағын иеленушінің әрқайсысына 3 млн 450 мың теңге көлемінде сыйақы сыйақысы тағы бар.

Қағазбастылық пен санаттағы сын

Алайда бұл оң өзгерістер салада олқылық жоқ дегенді білдірмейді. Қазір қағазбастылық, біліктілікті арттыру курсы мен аттестация кезіндегі заңсыздық даулы мәселеге айналғанын көріп жүрміз. Бірі мұның себебін аяғына жетпеген жобаларға сілтесе, енді бірі басшылықтың кертартпалығынан көреді. Мәселен, Қазақстанның құрметті ұстазы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, цифрландырудың өзі қағазбастылықтан құтқара алмай отыр.

Фото: Ө. Шыныбекұлының жеке мұрағатынан

– Реформа қолға алынғанда қуанған едік. Цифрландыру, әсіресе kundelik.kz жүйесіне үміт арттық. Олай дейтініміз, мектептегі құжаттың көбі электронды форматқа көшсе, жүздеген парақ құжат алып жүрудің керегі болмауы керек-тін. Бастапқыда бәрі көңілден шыққанымен, кейін кей басшының мектептегі жұмысты тиімді жүргізбейтінін байқадық. Нақтырақ айтсақ, мұғалімдерге электронды порталдағы құжаттарды қағазға қайта шығартып, барлық бағалау құжатын дәстүрлі қалыпта қабылдайтын жағдай кездескен. Сондықтан реформа соңына дейін жетуі үшін білім беру нысандарына жүйелі тексерісті тоқтатпау қажет, – дейді ол.

Тәжірибелі маман әңгіме барысында педагогтерді аттестаттау кезіндегі кемшілікті де атады. Айтуынша, мұғалімдер арасында біліктілік арттыру курсы мен аттестаттау кезінде түрлі заңсыздыққа барады. Сорақысы, көбі жауапкершіліктен сытылып кетеді.

– Педагог білімін арттыру міндетті түрде қажет. Кеше алған білім бүгін ескіріп жатыр. Бірақ сол жүйенің ережесін қайта қарау маңызды. Құқықтық нормасын қатаңдату шарт. Себебі, мұғалімдер арасында аттестаттау сәтінде пара беру фактісі азаймай тұр дегенді жиі естиміз. Бұл пікірге келіспейін десем, өзім сол олқылықтың көбін көрдім. 2018 жылы Шымкент қаласында аталған бағытта бастамашы болдым. Сол кезеңде Шымкентте 800-ге жуық мұғалім біліктілік санатын сатып алғаны анықталды. Алайда ол оқиғаның бірде-бірі сотқа дейін жетпеді. Сондықтан аттестаттау кезінде барынша әділдік болғанын қалар едім, – деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда елде 91 878 — модератор, 87 685 — сарапшы, 76 021 — зерттеуші, 3 566 шебер санатындағы педагог жұмыс істейді.

Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Ата-ана – мұғалім – оқушы үштігінде үйлесім бар ма?

Әлеуметтік желі мен БАҚ-та баласына дауыс көтерген немесе түртпектеген мұғалімді сотқа сүйреген ата-ана туралы ақпарат көп. Бұл тұрғыда қоғам пікірі әртүрлі. Мұғалімнің мәртебесімен қатар оның жауапкершілігі де болу қажет дейтіндер де, ата-анаға баласын артық әлпештегені үшін кінә артатындар да жетерлік.

– Қазір бала құқы мен әртүрлі заңдық норманы сауатсыз қолданатын ата-ана мен қоғам белсендісі көп. Қит етсе, мұғалімге қысым жасап, заңмен қорқыту әдетке айналғандай. Алайда мұның себебін ата-анадан емес, педагог деңгейінен іздеуді ұсынар едім. Олай дейтінім, 30 жылда білім беру бағыты «қалдық сала» деңгейінде, төмен мамандық қатарында қабылданды. Осы аралықта салада білім-білігі төмен кадрдың көп болуы өзін қорғай алмайтын қауымды қалыптастырды. Мұғалім мәртебесіне қатысты заң қабылданар сәтте педагогтің құқықтық артықшылығы болу керегін айтқан болатынбыз. Алайда ұсыныс қолдау таппады, – деді Аятжан Ахметжан.

Ал Өмір Шыныбекұлының пікірінше, мәселені шешу үшін ата-ананың жауапкершілігі өзекті. Ата-ана білім беру процесі кезінде мұғалімге кедергі келтірмеуі қажет. Баланы артық өбектеу оның тұлға болып қалыптасуына кері әсерін тигізуі ықтимал.

Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында осы мәселені көтеріп, ата-ана жауапкершілігі идеясын дамытуды ұсынды.

– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Білім беру саласында ілгерілеу де, іркілген іс те бар. Бастысы, реформа нәтижесінде кадр тапшылығын азайтып, білім сапасын жақсартуға қол жетті. Келешек бастамалардың сәтті жүзеге асуы үшін қоғамдық бақылауды бәсеңдетпеу маңызды болмақ.

Exit mobile version