ҰСТАЗ ҮНІ Заманауи мектеп жабдықтары болғанымен ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер…

Заманауи мектеп жабдықтары болғанымен ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер…

0

Биылғы Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің даму барысындағы өте өзекті мәселелерді мейлінше толығымен қамтыды. Әсіресе Мемлекет басшысының орта білім беру саласына да айрықша тоқталып өткені педагог ретінде менің көңіліме қонды.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін елімізде заманауи үлгідегі 217 мектеп салынып, пайдалануға берілетіні қуантты. Осы өзекті мәселе Үкімет пен жергілікті әкім­діктер белсене атсалысуға тиіс екені ерекше тапсырма ретінде қозғалып, депутаттар да ортақ істен шет қалмау керектігі айтылды.

Үкіметке жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керектігі тапсырылып, сонымен бірге еліміздегі 1 300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі жүктелді. «Үкі­мет әкімдермен бірге оны қар­жыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек», деген Президент білім сапасына айрықша мән берді.

Өйткені елімізде әлі күнге дейін үш ауысымда оқып жат­қан, жөн­деуді қажет ететін, ахуалы күр­делі білім ошақтары баршылық.

Қазіргі заманда оқушылардың, ауыл мектептері балаларының да заманға сай білім алуға толық құқығы бар. Кез келген оқушының білім алу құқығы шектелмеуі керек. Президент осы мәселелерге, әсіресе ауыл азаматтарының ең­бек­пен, жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік жағдайының көте­рілуіне, мектепке дейінгі жастағы балалардың мектепке қандай дайындықпен келетініне ерекше көңіл бөлді.

Мемлекет басшысы «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәр­биелеу арқылы еліміздің өр­кендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағ­дарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық» дегені көпшіліктің көңіліндегіні дөп бас­ты.

Қандай керемет бағдарлама болсын, қандай керемет соңғы үлгімен жабдықталған мектеп болсын, ондағы білім сапасындағы шешуші тұлға қашанда мұғалім болып қала бермек. Орта білім беру сапасы еліміздің келешегін айқындайды. Яғни оқушы 11 жылын мектепте өткізеді. Оның осы уақыт аралығында үлгі-өнеге алатын тұлғасы – ұстаз.

Жақында ғана бір зерттеуден оқушының мұғалімнен алған білімі, тәлімі оның мектептен кейінгі өмірінің жиырма жылына әсер ететінін оқып едім. Яғни түлектің келешек жиырма жылында болған өзгерістерге ұстаздың кезінде берген тәлім-тәрбиесі көп мәнге ие.

Президент қай маман болсын өзінің ісіне адал, жауапкер­шілікпен қызмет етуіне ерекше басымдық беруі керек екенін айтты. Сон­дықт­ан ұстаздар қауы­мына бұл жауапкершілік екі есе жүктеледі.

Мектептерде қазір «Біртұтас ұлт» тәрбие бағдарламасы жүр­гізіліп жатыр. Президент Ұлттық құ­рылтайда айтып өткен отаншыл­дық, жасампаздық, заң, тәртіп, кәсіпқойлық, еңбекқорлық құнды­лықтарының негізінде барлық мектепте ата-аналарды қолдайтын орталықтар құрылып, жан-жақты кешенді жүзеге асырылып келеді.

 

Баян БАЗАРҒАЛИЕВА,

Дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі

Exit mobile version