РЕДАКТОР БАҒАНЫ Білім саласындағы нәтижесіз жұмыс елдің дамуына қолдан жасалған кедергі

Білім саласындағы нәтижесіз жұмыс елдің дамуына қолдан жасалған кедергі

0

Жібекті жүн қылады түте алмаған,
Жігітті күң қылады күте алмаған, – дейтін мақал бар еді. Дәл мына «мақсатты мектеп» жобасы мен оның айналасындағы шуды көріп отырып осы сөз ойыма келе береді. Қор болған мақсаттар ай, әлін білмейтін шенділер-ай.

Білім сапасы. Иә, ішкі сыртқы қандай зерттеуге қарасақ та біздің елдің білім сапасы көңіл көншітпейді. Білім сапасы жалған көрсеткіш қуған мектептер мен білім басқармаларының күнделік.кз-те көрсеткен жалған %-дары емес. Білім сапасы шынымен трагедия.

Басқасын айтпағанда 2-3 зерттеудің нәтижесіне қарайық;
– Дүние жүзі даму банкі еліміздегі адами капиталдың сапасы туралы зерттегенде, еліміздегі балалардың 1 %-ы ғана сапалы білім алады деп тұжырымдайды.
– PISA-2022 зерттеуіне қатысқан 81 елдің ішінде оқу сауаттылығы бойынша 61 –інші орында. (Бұның өзінде емтихан тазалығына күмәнмен қараймын.)
– ҰБТ нәтижесі бойынша елімізде орташа балл 68 балл. ҰБТ жалпы балы 140 екенін ескерсек орташа балдың 50% -ға да жетпеуі білім сапасының көрсеткіші қандай деңгейде екенін көрсетеді. (Бұл нәтиженің өзіне қаншама баланың орталық жағалап, қосымша курсқа барып жүріп жетеді.)

Дәл осы тұрғыдан алғанда ауруын жасырғанның өлімі әшкере деген анық. Біз білім сапамыздың шынайы төмен екенін ашық мойындап, оны дұрыстауға жұмыс жасамасақ, түбі жақсылыққа апармайтыны анық.

Білімі төмен елде қылмыс көп болады. Білімі төмен жерде әлімжеттік те көп болады, бұзақылық та көп болады. Бүгінгі заманда көрініс тауып жатқан оқиғалар да соның айқын көрінісі.

Дәл осындай ауыр мәселенің бар екенін бүгін үкімет те сезді, президент те сезді деп ойлаймын. Жоғарыдан білім сапасын арттырыңдар, орта білімнің мынау сапасы масқара деп жоғарыдан пәрмен түскен сыңайлы.

Өкінішке, сол пәрмен берген үкімет қазіргі оқу-ағарту министрлігінің бұған шамасы мүлде жетпейтінін ойламады.

Ал, оқу-ағартудың істің жүйесін білмейтін, заңды, құқықтық норманы білмейтін командасы білім сапасын көтеру мақсатын социалистік жарысқа айналдырды да, «мақсатты мектептің» мақсаттарының быт-шытын шығарды.

Өздері бекіткен норманың заңды, заңсыз екенін де білмеді. Заңға негіздемей бекітіп алды да, енді сасқан үйрек боп артымен жүзіп отыр. Өздерінің осы жобадағы мақсаттарынан да адасып қалды-ау шамасы. Жобаның айналасындағы құқықтық сұрақтарды бұған дейін біраз әріптестерім талдапты. Оған соқпай ақ қояйын. Мен күліп отырмын шыны керек.

  1. «Мақсатты мектепке» енген мұғалімдерге курс оқытты. Ол курстың мақсатын да түсіндірмеді де, оқу керек деп ала шапқын болды. Онлайн курстарының да өнімділігін ойлағандары шамалы.
  2. Курстан соң тест алынады. Тестен өтпесе шара көреміз деді. Шу еткен дауыс шыққанда өздерінің заңсыздығын сезе қойды да, тестен өтпесе де жұмыстан шығармаймыз деп жауырды жаба тоқыды.

Тест жексенбі екен, жұмыс күні емес заңсыз деп еді, тестке бармаған мұғалімге қысым жасалмайды деп тағы бұлтаң етті.

Нәтижесіне сұрау болмайтын, қатыспаса да ерікті болатын тестті өткізуге бюджеттен ақша бөліп отыру қаншалық күлкілі һәм бейшаралық еді.

«Мақсатты мектеп» жобасының әу бастағы білім сапасын көтеруге бағытталған мақсаты дұрыс еді. Бірақ, бірақ…

Жібекті түте алмағандар жүн етті ғой, қайтейін…

Білім сапасы төмен бе, төмен.

Бірінші, оны қалай дұрыстаймыз, -деп нақты зерттеу жасау керек. Сарапшы, зерттеуші тәжірибелі мамандармен нақты кеңесіп жобаны жасау керек.

Екінші, ол жобаны заңдық тұрғыда құжаттармен заңдастыру керек. (Құқықтық ел боламыз десек, бірінші заңдық тұрғыда бекітіліп, сосын барып басталуы міндетті!)

Үшінші, атқару механизімін шаш ал десе бас алатын әпербақандықа, жүз қойдан жүз сексен қозы алатын социалистік жарысқа салмай дұрыстап ұйымдастыру керек.

Өкінішке, қазіргі министрден де, министрдің командасында да ондай деңгей жоқ. Жоқ, екені бір айдан бергі шуға да, жұмысқа да есі дұрыс жауап бере алмай отырғанынан айқын көрінеді.

Енді дәл осындай масқара болудан кейін егер ұяты болса қазіргі оқу-ағарту министрі, білім сапасына тіке жауапты бірінші орынбасары, Орта білім комитеті төрағасы, Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы бәрі командаларын жетектеп, чемодандарын көтеріп толық құрамда отставкаға кетуі керек деп ойлаймын. Ұяттары болса әрине.

Себебі, білім саласы елдің ең маңызды саласы. Ол жердегі бүгінгі нәтижесіз жұмысы елдің алдағы 10-20 жылындағы дамуына қолдан жасалған кедергі. Адами капиталдың сапасы ол елдің болашағының сапасы. Оны қамтамсыз ете алмаса, өз еріктерімен кеткені дұрыс.

Айтпақшы, президентке 1200-ден астам мұғалім қол қойып ашық хат жолдапты. Әрине мынадай масқаралықтан кейін есі дұрыс адам кетуін талап етеді.

Кетесіздер ме, құрметті оқу-ағарту министрі һәм командасы? Жолдарыңыз болсын!

 

Аятжан Ахметжанұлы

QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы

 

Exit mobile version