ЖАҢАЛЫҚТАР Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада басталды

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада басталды

0

Ауыл мектептерінің 9-11 (12) сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық олимпиада басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл олимпиада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған және өткен оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту жөніндегі тапсырмасы аясында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Биылғы республикалық білім сайысына өңірлік кезеңдерде жеңімпаз атанған 1000-ға жуық оқушы қатысады. Олар жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 6 пән (26-30 қараша аралығында) және қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 7 пән (10-14 желтоқсан аралығында) бойынша білім сынайды.

Ауыл мектептерінің оқушыларына қолдау көрсету, оларға жоғары білім сайыстарында өз мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік беру, сондай-ақ дарынды балаларды анықтау мақсатында бұл олимпиада соңғы екі жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ауыл мектептерінің республикалық олимпиадасының мектепішілік кезеңіне 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық деңгейге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы білімдерін шыңдады, ал 1000-ға жуық оқушы іріктелді. Олардың 486-сы жаратылыстану-математикалық бағытта, 450-і қоғамдық-гуманитарлық бағытта қатысады, – дейді «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылардың жалпы санының 45%-ы жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанып, олар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар беріледі. Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталады.

Республикалық олимпиадаға қатысушылардың барлығы «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданып, интеллектуалды жарыстарға дайындық жүргізеді. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылы өтетін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысуға мүмкіндік алады.

Exit mobile version