ЖАҢАЛЫҚТАР Білім беру саласындағы жемқорлықпен күрес және оның нәтижелері

Білім беру саласындағы жемқорлықпен күрес және оның нәтижелері

0

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап еліміздің бірқатар аймақтарында 92 мың оқушы орнына арналған 82 мектептің құрылысы қаржыландырылғаны хабарланды, деп мәлімдеді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған бұл қор жемқорлардан тәркіленген қаражат арқылы толықтырылып келеді. Мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа білім беру ұйымдарын салу, бұрынғы мектептерді жаңғырту және қосымша ғимараттар тұрғызу жұмыстары жүргізілуде.

«Мемлекет балалар үшін қолайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құруға ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда 70 мың оқушыға арналған 55 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 7 мектеп іске қосылады», — деп атап өтті Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтов.

2024 жылдың басынан бастап 18 жаңа мектеп салынды. Бұл білім беру мекемелерінің көпшілігі Астана қаласы мен Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан. Жаңа мектептерде оқушылар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып, олардың құрылысы 9 білім беру ұйымындағы, оның ішінде 6 үш ауысымды, 2 апатты және 1 ескі мектептегі орын тапшылығын шешуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, мемлекетке қайтарылған 2 миллиард теңгеге Атырау қаласында жаңа мектеп салынатыны туралы хабарланған болатын.

Exit mobile version