Елімізде әлі де орта білім беретін мектептерде оқушыларға орын жетпейді, көптеген сыныпта 30-дан аса бала білім алады. Бұған ата-аналар да алаңдап, білім сапасына қатысты мәселе көтереді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында ұлт сапасын жақсартып, кадрлық әлеуетті арттыруда орта білім жүйесі өте маңызды рөл атқаратынын үнемі айтады. Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес кейінгі 5 жыл ішінде білім саласында бәсекелестік орта қалыптастыру, бюджетке түсетін жүктемені төмендету және оқушы орындарының тапшылығын азайтуда жеке инвесторлардың қаржысына салынған мектептердің үлесі біршама арта түсті.
Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында 700-ден аса жекеменшік мектепте 250 мыңнан аса бала немесе республикадағы оқушылардың 7 пайызы білім алатынын атап өтті.
Орта білім беру жүйесі мемлекеттік және жекеменшік мектептер арқылы жүзеге асады. Мәселен, жекеменшік мектептер іс жүзінде 3-ке бөлінеді. Біріншісі – мегаполистерде орналасқан бірыңғай ақылы мектептер желісі («Haileybury», «Мирас», т.б), олардағы оқу құны 2,5 млн-нан 15 млн теңгеге дейін құрайды. Екінші – білім бергені үшін ата-аналардан ақы алумен қатар мемлекеттен жан басына шаққандағы нормативпен субсидия алатын мектептер. Үшіншісі – балаларды оқытқаны үшін ата-аналардан ақы алмайтын, тек Оқу-ағарту министрлігі арқылы жан басына шаққандағы бөлінетін қаржымен ғана күн көретін білім ордалары. Бірақ қоғамда жекеменшік мектеп дегенде, олардың бәрі де ата-аналардан балаларын оқытқаны үшін «сүбелі» ақы алумен бірге мемлекеттен субсидия алып, бизнесін дамытып жатқандар деген ұғым қалыптасқан секілді. Алайда бұл ұғым үшінші типтегі жекеменшік мектептерге тән емес.
Конституцияда «Білім туралы» заңда мемлекеттік меншік пен жекеменшік бірдей қорғалып, азаматтарға тегін мемлекеттік стандартпен жалпы орта білім берілетіні кепілдендірілген. Бірақ осы кепілдіктің бірқатары балалардың оқуы үшін ешқандай төлемақы алмайтын жекеменшік мектептерде орындалмай отыр.
Сол себепті біздің мектебіміз ата-аналардың мүмкіндігіне сай, олардан балаларының оқуы үшін ешқандай ақы алмайды, мемлекеттік тапсырыс аясында, мемлекеттік стандартпен білім береді. Биыл алғаш рет 11-сыныпты 16 оқушы аяқтап, оның 13-і жоғары оқу орнының грант иесі атанды.
Мектептің қаржыландырылуы министрліктің Қаржы орталығы бекіткен жан басына шаққандағы нормативпен бөлінетін қаражатпен ғана атқарылып отыр. Осы орталықтың бекіткен қаржыландыру тәртібі мен алгоритмі бойынша жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру сомасы: айлық жалақы төлеу, оқу шығындары, мектеп жиhазын алу, ғимараттарды ұстау, күрделі жөндеу мен негізгі қорларды алу, коммуналдық қызметтер мен интернет және олимпиада шығынын өтеуге ғана бөлінген. Ал мемлекеттік мектептерде мұның сыртында арнайы есеппен жергілікті бюджеттен қосымша: педагогтердің біліктілігіне, магистр атағына үстемеақы, жалпы білім беру қоры (шығыс сметасының кемінде 2 %-ы), оқушыларды тамақтандыру, іс-сапар, мекемеге газет-журналдарға жазылу және жанар-жағармай алу шығындары қаржыландырылады.
Сонымен қатар мемлекеттік білім ордасында арнайы бағдарламамен оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдар алу қаржыландырылса, бұл тізімге де жекеменшік мектептер енбеген. Ал «Білім туралы» заңда меншік түріне қарамастан, оқулықтар сатып алу және жеткізу облыстың атқарушы органдарына жүктелген. Бірақ бұл талап орындалмай отыр. Заңның осы талабын іске асыру жөніндегі ұсынысымызға министрлік республиканың 20 өңірінің үшеуінің жергілікті бюджеттен осы шараларды қаржыландыруға келісім бермеуінің себебінен деген сылтауды желеу етіп, осы мәселені реттейтін қолданыстағы бұйрыққа өзгеріс енгізілмей отыр.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылы 26 қарашадағы №2 Жарлығымен бекітілген ел Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында қарастырылған меншік түріне қарамастан, барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету талабы тиесілі қаржы бөлінбегендіктен бізде орындалмай отыр. Ал барлық мемлекеттік мектепте бұл талап былтырдан бастап жүзеге асқан. Яғни балалардың құқы бұзылып, теңсіздікке жол беріліп отыр. Осындай жағдай ата-анасынан ақы алмайтын Қызылорда қаласының №6 мектебіндегі оқушыларға да тән екенін айтқым келеді.
Ата-аналардан төлем алмайтын жекеменшік мектептердегі аталған теңсіздікті біріздендіріп, азаматтардың конституциялық құқықтарын қалпына келтіруді сұрап, кейінгі 3 жыл бойы бірнеше рет министрлікке және жергілікті атқарушы билікке айтқан өтініштерге бір сарындағы жауап аламыз. Онда қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізіліп, содан соң нормативтік актілер реттеледі дейді. Бірақ биыл «Білім туралы» заңға 2 рет (23 ақпан және 6 мамырда) өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенімен, мемлекеттік және жекеменшік мектептерді қаржыландырудағы аталған теңсіздіктерді жою бағытындағы өзгерістер қарастырылмады.
Қорытып айтқанда, бір ел балаларына конституциялық кепілдіктер берудегі екі түрлі көзқарасты бірқалыпқа келтіру қашанға дейін сағыздай созылады. Осы мәселе бойынша тәртіп орнататын уақыт жеткен секілді.
Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,
«Ұлағат» білім ордасы жекеменшік мектебінің құрылтайшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері